«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСТІҢ АДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халыққа сөзбен емес, іспен көмектесу керек. Бұл сөздер облыстық мәслихаттың депутаты, “Құрмет” орденінің иегері Дәуіт Құдияровтың өмірлік ұстанымына сай келеді. Содан да шығар, ол азаматқа деген Горький ауылы тұрғындарының ықыласы ерекше.

Әдетте ауыл тұрғындары өздерін мазалаған мәселелер, арыз-талаптарын айтып, әкімдерге хат жазып, кейін өздері жіберген хатқа апталап, айлап жауап күтетіні бар. Кейде мәселенің күрмеуі шешілмеген күйі қалып қоятын кездер жиі кездесіп жатады. Ал Новосел ауылдық округінің тұрғындары алысқа бармай-ақ, бірден арқасүйер азамат Дәуіт Рамазанұлына мән-жайды түсіндіреді. Толыққанды жауап алып, үйлеріне риза күйде қайтады. Міне, нағыз жанашыр жан, халық қалаулысы осындай болуы тиіс.

Дәуіт Рамазанұлы 1957 жылы 1 қарашада қазіргі Ақжар ауданына қарасты Ленинград ауылында дүниеге келген. Көкшетау университетін экономист мамандығы бойынша тамамдаған. Бүгінде екі баланың әкесі. Еңбек жолын 1975 жылы орта мектепті бітіре сала қазіргі өзі шаруашылығын дөңгелетіп отырған ауылда қарапайым жұмысшыдан бастаған. 1984-2000 жылдар аралығында ауысым шебері, учаске бастығы, Горький астық қабылдау бекеті директорының орынбасары қызметтерін атқарып, 2000-2003 жылдары аталған шаруашылыққа басшылық жасады. 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін “Ақниет Ақжар” ЖШС-нің директоры болып қызмет атқарып келеді.

Дәуіт Рамазанұлы басқаратын шаруашылық жыл сайын күзгі орақ науқанында жоғары сапалы өнімге қол жеткізіп, тапқан пайдасы есебінен ауылдағы зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға жылына бірнеше рет материалдық көмек көрсетіп тұрады. Ауылдағы орта мектепте өтетін әрбір шараға белсене қатысып, жыл сайын “Мектепке жол” акциясы кезінде тұрмысы төмен отбасынан шыққан он шақты оқушыны киіндіруді өз мойнына алған. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында, одан тыс уақытта да жалғызбасты зейнеткерлерді қысқы отын-шөппен қамтамасыз етіп, ауылдағы барлық ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелерді шақырып, мерекелік дастарқан жаю және оларға азық-түлік пакетін үлестіріп беруді міндетіне алған.

Одан қалды ауылдағы әлеуметтік-мәдени, спорттық іс-шаралардың ешбірі де оның көмегінсіз өтпейді. Дәуіт Құдияров Ақжар ауданында алғашқылардың бірі болып, өзі басқаратын шаруашылықтың қаржысына Горький ауылында хоккей қорапшасын орнатты. Одан кейін, 2012 жылы барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған жазғы стадион салып беріп, ауыл жастарын қуанышқа кенелткен еді.

Горький ауылы облыстық маңызға ие Қазгородок-Горьковское тасжолының бойында орналасқан. Және аудан орталығынан ең шалғай ауыл болып саналады. Бірақ та ауыл тұрғындары қыстың қақаған аязы мен көктемгі лайсаңда бір күн де жолсыз қалған емес. Жолды қардан аршу ісіне аудандық жолаушылар тасымалы және автомомбиль жолдары бөлімінің де басы көп ауырмайды. Себебі, ауыл қамқоршысы Дәуіт Рамазанұлы қысқы мерзімге жеткілікті жанар-жағармайымен екі бірдей қуатты “К-700” тракторын дайындап қояды, бұл екі механизатор қыс бойы тұрақты жұмыспен қамтылады деген сөз.

Ешкімге міндетсімей-ақ туған ауылының түтінінің түзу ұшуына қолғабыс етіп жүрген Дәуіт Рамазанұлының еңбегі жоғары бағаланып, “Құрмет” орденімен және бірнеше мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. “Нұр Отан” партиясының белсенді мүшесі ретінде өзі басқаратын серіктестікте бастауыш ұйымын құрғанын да айта кетпеске болмас.

Өзінің іскерлік қарым-қабілетінің, ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін көтерілген, 42 жыл еңбек жолын бір ауылға арнаған азаматты жерлестері мақтан тұтады. Кезінде бірге жұмыс істеген жолдастары мен басшылық қызметтер атқарған әріптестерінің көбі бүгінде ауылдарын тастап, қалаға көшіп кеткен. Ал Дәуіт Құдияров жерлестерімен бірге ауыл өмірінің қиындығына шыдап, қызығына қуанып отыр, атақонысын тастап ешқайда қоныс аудармақ емес. Ауылдықтар бірауыздан: “Осындай басшымыз барда біз ешқайда да көшпейміз”, – дейді.

Айбек ХОРШАТ,

 

Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp