«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРА ЖОЛДА ҮЗІЛГЕН ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің” деп осыдан үш ғасыр бұрын Майқы би айтқандай, талай адамның арманы қара жолда үзілді. Жыл басынан бері өңірімізде 150 жол-көлік оқиғасы орын алып, 33 адам қайтыс болыпты.

Өлім-жітім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16 пайызға аз болғанымен, тәртіп сақшылары бұл статистиканы одан әрі төмендету үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп, түрлі шаралар өткізуде. Петропавлда жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында өткізілген автошеру – соның бір дәлелі. Спорт сарайы маңынан бастау алған акцияға 40-тан астам көлік жүргізушісі қатысты.

– Жүргізушілердің жылдамдық режімін сақтамауы, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетуі, бағдаршамның қызыл түсін байқамауы қайғылы жағдаймен аяқталады. Біз осы шара арқылы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жалпыға ортақ ережелерді сақтауға шақырамыз. Әсіресе, қазіргі ауа райы жағдайында бұл аса маңызды, – деді облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Автошеруде жол-көлік оқиғасы кезінде қираған көліктер көрсетілді. Бұл “темір тұлпарлар” тұрғындарды қорқыту үшін емес, бейнет пен ажалдың қас пен көздің арасында екенін түсіндіру мақсатында қойылды.

Облыс орталығының бірқатар көшелерін аралаған автошеру қатысушылары апаттан опат болғандарды еске алып, аспанға 33 шар ұшырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

 

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp