Қазақстан Республикасының “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Қоғамдық кеңестің қызметі мен өкілеттілігін арттыру қарастырылған жаңа заң жобасы Достық үйінде өткен кезекті отырыста талқыланды.
Облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың байланысын нығайту үшін 113 қоғамдық келісім кеңесі құрылған. Этносаралық қатынасты нығайту және өзге де мәселелерді шешуге бағытталған кеңестің құрамына бірлестік мүшелерімен қатар, қаланың белсенді азаматтары да кіреді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтың айтуынша, заң жобасында ассамблеяға қоғамдық бақылау құқығын беру қарастырылған.
Бүгінде осындай кеңестер облыстың үздік кәсіпорындарда да ашылуда. Мәселен, “Қызылжар су” серіктестігінде бір жарым жыл бұрын ашылған кеңес бүгінге дейін сегіз отырыс өткізіп, қызметкерлерді толғандырған көптеген мәселелерді талқылаған. Кеңестің мүшесі Бауыржан Тәжиннің айтуынша, кәсіпорындағы 800-ден астам қызметкердің дені жастар болғандықтан, оларды мазалаған жеке, әлеуметтік мәселелерді шешуде кеңес мүшелері қолдан келген көмектерін көрсетеді екен.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.