«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕКЗАТ ӨНЕР Өңірімізде атадан қалған асыл кәсіп – зергерліктің дамуы жайлы бір үзік сыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шеберхана. Жұмысқа қажетті құрал-сайманнан басқа дүниені көзің шалмайды. Әнебір жерде бір-екі станок тұр. Екі үстелдің басына екі адам жайғасқан. Түрлері де бір-бірінен аумайды. Шамасы, әкелі-балалы болуы керек.

Ол екеуінің күні бойы айналысатын шаруасы – сақина, сырға, білезік соғу. Оларды қалпына келтіреді немесе тазалайды.

Шеберлердің қолынан шыққан небір әшекей бұйымдар шынымен көздің жауын алады. “Қыздың көзі қызылда” демекші, мен қызыға қараған күмістен жасалған сақинаның үстіне алтын жалатылған екен. Шеберлер жасаған тамаша дүниелер мұнда аз емес. Атадан балаға мирас болып қалған атакәсіптері осы. Зергерлік өнер – олардың табысы, табысы ғана емес, сүйікті ісі.

Қолөнердің ежелгі түріне жататын зергерлік өнерге, ең алдымен, табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, бұл – атадан балаға, ұстаздан шәкіртке берілетін қастерлі кәсіп. Қазақтың зергерлік өнерінің түп-тамыры әріден бастау алады. Сан жылдар өтсе де, бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай жеткен қолөнер түрінің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. “Зердің жайын зер соққан зергер білер” дейтін қазақ қашанда қолөнер шеберлеріне құрметпен қараған. Алайда халықтың дәстүрлі дүниетанымынан, тарихи болмыс-бітімінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін зергерлік өнердің бүгінгі беталысы қалай? Мыңның біріне ғана даритын төл өнердің тынысы мен қазақ зергерлерінің жай-күйі қандай?

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметіне жүгінер болсақ, өңірде әшекей бұйымдарды жасау, сатумен айналысатын 136 кәсіпорын тіркелген. Алайда оның қаншасы нақты зергерлікпен айналысатыны белгісіз. Ал зергерлік өнер біздің өңірде қай кезеңде кең етек жайғаны туралы нақты дерек болмаса да, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 1882 жылы дүниеге келген зергер Айтбай Ізтөлиннің құндақтағы көзілдірігі, оттығы мен металл өңдеуге арналған құралдары, күміспен әшекейленген белдіктері, қобдишасы сақтаулы. Этнографиялық экспедиция барысында Шал ақын ауданының Кеңес ауылының тұрғындары мұражайға тапсырған екен. Сондай-ақ, К.Смағұлов есімді зергердің де бұйымды өңдеуге арналған құрал-саймандар салатын жәшігі мұражайда тұр. Өзге де шеберлердің қолынан шыққан күміспен әшекейленген ертоқым, белдік, қамшы, құйысқан, торсық пен сәндік бұйымдардың ішінде шолпы, сырға, алқа, жүзік, түйреуіш, қапсырма, білезік сияқты тамаша бұйымдар бар. Бірақ мұражайға тапсырылған уақытта шеберлердің аты-жөндері белгісіз себептермен жазылмай қалған.

Мұндағы жәдігерлер ХVIII ғасырдың соңы мен XIX, XX ғасырларда жасалған. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғалия Балтабаеваның айтуынша, ең көнесі он сегізінші ғасырдың соңында жасалған күміспен әшекейленген ертоқым. Ақық сияқты асыл тастар салынып әшекейленген ширатпалы нәзік белдіктер, білезіктер, сақина, жүзіктер біздің өңірде де шебер зергерлердің көп болғандығын аңғартып тұрғандай.

Тамыры тереңнен бастау алатын зергерлік өнерге халқымыз әрқашан құрметпен қарайтынын білсек те, бүгінгі ұрпақ оны аса керек етпейтін сыңайлы. Мыңның бірі ғана болмаса, көбі бұл өнердің қасиетін естен шығарып алғандай. Жас ұрпақтың санасында зергерлік өнер ұмыт қалғаны, әрине, өкінішті. Осынау қолданбалы өнерді ортаңқол жұмыс деп санайтындар да арамызда баршылық. Жастардың қызығушылығы, меңгеруге деген құлшыныс та аз. Оның да өзіндік себебі болуы мүмкін. Мектеп қабырғасында бұл өнерге баулитын, тіпті, кәсіптік, жоғары оқу орындарында арнайы зергерлік, ұсталық курстар ашылса, жастардың көзқарасы басқаша болар ма еді?

Зергерлік таза қол еңбегін қажет етеді. Дайынға үйір болып алдық. Алтынмен апталып, күміспен күптелген көздің жауын алатын бұйымдар шекара асып келіп жатыр. Өзгенің қалтасын қампайтып жатқанымызды ешкім де есіне алар емес. Өзіміздің елімізде, өз жерімізде ұсталардың қолынан шыққан бұйымдар шетелдікінен асып түспесе, кем емес. Демек, жергілікті зергерлерге барынша қолдау білдіріп, демесек, ұлттық бренд шетелдік деңгейде болар еді ғой. Ол үшін әуелі арнайы орталықтар ашып, қолынан іс келетін жастарды өнерге баулуды қолға алғанымыз абзал. Сан жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің арқасында жастарға жөн сілтеп, білгенін үйретіп, қазақтың ұлттық өнерін ұғындыратын ұстаз да табылары анық.

Қазақ әрқашан ұста, зергерді қадір тұтқан. Зергерлердің қолынан шыққан дүниелердің қадірін түсінетіндер қазір де жоқ дей алмаймыз. Петропавл қаласындағы орталық базардың өзінде бірнеше шеберхана жұмыс істейді. Бауыржан Қожахметтің “Филигрань” шеберханасы – соның бірі. Зергердің бұйымдары тұрғындар арасында сұранысқа ие. Қазіргі таңда бір шәкірті бар. Шіркін, осындай ұлттық өнерді дәріптеуді місе тұтқан жастардың қатары көп болса ғой. Қандай бұйым жасаса да сапаға мән беретін ол зергерлік өнерді өздігінен меңгерген. 2002 жылдан бері осы кәсіппен айналысуда. Арнайы білімі жоқ. Алайда Мәскеуде өткен зергерлік өнер курстарына қатысып, тәжірибе жинақтаған. Алтын, күмістен жасалған әшекейлерді түрлі тастармен безендіруді шебер меңгерген. Бағалы металдармен ғана жұмыс істейтін зергер келушілердің көңілінен шығу үшін барын салады. Ұлттық өнердің өркендеуіне өзінің үлесін қосып отырған Бауыржан қазақтың әшекей бұйымдарын облыс, республика аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де шығаруды көздейді.

Зергерлердің айтуынша, қазір қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары үлкен сұранысқа ие. Бәсекелестік орта да қалыптасқан. Бауыржан Алтайұлы облыс аудандарын айтпағанда, Петропавл қаласының өзінде жиырмадан астам зергерлік шеберхана бар екенін айтады. Сондықтан өмірдің заңына бағынып, бәсекелестікке төтеп беру үшін демалыс күндері де жұмыс істеуге тура келеді. Күн сайынғы табатын табысы да әртүрлі. Шикізатты тұтынушылардың өздері әкеледі, болмаса ломбардтардан арзанырақ бағаға сатып алады.

Жоғарыда айтып өткен әкелі-балалы шеберлер Сайлау мен Рүстем Сатыбалдиндер “Северный” тұрмыстық үйінің ішіндегі шағын шеберханада ертелі-кеш жұмыс істейді. 1983 жылдан бері зергерлікпен айналысатын Сайлау Сатыбалдин – Есіл ауданының тумасы. 69 жастағы азамат өзінің білгенін екі ұлына үйретіп, оларды да осы өнерге баулыған. Бүгінде ұлы Рүстем әкесімен бірге шеберханада жұмыс істесе, тұңғышы Руслан да арагідік көмегін тигізеді.

– Бұл өнер маған жетінші атамнан дарыған. Қолөнермен айналысып жүргеніме отыз жылдан асты. Әрине, басында қиын болды. Шеберлік те жетіспеді. Өзімнің қызығушылығымның арқасында қазақтың ұлттық өнеріне ден қойдым. Отбасымызбен осы кәсіпті дөңгелетудеміз, – деді Сайлау Әбуұлы. Оның айтуынша, алтынға қарағанда күміспен жұмыс істеу әлдеқайда қиын. Облыс орталығындағы зергерлермен өзара әріптестік байланыс орнаған. Бір терінің пұшпағын бірге илеген зергерлер тәжірибе алмасуды ешқашан естен шығарған емес.

Қазақ әйелдері ертеден-ақ мойындарына алқа, құлақтарына сырға, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік, шаш­та­ры­на шолпы таққан. Ал қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлері – сақина, жүзік, білезік. Сұраныс та ерекше. Өйткені, қазақтың әрбір тойы кәде-сыйсыз, жөн-жоралғысыз өтпеген. Той жабдығы үшін ұлттық нақыштағы әшекейлерге тапсырыс көп түсетін көрінеді. Өз сөзінде ол зергерлік өнерге әсемдік бұйымдар мен ыдыс-аяқ жасау, қару-жарақ пен ат әбзелдерін әшекейлеу де жататынын айтты. Зергерлік өнерде шыңдау, құйма, тегістеу, біліктеу, бастырма, оймыштау, нақыштау, сымкәптеу (филигрань), жылтырату және тағы басқа тәсілдер қолданылады екен. Бұйымдарды жасау тәсіліне байланысты бағасы да әртүрлі. Бастысы, қолжетімді.

Қазір тың технологияның заманы. Қолөнер саласында да озық технологиялар қолданылады. Дегенмен, Сатыбалдиндер үшін шеберхананы жаңа құрал-саймандармен жабдықтау мүмкін болмай отыр. Өйткені, жұмыс орнын жалға алған. Қаражат тапшылығы тағы бар.

Қазір күміс пен алтыннан түрлі бұйымдарға тапсырыс берушілер көбейген. Әсіресе, күмістен жасалған әшекейлер қайта жаңғырып, сәнге айналуда. Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар бренд болуға әбден лайық. Кейбіреуі сәндік үшін ғана тағатын білезік, сақина, сырғаларда да өзіндік мән-мағына барын есте ұстаған жөн. Бұл орайда күмістің қасиетін де айта кету артық болмас. “Алтын сәнге, күміс емге” демекші, қазақ халқы ежелден күміске ерекше мән берген. Күмістің адам ағзасына пайдасы бар деп сенген. Күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салынған суда шомылдырған. Күмістің емдік қасиеті медицинада да толықтай дәлелденген. Ал сақина тағудың сыры да көп, әйелдер үшін сауабы да мол екенін көбіміз біле бермейміз. Мәселен, Тайынша ауданының тумасы Әсем Құлжанова тек қана таза күмістен жасалған әшекейді тағады. Оның өзіндік себебін сұрағанымызда, бұл анасының өтініші екенін жеткізді. Өйткені, қазақтың ұғымында күміс тазалықтың, адалдықтың белгісі.

– Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарқанға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуы тиіс. Сақина сәнге емес, тазалыққа таразы, – дейді ол. Күмістен жасалған әшекейлерді жинау әдетке айналған. Тіпті, арнайы тапсырыспен сатып алған көптеген бұйымдары бар. Тағы бір айта кетерлігі – сырға, сақиналары қолдан соғылған. Яғни, таза күмістен жасалған. Ол сақинаға байланысты қазақ халқында көптеген атаулардың қалыптасқанын айтты. Мәселен, ақық, алтын, балдақ, моншақты, құсмұрын, сіркелі, тасты сақина деп бірнеше түрге бөлінеді. Сондықтан зергерлік өнерді ерекше бағалайды әрі қолөнер шеберлерін әрқашан құрмет тұтады.

Әр саланың өз қиындығы болатыны секілді зергерлік өнерде де өзіндік мәселелер жетіп артылады. Жоғары оқу орындарында түрлі металдардан әшекей бұйымдар жасайтын мамандар даярланбайды. Сондықтан көбісі бұл кәсіпті өз бетінше үйренген. Жұмыс барысында бірқатар зергерлермен сөйлесіп, мұң-мұқтаждарын естігенімде бекзат өнердің тынысы тарылып отырғанын аңғардым. Өнер жанашырлары болғанымен, зергерлікті, ұсталықты дәріптейтін демеуші аз. Тағы бір айта кетерлігі, 31 қаңтар – халықаралық зергерлер күні. Шындығын айтсақ, бұл күнге назар аударып жатқан адам жоқ. Тіпті, көбіміз бұл күннен хабарсызбыз. Жылына бір келетін атаулы күнде шеберлердің еселі еңбегін елеп, дәстүрлі шара өткізіп, зергерлерді елге таныстырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтың ұлттық өнерін осылайша дәріптеп, дәстүр сабақтастығы жалғасын тапса деген тілек бар.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Сайлау мен Рүстем Сатыбалдиндер.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp