М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы бойынша техникалық университетінің өкілдері келді. Кездесу барысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аспанасты елінің жоғары оқу орнына қарасты агрономия колледжі арасында меморандумға қол қойылды.
Солтүстік-Батыс техникалық университеті ауыл шаруашылығы бағытындағы барлық пәндерді оқытатын Қытайдағы жалғыз білім беру мекемесі болып табылады. Қазіргі таңда жоғары оқу орнының жанында 23 колледж бен Жоғары мектеп жұмыс істейді.
Қытайдың Солтүстік-Батыс техникалық университетінің агрономия колледжінің директоры Шан Вэйсин жоғары оқу орнының тарихымен қысқаша таныстырып өтті. Оның айтуынша, оқу орны түрлі бағытта, әсіресе, ауыл және орман шаруашылығы мамандарын даярлауға ерекше назар аударады. Көптеген Еуропа елдерімен ынтымақтастық қарым-қатынастағы қытайлықтар енді аграрлық өңір ретінде Солтүстік Қазақстан облысымен де байланыс орнатуға мүдделі.
Бұл қадамға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы да қызығушылық танытты. Іскерлік байланыс студенттер арасындағы академиялық алмасуды ғана көздеп қоймай, оған оқытушылар да қатыса алатын болады. Халықаралық ынтымақтастық ауқымын кеңейтіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті негізінде ғылыми-зерттеу зертханасын құру көзделіп отыр. Сөйтіп, қытайлық ғалымдар, тіпті, су тапшылығын сезініп отырған жерлердің өзінде көкөніс, дәнді және майлы дақылдардың өнімділігін арттыру жөніндегі өз тәжірибелерімен бөліспек.
Кездесу Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының қатысуымен ауыл шаруашылығы кафедрасында жалғасып, қонақтар университеттің жетістіктерімен танысты. Бүгінгі таңда екі елдің жоғары оқу орындары арасында бірлескен ғылыми зерттеудің тақырыбы айқындалып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер іріктелді.
Қытайлық делегация майлы дақылдарды өңдейтін “Тайынша май” зауытында да болды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.