«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАЙ ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан бірнеше жыл бұрын қаламызды тұрмыстық қатты қалдықтардан арылту мәселесі өзекті болған еді. Әр жерде үйіліп жататын қоқыстарды көргенде қаламыздың тұрмыс-тіршілігіне нұқсан келтіріп тұрған осынау келеңсіз жайттан қашан арыламыз деп ойға қалатынбыз. Бұл жөнінде қалалық әкімдікке тұрғындардың тарапынан шағымдар жиі түсіп жататын. Осы мәселе қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерінде де сан мәрте көтерілді. Нәтижесінде тұрғындарды титықтатқан, келеңсіздік тудырып отырған кемшілікті жою шындап қолға алынды.

Ендігі кезекте қызылжарлықтарды қоғамдық көлікте орын алып жатқан келеңсіз жайттар алаңдатады. Жуырда №2 қалалық емхана жақтағы, Алматы және Астана көшелерінің қиылысындағы аялдамаға келдім. Ойым №2 бағыт бойынша жүретін автобусқа отырып, Мир көшесіне жету болатын. Күн салқын, оның үстіне жел өңменіңнен өтеді. Аялдама да оңып тұрған жоқ, асты да ашық, үстіңгі жағы да аңғал-саңғал. Осылай сарылып күтіп тұрғанда арада жарты сағат өтті. Сол аралықта осы аялдаманы басып №19, 23, 25 бағытындағы автобустар төрт-бес реттен өтті. Көп уақыт кешігіп келген автобус жүргізушісінен мән-жайды білмек болып едім, ол бір автобустың сынып қалғандығын айтып ақталды. Аталған бағыт “Аврора Транссервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды .

Өткен жылдың ақпан айында жүрісі бір түзелмейтін №4 “а” автобусқа отырғаным есімде. Оны қоғамдық көлік деп айтуға аузың бармайды, іші сұп-суық. Сәкісіне линолиумға ұқсайтын материал төселіпті. Ол қырық тесік. Орындықтары тап-тақыр, мұзға отырғандай сезінетіндіктен, оған дәтің шыдап отыра алмайсың. Сондықтан түрегеп тұруыма тура келді. Өкінішке қарай, бізде жолаушыларға қызмет көрсетудің сиқы осындай.

Мұндай жағдай қалаішілік қоғамдық көліктерге ғана тән емес. Бірде Жамбыл ауданына қатынайтын “Петропавл – Суаткөл” бағытындағы “ГАЗельге” отырдым. Оның орындығы кір-қожалақ, адамды жиіркендіреді. Есігі іштен ашылмайды. Сондықтан оның жүргізушісі адамдар межелі жерлеріне жеткен сайын есікті өзі ашып, өзі жауып, жолаушыларға “құрмет” көрсетуге мәжбүр.

Қоғамдық көліктердегі “қызықтар” мұнымен де таусылмайды. №31 автобусының жүру бағытындағы Пушкин көшесі бойында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті орналасқан. Осы мекеменің атымен аталатын аялдама “Психологиялық-педагогикалық түйе кабинеті” деп аталып келе жатқанына біраз уақыт өткен. Мир көшесіндегі “Чкалов аялдамасы” қазақшаланғанда “Чкалова” болып, аталынып келе жатқанына көп болды. Бұл жөнінде мен “СҚО автокөлік одағы” тасымалдаушылар қоғамының төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Галина Семеноваға өткен жылы арнайы жолығып, айтқан болатынмын. Бірақ ол әлі күнге дейін құлақ асар емес.

Қала бойынша қатынайтын автобус бағыттарының желісі 2010 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен және әкімдіктің қаулысымен бекітіліпті. Әрине, одан бері уақыт талабына сай өзгерістер енгізіліп келген. Қоғамдық көліктер облыс орталығында 26 бағыт бойынша жүреді. Бұл жұмыспен бүгінде он заңды тұлға айналысады. Олар – “Петропавл НОРД”, “Партнер Авто”, “Аврора Транссервис”, “ВЭЛТА” серіктестіктері және “Сухов В.Н.”, “Рақымжанова Г.И.”, “Завьялов Е.И.”, “Құсайынов Б.С.”, “Копылова А.А.”, “Семенова Г.П.” сынды жеке кәсіпкерліктер. Қалалық әкімдіктен алынған анықтамада қоғамдық көлікпен облыс орталығының барлық шағынаудандары қамтылғаны жөнінде тайға таңба басқандай жазылған. Олардың қозғалыс аралықтары – 7-10 минут. Жүргізушілер толықтай арнайы формалық киіммен қамтамасыз етілген. Барлық автобустар мен шағын автобустарда автохабаршы және GPS желісі орнатылғаны көрсетілген. Бұл жерде қаламызда кейбір бағыттар бойынша жүретін қоғамдық көліктерді қанша уақыт күту керектігі жөнінде жоғарыда айтылды. Ал арнайы формалық киімге келетін болсақ, ол жағына да ұяттымыз, оны жүргізушілер үстеріне мүлдем ілмейді деуге болады. Мәдениетке мән берген Астана, Алматы жүргізушілері сияқты сол киімді киюге арлана ма, әлде қажет деп санамай ма, белгісіз.

Тағы бір таңғалатының, қала көшелерінде жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік құралдарының көпшілігінің тозығы жеткен, ескі. Іші де, сырты да көрген көзге ұнамсыз сондай автобустар №11, 6, 7 және тағы басқа да бағыттарда бар. №7 автобусты алайық, оның орнынан қозғалуының өзі бір мүшкіл, сүйретіліп жүреді. №6 бағыт бойынша жүретін автобустардың арасынан тазасын тауып алу қиын. Олардың кейбіреуіне отырсаң жүрегіңді айнытатын жанармайдың исі мүңкіп тұрады. Түскенше асығасың. Қысқасын айтқанда, қоғамдық көліктерде орын алып келе жатқан мұндай келеңсіздіктерді көптеп келтіруге болады. Көк түтінін соңына ерткен автобустардың қоршаған ортаға, ең алдымен, адам ағзасына зиян келтіретіні, одан бөлінетін газдың құрамында көптеген зиянды заттар болатыны белгілі.

Шын мәнінде, қаламыздағы автобустардың жүріп-тұруға қолайсыз, көпшілігінің ескі екені жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ өзгеріс шамалы. Жиналыстардың бірінде Қытайдың “Шаолин” фирмасынан сатылып алынған үш автобустың кешікпей жолға шығатындығын құлағым шалған болатын. Ондағы орындықтар саны – 26, ал жалпы 63 адамға дейін еркін сияды екен. Сол көліктер №101 бағыт бойынша Петропавл – Бескөл аралығында қатынауда. Бұған дейін қала іргесіндегі Қызылжар ауданының орталығына бар болғаны 6 автобус жолға шығып келген. Қозғалыс аралықтары 20-25 минут болғандықтан, жолаушылар үнемі қысылып-қымтырылып, лық толы автобуспен жүруге мәжбүр болған еді. Қазір олардың саны тоғызға жетіп, бұл бағыттың жұмысы біршама жақсарды.

Қаламызда қоғамдық көлік қызметі бір топ жеке кәсіпкерлердің қолында шоғырланған. Дегенмен, олар автобус паркін ара-тұра болсын жаңартып отыруға неге құлықсыз? Тиісті басшылар кәсіпкерлерге қоғамдық көлік қызметін жақсарту үшін пайдаланылатын көлік құралдарын жаңартып отыру қажеттігін жеткізбей ме? Осы мәселе жөнінде олардың әрқайсысымен келісім жасалады ғой. Ал орындалмаған жағдайда келісім бұзылады.

Ашығын айтқанда, бүгінде қаламызда қоғамдық көлік кәсіпорындарының жұмысы көңіл көншітпейді. Ол үшін, әрине, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан кемшіліктерге кеңшілік жасала бермеуі тиіс.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.      

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp