Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күндеріне арналған “Болашаққа сеніммен” фотокөрмесінің тұсаукесері өтті.
Көрмені алғашқы болып “Нұр Отан” партиясы және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, студенттер мен көркемсурет лицейінің оқушылары тамашалады.
– Тәуелсіздік жылдарында тек экономикалық және саяси көрсеткіштер бекіп қоймай, елдің мәдениет саласында да мол жетістіктерге қол жеткізілді. Республикада жыл сайын елдің мұрасын насихаттауға, тарихи-мәдени дәстүрлердің дамуы мен жаңғыруына бағытталған көптеген мәдени шаралар өткізіледі, – деген облыстық бейнелау өнері мұражайының қызметкері Жібек Жүзенова көрмедегі жәдігерлер еліміздің сыртқы саясаты, өнеркәсіптің дамуы, ауыл шаруашылығы, спорт, тағы басқа әртүрлі тақырыптар бойынша топтастырылғанын айтты.
Жәдігерлердің көп бөлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Елбасының есімі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының сындарлы, дана саясатының арқасында Қазақстан Республикасын әлем танып, саяси және экономикалық жағынан сенімді серіктес ретінде мойындалды.
Көрмеде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның астанасын еліміздің кіндігі болып табылатын Ақмола қаласына көшіруі, Астана қаласының құрылуы, дамуы, бүгінгі келбетіне жеке орын берілген. Еліміздегі биылғы жылдың ауқымды шарасы ретінде дүниежүзінің назарын аударған “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі туралы материалдар да көп орналастырылған. Әр жылдарда өңірімізге келген Елбасының кадрда сақталып қалған қайталанбас фотосуреттері де көрмеге қойылған. Солардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы алғаш рет біздің облысқа келгенде түсірілген сурет те бар.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.