«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ПремьерМинистр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Оның біріншісі – Қазақстанның экспорт жағдайы мен отандық компаниялардың сыртқы нарыққа шығуын ынталандыру болса, екіншісі – биологиялық алуантүрлілікті сақтау және оны орнықты пайдалану, үшіншісі – халықты әлеуметтік қорғау және еңбек саласын цифрландыру жайы болды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, бүгінде Қазақстан экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орында екен. Еліміз әлемнің 113 еліне 800-ден астам өнім түрін экспорттайды. Атап айтқанда, уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфордан басқа, тағам өнімдерінен ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын сыртқа шығарады. Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарған. Әлем елдеріне жеткізілетін өнімнің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі.

Мемлекет басшысы шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есеге арттыру міндетін белгілегені белгілі. Осыған орай, Үкімет Ұлттық экспорттық стратегия бағдарламасын әзірледі. Бақытжан Сағынтаев қазақстандық тауардың экспорты үлесінде органикалық өнімге айрықша екпін қоюды тапсырды. “Біз ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы сауданы талқыладық. Осы орайда, органикалық өнім “жасыл себетте” қамтылып отырғанын жақсы білеміз және бұл бағытта ешқандай проблема болмайды. Сондықтан да оған ерекше көңіл бөлу керек. Бұл жерде көлем аз болғанымен, баға мәнінде көбірек ұтатынымыз анық”, – деді Үкімет басшысы.

Ал вице-премьер Ерболат Досаев Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті органикалық өнім бойынша төрт стандарттың жобасын даярлап жатқанын жеткізді. “Біз осының барлығын қарастырып, желтоқсанда тиісті ұсынысты енгіземіз”, – деді ол. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өсімдік шаруашылығынан картоп экспорты – 19 есеге, Ресейге томат тұздығы мен қиярдың экспорты – 3,5 есеге, Қытай мен Ресейге жаңғақ экспорты 3 есеге өскен.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы салада қолға алынған бірыңғай қызметтер жөнінде баяндады. Министрдің айтуынша, бірыңғай ақпараттық жүйе дегеніміз – 14,5 млн. азаматтың дерекқоры. Бұл дерекқор онлайн-режімде жаңартылып отырады әрі азаматтарға көрсетілетін барлық қызмет түрі автоматтандырылған. Осы оңтайлы қызмет бүгінге дейін 19 млн. азаматқа көрсетіліпті. Жалпы, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды дамыту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылуда.

Оның біріншісі – бірыңғай электронды еңбек биржасы. “Ертеректе еңбек нарығының құрылымы бөлек-бөлек болатын. Жұмыс іздеуші сабылып, бірнеше жұмыс берушіні аралап шығатын болса, кәсіпорынның жұмыс берушімен әңгімелесуі көбінесе нәтижесіз болатын. Осыдан келіп, әсіресе, жұмыс іздеуші азамат жапа шегетін әрі уақыты мен қаржысын текке кетіретін. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы қазан айынан бастап еліміздің 4 өңірінде бірыңғай электронды еңбек биржасы іске қосылды”, – деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, бұл қызметтің тиімділігі сол, жұмыс іздеуші ешқайда сабылмай, интернет арқылы мәселесін шеше алады. Сондай-ақ, еңбек келісімшарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізудің арқасында қазақстандықтар еңбек кітапшасынан құтылатын болады, яғни еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру қағаз еңбек кітапшасын алып тастауға мүмкіндік береді.

Цифрландыру мәселесіне қатысты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын цифрландыруда бірқатар жетістіктер барын атап өтті. “Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сай “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы жан-жақты әзірленіп жатқаны белгілі. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған осы іргелі бастаманың аясында алдымызда көптеген міндеттер тұр. Осы орайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне архитектура әзірлеу барысында министрліктегі негізгі мәселелер айқындалып, автоматтандыруға жол ашатын стратегиялық маңызды бағыттар нақтыланды”, – деді ол.

Биологиялық алуантүрлілікті сақтау және оны пайдалану жөнінде Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев республиканың орман қорының жалпы алқабы – 29,4 млн. гектар, оның ішінде орман көмкерген жер 12,7 млн. гектар екенін айтты. Бұл орайда, биік діңді ағаштардың үлесі небәрі 3,3 млн. гектарды немесе республика аумағының 1,2 пайызын құрайды. Осы жайтты ескере отырып, министрлік бірқатар жұмыстарды қолға алған. Атап айтқанда, 2004 жылдан жұмыр ағаш экспортына тыйым салынған. 2015 жылдан сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды, биыл республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салу шарасы енгізілді, сонымен бірге, ағашы өртенген алқапты қалпына келтіруді қоса алғанда, қылқанжапырақты ормандарда санитариялық мақсатта ағаш кесуге қатаң тыйым салынған.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, орман шаруашылығын жүргізудің негізгі құжаттары орман орналастыру материалдары болып табылады. Қазіргі кезде 30 орман шаруашылығында 6,2 млн. гектар және ерекше қорғауға алынған 12 табиғи аумақта 3,5 млн. гектар мемлекеттік орман қоры алқабында орман орналастыру жобалары жүргізілмеген. “Бұл проблеманы шешу үшін орман орналастыру жұмыстарын қаржыландыруды 2022 жылға дейін орташа есеппен алғанда жылына 400 млн. теңгеге кезең-кезеңмен ұлғайтып отыру қажет”, – деді ол. Браконьерлікпен күресті күшейту жайына тоқталған Ерлан Нысанбаев биыл аңшылық қарудың саны 1 аңшыға шаққанда 10 бірліктің орнына 4-еуге дейін заңнамалық тұрғыда шектелгенін атап өтті.

Үкімет отырысын түйіндеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінде көтерілген мәселелерге орай нақты тапсырмалар беріп, мемлекет үшін маңызды міндеттерді жұмыла орындау қажеттігін ескертті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

(“Егемен Қазақстан”,

21 қараша 2017 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp