Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында “Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін оңтайландыру және оларды электрондық нұсқада ұсынудың мүмкіндіктері” тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Оған “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммуналдық емес акционерлік қоғамының Солтүстік қазақстан облысы бойынша филиалы – “Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы” департаментінің директоры Сәулеш Дүйсенбина мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Мереке Мұхамедияров қатысты.
Басты мақсат – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту екенін тілге тиек еткен Сәулеш Дүйсенбина қанатқақты жобаларға тоқталып өтті. Бірінші жоба бойынша, енді босанған әйел перзентханадан ешқайда бармай-ақ, сәбиіне туу туралы куәлік алу,оны күту және бір жасқа дейінгі төленетін жәрдемақы ресімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты маңызды жұмыстарды бір ғана өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады. Бұл шалғай ауылдарда тұратын, бірақ облыс орталығына келіп босанған аналар үшін ыңғайлы. Енді бұрынғыдай сәбиін құшақтап, аудан орталығына барып, сағаттап кезек күтіп, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Тағы бір жағымды жаңалық – зейнет демалысына шығу үшін құжат жинап жүрген азаматтарға ақыл-кеңес берілуі.
Сәулеш Баймолданқызы техниканың мүмкіндіктерінің артуына байланысты жоспарға енгізілген және алдағы уақытта жүзеге асуы мүмкін деген жобалар жайында да айтты.
– Біз алдағы уақытта төрт жобаны іске қосуды ойластырып жатырмыз. Мәселен, босанған ана перзентханадан шықпай-ақ, сәбиіне есім беріп, халыққа қызмет көрсету орталығына СМС-хабарлама жіберіп, тез арада бала тууына байланысты бірреттік мемлекеттік жәрдемақысын ала алады. Мұның барлығы босанған аналар үшін өте ыңғайлы және тиімді, – деді Сәулеш Баймолданқызы.
Мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуын және сапасын көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға Мереке Тілеужанұлы да тоқталып өтті. Департамент басшысының айтуынша, “Электронды үкімет” порталында сегіз мемлекеттік қызмет қолжетімді. Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында барлығы 35539 қызмет көрсетілген. Оның ішінен 28687-сі мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген, 6072 қызмет – құзырлы органдар, 780-і “Электронды үкімет” арқылы көрсетілген. Ал 2016 жылы тоғыз ай ішінде бұл көрсеткіш 484-ті құраған. Яғни, биыл “электронды қызмет” түріне жүгінгендер саны 296-ға көбейген.
Мереке Тілеужанұлы 2016 жылдан бері департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері композиттік қызмет көрсетіп жатқандығына тоқталып өтті. Композиттік қызмет мүгедектік бойынша бірінші рет жәрдемақы тағайындауға өтініш білдірген мемлекеттік қызметті алушыға көрсетіледі. Өтініш білдіруші медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды алуға құжаттарын ұсынуға құқылы. Аталған қызмет 1752 адамға көрсетілген.
Баспасөз мәслихатының соңында қатысушылар әйелдердің зейнетке шығу жасына және 2018 жылғы бірінші қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақының өсуіне байланысты сұрақтарға жауап берді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.