Шайбалы хоккейден ел біріншілігінде өнер көрсететін солтүстікқазақстандық “Құлагер” сырт алаңда атыраулық “Бейбарыс” командасымен екі кездесу өткізді.
Алғашқы ойынның бастапқы қос бөлігінде алаң иелері басымдық танытып, жерлестеріміздің қақпасына қатарынан екі шайба соқты. Құлагерліктер кездесудің соңғы бөлігінде ғана ширақ қимылдап, шабуылшы Максим Волковтың соққысынан кейін есеп айырмасы қысқарды.
Келесі күнгі қарымта ойында атыраулық хоккейшілер тағы да есеп ашты. Бірінші кездесудегідей жерлестеріміз ойынның тек үшінші бөлігінде ғана белсенділік танытып, команда капитаны Ильгиз Нуриев есепті теңестірді. Бұдан соң, атыраулық ойыншылар шабуылды үдетіп, құлагерліктердің қақпасын айналшықтағанымен, қақпашымыз Андрей Янковтан айлаларын асыра алмады. Овертаймда жерлесіміз Денис Стасюктің дәл соққысы қарсыластарды қапы қалдырды.
Енді жерлестеріміз Рудныйдың “Горняк” командасымен кездесетін болады. “Құлагер” 48 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында келеді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.