Өткен аптада Тайынша аудандық балалар өнер мектебінде жас өнерпаздардың ән кеші өтті. Шараға Әмина Жапар мен Әсел Ташмақанова сынды жас болса да, елге танылып үлгерген әншілер қатысты. Өнер мектебінде өткен бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Жанар Алданазарова келіп, бүлдіршіндерді ән байқауларындағы жетістіктерімен құттықтап, келешекте одан да жарқын жеңістер тіледі.
Жиналғандар жас әншілеріміздің әндерін тыңдап қана қойған жоқ, оларға сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Сахна төрінде өздерін еркін ұстаған жас өнерпаздар осы кештің жүргізушісі, танымал өнер иесі Самат Нықышевтің арнайы дайындаған сауалдарына мүдірместен жауап берді, келешектегі жоспарларымен, арман-қиялдарымен де бөлісті.
Әмина Жапар Алматы қаласында өткен халықаралық “Bala Turkvizyon” байқауының іріктеу кезеңінде жақсы өнер көрсеткен болатын. Сол байқау ерекше есінде қалғанын айтты. Оған себеп те бар, өйткені, дәл осы байқаудың іріктеу кезеңінде ол қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздарынан тәлім алып, шеберлігін шыңдай түскен. Кейін Сочи қаласында өткен “Новая детская волна” байқауында арнайы жүлдемен марапатталғанын да көрермен жақсы біледі.
Әсел Ташмақанова да үлкен сахнаға шығып, бірнеше өнер байқауына қатысып үлгерген жас өнерпаз. Ол жақында еліміздің мәдениетін, шығармашылық әлеуетін танытуға арналған Халықаралық Дельфий ойындарында “Эстрадалық ән” байқауында үшінші орынды иеленді. Жас әнші үшін бұл – үлкен жетістік. Дәл осы байқауда Әмина Жапар алтын медаль иегері атанғаны да тайыншалықтар үшін зор қуаныш.
Әнші бүлдіршіндер өз өнерлерімен жұртшылыққа танылып жүр. Олардың жеткен жетістіктері, әсіресе, өздері білім алып жүрген мектептері үшін мақтаныш.
Әсел Ташмақанова оқитын №5 қазақ орта мектебі де әнші қыздың құрметіне арнайы кеш ұйымдастырды. Оған мектептің музыка пәнінің мұғалімі Самал Есмұқанова ұйытқы болды.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.
Тайынша ауданы.