«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКІР ИНСУЛЬТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Демек, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызмет көрсету сапасы да осы деңгейден табылуы қажет. Соның ішінде халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға дейін 73 жасқа жеткізу – негізгі міндеттердің бірі.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміздегі денсаулық жүйесін дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасында бір-бірімен тығыз байланысты мәселелерді шешу қарастырылған. Соның бірі ретінде инсультпен ауыратындарға шоғырландырылған медициналық көмек көрсету үлгісін енгізу көзделген. Инсульт алғандардың жеті пайызының ғана жұмыс орнына қайта оралуына мүмкіндік бар. 53 пайызына күтім қажет болса, 40 пайызы қайтыс болады.

Осы дерттің алдын алып, өлім-жітімді азайту үшін Қазақстанда “Инсультпен ауыратындарға көмек көрсетудің жол картасы” әзірленді. Онда қызметтің барлық түрлері: алдын алу, оңалту шаралары енгізілген ем-дом көрсету, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер қамтылған. Күрделі технологиялық қондырғылар мен жоғары білікті мамандарды қажет ететін қызметтер ауданаралық, өңіраралық және республикалық деңгейлерде көрсетіледі. Инсульттің алдын алуға зор көңіл бөлінуде.

Үйлестіруші Юрий Белоногтің басшылық етуімен облыстық аурухананың инсульт орталығында мобильді “АнтиИнсульт” WEB-қолданбасы жасалып, қалалық №3 емханада оны пайдалану бойынша қанатқақты жоба іске асты.

Облысымызда ишемиялық инсультті емдеу үшін тромболизис қолданылады. Бұл емді жүргізу үшін ауру белгілері пайда болған алғашқы минуттарда медициналық көмекке жүгіну қажет. Сондықтан әрбір адам инсульттің белгілерін білуі керек.

Инсультке шалдыққан адамның ми қабаттарының белгілі бөлігінде қан айналымы бұзылады. Соған сәйкес миға қажетті қорек жетпей, қан айналымы бұзылған маңдағы жүйке жасушаларына зақым келеді немесе олар қызметін тоқтатады. Сонымен бірге, адам ағзасының инсульттен зақымданған ми қабаттарына қатысты бөлігінің қызметі бұзылады.

Ауру себептеріне қарай мамандар инсультті екі түрге бөледі. Ишемиялық инсульт – аурудың ең көп таралған түріне жатады. Ол ми қан тамырларының бітелуінен пайда болады. Жүйке жасушаларына оттегі мен басқа да қажетті заттар жетпейді. Арнайы шара қолданбаса, ол жасушалар өліп қалады. Геморрагиялық инсульт кезінде мидың қан тамырлары жарылып кетеді.

Облыс бойынша ми қан тамырларының бітелуінен және инсульттен қайтыс болғандар көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20,9 пайызға кеміді.

Қазақстан тұрғындарының өмір жасының ұзақтығын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарды бұдан әрі де жалғастыра береміз. Ол үшін неврологиялық науқастарды диспансерлеу сапасын арттыру, тұрғындармен санитарлық-ағартушылық жұмыстар жүргізу, медицина қызметкерлерін әр деңгейде оқыту сияқты жұмыстар біздің алдағы міндетіміз болып қала бермек.

Ирина ЗЛАМАНЕЦ,

Солтүстік Қазақстан облысының штаттан тыс бас неврологі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp