Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Осыған орай жер-жерде халқымыздың тарихында елеулі орны бар қасиетті жерлерді анықтап, олардың тізімін жасау қолға алынғанды. Біздің облысымызда да бұл тізімге табиғи, мәдени мұраның, зайырлы және діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кешендер мен кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар кірді.
Олардың қатарында Қызылжардағы Абылай хан резиденциясы, Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы, Жамбыл ауданындағы Қожаберген жыраудың, Есіл ауданындағы Құлсары батырдың кесенелері және басқа нысандар бар. Үстіміздегі жылы құрамында жергілікті өлкетанушылар, ғалымдар бар жұмыс тобының шешімімен өңіріміздегі ұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың қатарына Ноғайбай бидің қорымы да қосылды.
Ноғайбай би деген кім? Осы сауал төңірегінде әңгіме өрбітпес бұрын жалпы билер табиғатына үңіліп, ар-намыстың сақшылары жайлы сөз сабақтау жөн сияқты. Байырғы қазақ қоғамында ел басқарудың тамаша демократиялық жүйесі болғаны, билердің маңызды рөл атқарғаны белгілі. Сан ғасырлар бойы қоғамдық тәртіптің сақталуына, құқықтық қатынастардың дамуына би, шешендер өз үлестерін қосқан. Шын мәнінде, халқымыз би атанғандарды қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлға деп таныған. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің зерттеулерінде билер туралы: “Қазақтарда, құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. …Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған”, – деп жазады.
Осы айтылғандардан-ақ, билер мемлекеттік билік ісіне елеулі үлес қосқан және ел басқаруда көшелі ісімен, көсем сөзімен, даналығымен танылған тұлға, ел басына күн туған қиын сәттерде ақыл- ойымен қалың қолдың алдын бөгеген, халқына пана бола білген ел қорғаны деген ой түюге болады. Халық жадында жатталып қалған “Елге бай құт емес, би – құт” немесе “Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш”, “Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы” деген даналық сөздер билердің мемлекет, халық алдындағы беделінің аса жоғары болғандығының айғағы.
Байырғы қазақ жұртында қарапайым екі кісінің арасындағы дау-дамайдан бастап, мемлекеттік деңгейдегі құқықтық мәселелерді би-шешендер шешкен. Олардың ғасырлар бойы жинақталған іс-тәжірибесі, дағдысы мен біліктілігі, дарын-қабілеті арқылы көшпелі қоғамда тұтастай бір сот жүйесі – билер институты қалыптасты. Халқымыздың біртуар азаматы, ғұлама ғалым, академик Салық Зимановтың “Қазақтың билер сотын – сот жүйесінің “алтын ғасыры” деп бағалауы жайдан-жай емес. Ол сондай-ақ, “Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болды”, – деп жазды.
Қазақ арасында шаршы топқа түсіп, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін” жеткізіп, елді ұйытып, орнықты ой тастап, кесімді шешім айту үшін қара сөзді сапыра сөйлейтін жалғыз шешендік аздық етті. Оған қоса билер салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, дін мен ділді, мал жайын, шаруашылық жағдайын, арғы-бергі тарихты, тіпті рулар мен тайпалар шежіресін жетік білуге тиіс болды. Билердің дау үстінде сөйлеген сөздері философиялық даналық, психологиялық пайыммен ұштасып жатты. Олар шығарған шешім мен кесім бойынша дауласушы тараптар бітім мен ымыраға, келісімге келіп қана қоймай, айтқандарынан ғибрат пен өнеге алып отырды.
Қазақ арасынан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі Д.Сұлтанғазин өзінің “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты зерттеуінде былай деп жазады: “…бағзы билер … көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен…, һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен… Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақал мынау: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын” (“Дала уәлаяты” газеті, 1888 жыл, № 51).
Иә, өз заманында бидің орны әрдайым төрде болғанына көне тарих куә. Әділ билер халқының құрметіне бөленген. Әрине, оларға қойылған талап та өте жоғары болған. Оны мына қысқа да нұсқа нақыл сөздерден де айқын аңғаруға болады: “Атаның баласы болма, адамның баласы бол”, “Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны”, “Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ”, “Атаңның құлы айтса да, әділдікке басыңды и”, “Тіл жүйрік емес, шын жүйрік”. Халықтың санасында “Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің білімі мен ары бар”, “Бай мал сақтайды, би ар сақтайды” деген сөздер де жатталып қалған. Осындай моральдық нормативтік қағидалар әділ соттың “Алтын ғасыры” кезеңінде бидің санасында сайрап тұрды. Бұл орайда атақты Әйтеке бидің (1682-1766) ұрпақтарына: “Менің өмірім – өзгенікі, өлім ғана өзімдікі” дегенін ұлыдан қалған ұлағат деп ұғынғанымыз жөн.
Осы айтылғандар бүгін біз сөз еткелі отырған аталар даналығы мен білімін тел емген Ноғайбай бидің де (Ноғайбай Батырбекұлы) осал адам болмағанын айғақтайды. Сөзге ұста, шешен, билік айтып, кісі құны таразы басына түскен дауды бітірген ол да би атына сай ісімен, әділдігімен, ақыл-парасатымен ел жадында қалған.
Құймақұлақ қарттар арқылы жеткен әңгімеге қарағанда, Ноғайбай би екі иығына екі жігіт мінгендей алып денелі кісі болыпты. Қабағы түйілсе бұлт шақырғандай кейіпке енеді екен. Терең ойлы, тапқыр тілді, дауысы күндей күркіреген бимен талай тарландар иық теңестіре алмаған, жалындаған жүйрік әрдайым өз ортасында оза шауып отырған. Басқалар оның көзінің отынан, сөзінің қуатынан жасқанады екен. Ноғайбай би небір даушараларда, салтанатты мәслихаттарда түйдек-түйдек толғамдарды, кесек-кесек билік, нақыл, қанатты сөздерді, ақықтай жарқыраған асыл ойларды тереңнен қозғап, теңіздей толқытқанда басқалар сөз жарыстыруды артық санапты.
Иә, есімі қазақ билерінің жұлдызды шоғырына ілесе аталатын Ноғайбай бидің де қарт тарихтың қатпарларында қалған ізі сайрап жатыр. Халқымыздың арғы-бергі тарихымен астасып, тарқатылмай жатқан сол тағдыр иесі жайлы көне дүниеден жеткен аңыз-әңгімелерді, мұрағаттарда сақталған деректерді жүйелесек, көп сырға қанығарымыз анық. Солардың бір парасы – Петропавл уезінің тарихына қатысты құжаттарға, тарихи оқиғаларға сүйенсек, Ноғайбай би (Батырбекұлы) осы өңірде – қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы Қарақоға селолық округіне қарасты Ноғайбай ауылында 1834-ші жылы өмірге келген. Ал атажұрты – Шал ақын ауданындағы, көпшілік Қожым елі деп атайтын, Еңбек ауылы. Ноғайбай бидің әулетінің алтын қазығы қағылған қазіргі мекеніне қалай қоныс аударғанына тоқталсақ, ол бидің Әлібек, Тыныбек деген аталарына байланысты. Ағайынды Әлібек пен Тыныбек – ел басына күн туғанда тұлпар мініп, ту көтерген батырлар. Олар он сегізінші ғасырдағы қалмақ соғысы кезінде Қожым қарауылынан жасақталған сарбаздарды басқарып, шапқыншыларды Омбыға, Сібірге дейін түре қуған. Соғыс аяқталған соң хандықтың шешімімен ағайынды қос батырға шайқастардағы ерлігі үшін қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев, Ақжар аудандарының, Ресейдің Омбы облысына қарайтын Полтавка ауданының жерлеріне қоныстануға рұқсат берілген.
Ноғайбай Батырбекұлы сияқты атақты бидің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсінуіміз үшін ол өмір сүрген кезеңнің тарихи-әлеуметтік, даму сатыларының ерекшеліктеріне де зер сала кету артық болмайды. Сол заманда ең төменгі – бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру-тайпаға беделді, өмірлік тәжірибесі бай ақсақалдар атқарғанын, орта буындағы билік тізгінін ру-тайпа басылары – билер уысында ұстағанын тарихтан білеміз. Мемлекеттік басқару жүйесінде билердің айрықша құқықтары болды: “Жеті жарғы” қағидаларына сәйкес олар өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде әкімшілік билік жүргізді, сот төрелігін жүзеге асырды, ру-тайпаның басшысы болғандықтан, әкімшілік қызметті де қоса атқарды, өз қауымының тәртібіне жауапты болды. Шаршы топта сөз бастаған билер ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін терең білмесе, қалың елді аузына қаратып, ұйыта алар ма еді?! Түрлі айтыс-тартыс, дауда билік айтқанда шешендік өнерді меңгере алмаған бидің шешімі әсерсіз, шалажансар болып шығары анық. Ондай адамдар лаулаған араздық өртін өшіре алмайды.
Жастайынан алғырлығымен, зеректігімен дараланған Ноғайбай Батырбекұлы да далалық сот жүргізу істеріне ерте ден қойып, атақты билердің тобына қосылған. Осылай түрлі отырыстарға қатыса жүріп аузын айға білеген атақты абыздардың асыл қасиеттерін бойына сіңіре білген. Сөйтіп, қазақтың дәстүрлі әдет құқығын, “Қасымханның қасқа жолын”, “Есімханның ескі жолын”, Тәуке ханның “Жеті жарғысын” жете меңгерген ол бірауыз сөзбен құн кесіп, жалғыз уәжбен дау шешетін деңгейге көтерілген.
1868 жылы патша үкіметінің “Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша ережесіне” сәйкес, Қазақстанның әкімшілік-аумақтық жүйесінде елеулі өзгерістер жасалды. Нақ осы кезеңде қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы жерінде Полудин болысы құрылды. Болыс орталығы “Горькая линия” (“Қасірет белдеуі”) бойындағы бекініс ретінде салынған Полудин селосы болды. Ал бұл село 1752 жылы Ганкино редутының негізінде қаланған. Осы жаңа құрылған болыстың тұңғыш биі Ноғайбай Батырбекұлы болған. “Ақмола облысы, Петропавл уезі, қазақ шаруашылығы” кітабында (құрастырушы В.Кузнецов. Петроград баспасы, 1908 жыл. ІІІ том) Полудин болысына тоғыз ауыл қарағаны жазылған.
Ноғайбай ауылының тарихы өте бай. Қолда бар тарихи деректер ауылдың 1901 жылдан бастап Ноғайбай атауын иеленгенін дәлелдейді. Ноғайбай би және Ноғайбай ауылы туралы нақты деректің бірі – мұрағатта сақталған “Переселенческое управление Главного управления землеустройства и земледелия” деп аталатын құжат. (Киргизское хозяйство в Акмолинской области. – Петропавловский уезд) СПБ – 1910. Бұл құжат және осы аттас карта бойынша Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылы (ол кездегі атау бойынша Ноғайбай учаскесі) 1910 жылы құрылған. Елдің (учаскенің) атауы – Ноғайбай Батырбек, қыстауы – Жамантомар, Ру, ата есімі – “Салпық” деп жазылған.
Ресей мемлекеті 1893 жылы қазақ жерін одан әрі отарлау үшін “Далалық ереже” (“Степное Положение”) атты құжат қабылдады. Осы құжат бойынша тек қана 1893-1895 жылдары Петропавл мен Көкшетау уездерінен қоныстанушыларға 504 мың десятина жер бөлінді. (ЦГА. Каз.ССР ф-64, оп. 1Д – 1250). Осы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы жеріне, оның ішінде Полудин болысы жеріне арнаулы бөлінген учаскелерге квотамен қоныстанушылар жаппай көшіп келе бастайды.
Жиырма шақты отбасы Ноғайбай ауылының батыс жағына іргелесе екі шақырымдай жерге қоныс салады. Қоныс аударып көшіп келген халықта не жағдай болсын, ашаршылық оларды қазақтармен жақындастырады. Егін салу үшін қазақтардың жылқыларын пайдаланады. Ол үшін жергілікті тұрғындарға астық беріп, егін салуға үйретеді. Қатар орналасқан орыс-қазақ ауылының атауы 1918 жылға дейін Ноғайбай болып қалады. 1919 жылы Кеңес өкіметі орнап, ауылдарда революциялық комитеттер құрылған кезде Ноғайбай ауылы “Красное” болып өзгерді. Өйткені, революциядан бұрын болыс, би болған адамның атында ауылдың болуы кеңестік саясатқа қайшы еді.
уылдың ресми атауы “Красное” болғанмен, қазақтар өздері тұрып жатқан қасиетті мекенді Ноғайбай деуден танған жоқ.
Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының (қор. 70, т. 4, іс. 87, п. 43) деректері бойынша Бейнетқор болысынан (қазіргі Аққайың ауданы) Булаев ауданына (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы) сегізінші ауылды ауыстырғанда жер бөлінісін өзгерткенге ұқсайды. Оған төмендегідей дәлел бар. Жоғарыда аталған мұрағат құжатында Сегізінші ауылдық кеңеске қарасты Ноғайбай ауылының тұрғындары – Ноғайбай бидің Ақылбектен туған немерелері Жағыпар мен Сапардың өкіметтің қоныстандыру комиссиясына жазған хаты сақталған. Хаттың қысқаша мазмұны төмендегідей: “Біз Ноғайбай атамыздан қалған атақонысымыз Макзен томарында өсіп, өндік. (“Макзен томары” деп отырғандары Ноғайбай би тұсында “Жамантомар” деп аталған). Ноғайбай ауылын Бейнетқор болысына қосқан 1923 жылы ауыл жазғы жайлауымыз Сартай атты қоныста болды. Сөйтіп, атақонысымыздан айырылып қалдық. Сондықтан қоныстандыру комиссиясынан біздің әулетімізге берілетін тиесілі жерімізді ата- қонысымыз жерінен бөлсе екен дейміз”.
Қоныстандыру комиссиясы ағайынды Жағыпар және Сапар Ақылбековтардың өтініштерін қанағаттандырып, атақоныстары – қазіргі Ноғайбай ауылы жерінен бөліс берген.
Ноғайбай бидің болыстық қызметі өңірге орыс қара шекпенділері қара құмырсқадай қаптап келіп орналасып жатқан өте бір қиын, қарама-қайшылықтарға толы, тым күрделі, жауапкершілік жүгі аса ауыр уақытқа тұспа-тұс келеді. Бұл орыс старшындарының жергілікті халықты атамекенінен ығыстырып, озбырлықтың шектен тыс өршіп тұрған уақыты еді. Бірақ ол соның бәрінен жол таба білді. Осы өңірдің ең беделді тұлғаларының бірі бола отырып, өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, елдің бірлікте, тату-тәтті өмір сүруіне өлшеусіз үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде танытты, болыстық қызметін пайдаланып, халықты жетімсіреткен жоқ, толып жатқан ел дауын, жер дауын әділдікпен шешіп, жерлестерінің құрметіне бөленді.
Шын мәнінде, ел ішіндегі әдет-ғұрып нормаларына, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшеріне, жесір дауына, құн төлеуге, кек алуға, ұрлық-қарлыққа тыйым салуға, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайларға, ел бірлігіне, мемлекет басқаруға, Отан қорғауға, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беруге, ұрпақ тәрбиесіне, т.б. жайларға қатысты мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленген ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Рулар арасындағы өзара келіспеушілік, неше түрлі дау-дамайлар өршіп тұрған заманда билік айту, ел басқару оңай болған жоқ, әрине. Осындай қызу айтыс-тартыстар ушығып кетер тұста жұртты тоқтатар бәтуалы сөзді – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін дөп басып айтып, халық арасында “Қара қылды қақ жарған” би атанған Ноғайбай Батырбекұлы осы өңірді мекендеген қырық-ру елдің тыныштығы, ынтымағы үшін күресті, халықты бір мақсатқа жұмылдыра білді.
Қалың елдің сөзін ұстаған, оқыған, тоқығаны мол, ақылгөй абыз, шешен, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр Ноғайбай Батырбекұлының өзінің төрелігіне жүгінгендерге дұрыс жол сілтеп, әділеттің ақ туын желбірете білгеніне мысал жетерлік. Билердің өз үкімдерін шығармас бұрын, белгілі бір тәртіп және құқықтық нормаларға сүйенгенін ескерсек, Ноғайбай бидің бүкіл қазақ қауымы үшін “Ата заңы” саналған “Әдеттен” хабары мол болғанын аңғарамыз. Ол кісілердің заманында мемлекеттегі барлық істер “Әдет” заңымен өлшенді.
Оның есімі барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын әділ жан ретінде ел арасына тез тарады. Оның тағы бір дара қасиеті – халықпен біте қайнасуы, өзі өмір сүрген ортадағы жағдайды жақсы білуі. Шешендікпен шебер айтқан ақыл, нақыл сөздері өз алдына, жаратылыстағы, қоғам өміріндегі өзгеріс, құбылыстарды жіті қадағалап отырған. Соның бір мысалы, бертін, 1990 жылдары өмірден озған Ноғайбайдың ағасы Медетбайдың немересі Мәкен ақсақал 1901-1902 жылдары Сібірге шойын жол салынғанын, сол кездегі ел арасында болған жағдайларды айтып отырады екен. Темір жол Ноғайбай, осы маңдағы басқа да көптеген ауылдардың жерлерін басып өтетіндіктен, жоғары жақтан арнайы өкіл келіп, осы араға шойын жол салайық деп едік, рұқсат берсеңіздер дейді. Қазақ ежелден қарыс жердің қадірін біліп өскен халық қой, ақылдасайық, жауабын кейін береміз деп шығарып салады.
Міне, осылай туындаған түйіні қиын мәселелерді би жалғыз шешпеген. Алдымен маңайдағы ауылдардың беделді ақсақалдарын жинап, солардың пікірлерін тыңдаған. Сөз жоқ, ондай жиындарда неше түрлі ойлар ортаға салынады. Солардың бәрін бір арнаға түсіріп, ортақ шешім шығару, сөйтіп, көптің көңілін табу оңай шаруа емес. Содан ауыл ақсақалдары алқа-қотан отырып осы мәселені талқылайды. Бұл жаңалыққа көпшілігі шошына қарайды. Шойын жолдың бізге не керегі бар, жайылымымыз тарылады, жеріміз жын-ойнаққа айналады деп аттонын ала қашқандар көп болыпты. Біреулері: “Қазір темір жол салады, сосын тағы бірдеме ойлап табады, соның бәріне келісе берсек бізге не қалады?” деп көңілдеріндегі күмәндарын жасырмайды. Әйтеуір, иә дегеннен гөрі, жоқ деушілердің қарасы көп болыпты. Жиналғандар осылай өз ойларын ортаға салғаннан кейін сіз не айтасыз дегендей, төрде отырған Ноғайбай биге қарайды. Би терең ойға беріліп, ұзақ отырады. Осылай киіз үйдің ішінде масаның ызыңы естілгендей тыныштық орнайды. Содан біраздан кейін ғана сөз бастаған би: “Орынды сөз айтып отырсыздар. Бұл атүсті шеше салатын жеңіл мәселе емес. Аз да болса жеріміздің тарылатыны да рас. Басқа да қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Бірақ біз мынаны да ойлайық. Біріншіден, патша рұқсат сұрап бізбен санасып отыр, оны да ескермеске болмайды. Екіншіден, заман осылай тұра бермейді, өзгереді, ол өмірдің заңы. Соған бейімделгеніміз де жөн болар. Темір жол дегенің төрткіл әлемнің бұрыш-бұрышына тарап жатыр ғой. Сол темір жолың бізге де келіп жатса, жақсылық, жаңалық емес пе?! Сыртпен қарым-қатынасымыз жақсарады, біз көрмесек, оның шарапаты ұрпағымызға тиеді. Болашақты ойласақ, келіскеніміз жөн болар”, – дейді. Осы сөздерден кейін ақсақалдар бірауыздан патша уәкілінің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдайды. Келісімге Ноғайбай бидің өзі қол қойып, мөрін басады. Бидің шөбересі Қайырбек Сапар бұл құжаттың ұзақ уақыт атасы – Ноғайбай бидің баласы Ақылбекте сақталғанын айтады.
Ол кездегі негізгі көлік пар-парлап ат жеккен күйме ғой. Ауылдың кісілері баламыз биге жақын жүріп сөз үйренсін, тәрбие көрсін деген оймен “менің баламды ал, менің баламды ал” деп күйменің тізгініне таласады екен. Әліш деген кісі Ноғайбай бидің соңғы атқосшысы болыпты. Сол кісінің немересі Зейнолла Аманбаев кеңес заманында орман шаруашылығы министрінің орынбасары болыпты. Сол кісі облысқа келгенде ауылға соқпай кетпейді екен. Қашан келсе де Ноғайбай атамыздың шаңырағы деп алдымен Сапардан туған немересі Сейпілдің үйіне бас сұғып, сәлем беріп шығады екен. Сірә, әкесі бидің бекзат қасиеттерін, өз әулетіне жасаған жақсылықтарын құлағына құйып кеткен болуы керек, өле1-өлгенше осы әдетінен айнымапты. Тағы бір қызық жағдай, Зекең зейнет демалысына шығып, жүріп-тұруы қиындаған уақытта ауыл достарына хат жазуды әдетіне айналдырыпты. Сонда Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданы Ноғайбай ауылы деп жазады екен. Ол кезде Ноғайбайдың кім екенін білетіндер шамалы, ауыл Красное деп аталады, “Калинин” кеңшарының бөлімшесі. Бірақ Зейнолла ағамыздың хаттары ауылға адаспай жетеді.
Ноғайбай би сол кездің өзінде балаларының жан-жақты азамат болып қалыптасуына зор маңыз берген. Түптің түбінде білімді, өнерлі адамдардың озатынын жалғыз ұлы Ақылбектің де, одан туған Сапар, Зағыпар, Алғапардың да құлағына құйып отырған. Айтып қана қоймайды, бәріне жағдай жасайды. Соның арқасында Ақылбек Ноғайбайұлы өзінің ақылымен, алғырлығымен көзге түсіп, әр кез асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы екенін дәлелдеп, ел-жұртына қорған бола білген. Оның да Азамат соғысы жылдарында болыстың халық заседателі қызметін атқара жүріп ел-жұртына жасаған жақсылығы ұрпақтан-ұрпаққа тарап әлі күнге ұмытылмай келеді. Ақылбек Ноғайбайұлының ұлдары Алғапардың аты күреспен шықса, Сапар шешен, сал болады. Ал Зағыпар шаруашылықты дөңгелете білуімен елге танылады.
Тарихтың қатпар-қатпар беттерін ақтарсақ, билердің қатары аса қалың болмағанына көз жеткіземіз. Сол санаулы саңлақтардың қатарында болған, бойына терең ақыл, жүйрік ой, шешендік, асқан біліктілік пен кемеңгерлік, имандылық, әділдікке қылау түсірмейтін турашылдық ұя салған, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан салт- дәстүрін, әдет-ғұрпын, шежірелі тарихын, елдің шаруашылық ісін, жер-судың қадір-қасиетін, бітім-болмысын ерекше білетін ой-өрісі өзгеден жоғары, кісілік келбеті елден ерек, көкірек-көзі ояу, өмірден көргені көп білікті, майдан қыл суырғандай дәл, әділ сөйлейтін, осы сияқты небір ізгі қасиеттерімен дараланған біздің атақты жерлесіміз Ноғайбай Батырбекұлының өмір жолы, қоғамдық қызметі ұлтқа адал қызмет етудің үлгісі болып қала бермек.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.