«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙДЫҢ ДА ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Хәкім Абай “өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз” деп бекер мал шашуды, яғни ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп санады.Содан бері аттай аунап екі ғасыр өтіпті. Абайдың сол кездегі қазағы, тәмсіл-тағылымнан ой түйіп, ақыл тоқтатуы керек-тұғын.

Алайда, дәстүр мен дарақылықты шатастырып алғандардың, ысырапшылдыққа жол беретіндердің қарасы, керісінше, қалыңдай түскендей. Байлардың миллиондап ақша шашып, қарашаның қарызға батып той жасауы – соның айқын көрінісі.

Өзбектің тойы би-жарыс…

Бүгінде мал шашпақ тойларға қатысты мәселе ресми дәрежеде де талқылануда. Осыдан бірнеше апта бұрын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың той жасау үрдісі туралы өз ойын әлеуметтік желіге жазған болатын. “Twitter” парақшасындағы жазбада ол үйлену тойларында немесе өзге де салтанатты шараларда ысырапшылдыққа жол бермеуді ұсынғанды. “Ысырапшылдықтан, ас та төктен арылу үшін жаңа формат керек. Ұлттық дәстүрге бет бұру қажет, мысалы, өзбектер, түріктер мен түркімендер сияқты”, – деді Сенат төрағасы. Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек еткен өзбектердің, түріктер мен түркімендердің үйлену тойының ұлттық дәстүрге бет бұруына заңдық тұрғыда қабылданған шаралар негіз болған екен. Мәселен, жүздеген қонақ қатысатын ірі тойлар өзбектерді қарызға батырып жатқандықтан, осы жылдың наурызында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің той шығындарын азайтуға шақырған үндеуі жария болған. Бұл видеода өзбек басшысы “дарақы тойлар” туралы айтып, банкет қонақтарын, тағам көлемін және үйлену кортежіндегі көлік санын шектеуді тапсырыпты.

“Үйлену тойындағы қонақ саны 150-ден, ал құдайы тамаққа келетіндер саны 200-ден аспауы керек. 20 килограмм тамақтың орнына кедей-кепшіктің үйін әктеп, оған жаңа теледидар алып берген әлдеқайда дұрыс болады”, – деген Мирзиеев. Яғни, енді бұл елде тойға шақырылатын адам саны 150 адамға дейін кемітіліп, дастарқандағы тағам мен үйлену тойында жүретін кортеждегі көліктің саны да шектеулі болмақ. Тіпті, тойдың өтетін уақытына да шектеу бар. “Аsia-travel.uz” сайтындағы мәліметтер бойынша, өзбектердің тойы мерекелік палаудан басталады. Салтанаттың алдында екі жас ұлттық киім киіп, әшекейлерін тағады. Некелерін АХАЖ-да ресми тіркетпей тұрып, ол үйге имам келіп, дұға оқып, ерлі-зайыпты деп жариялайды. Ресми рәсімдер аяқталғаннан кейін қыз ата-анасымен қоштасып, жігіттің үйінің табалдырығын аттайды. Осыдан бастап ән айту, би билеу мен ойындар басталады.

Той шығынын шектеуді 2007 жылы Тәжікстан да қолға алған болатын. Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмон да ас та төк үйлену тойларына наразылық білдіріп, оларды “қажетсіз, ысырапшыл жиын” деп атаған. Рахмон байлығын көрсету үшін шектен шыққан банкеттер ұйымдастырып, басқаларға “үлгі болған” мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмендер мен діндарларды сынға алған. Тәжікстан тойға шақырылатын қонақ пен сойылатын малды, үйлену тойы кезінде көше аралайтын той көліктерінің санын шектеген.

Түркімендердің де үйленуі алдымен құдалықтан басталады. Оларда да имамның дұға оқып, неке қиюы, ата-анамен қоштасу және беташар деген салттары бар. Екінші күні қыздың үйінде той болып, үшінші күні жігіттің үйіндегі тоймен жалғасады. Құдалыққа қой сойылып, содан тағам әзірленеді, ал қыздың үйіндегі тойға күйеу жігіттің жағынан ең көбі 20-30 адам шақырылады. Үйлену тойы болған күні 5-7 көліктен тұратын кортеж ұлттық нақыштағы әшекейлермен безендіріледі. Үйлену тойының өзі көп жағдайда үйде жасалады екен. Ата-анасының үйінде той жасау оларға деген құрметті білдіреді. Үйлену тойы болатын күні күйеу жігіттің үйінде мерекелік сорпа әзірленіп, күлше мен палау дастарқанға қойылады. Яғни, бұл елдерде салт пен дәстүр қатар жүріп, ұлттық тағам сән-салтанатымен ұсынылады.

Ал түріктер құда түскенде арнайы қонақ шақырылмайды, бірақ қыздың үйі құдаларын күтіп алып, үйлену тойын жігіт жағы өз мойнына алады. Түріктердің тойы көбінесе тым кеш басталады және олар дастарқанға ыстық тамақ қоймайды. Үйлену тойында ән айтып, ұлттық би билеуге басымдық беріледі.

Ал қазақтың тойы қалай өтуде? Оған кеңірек тоқталсақ.

Ысырапшылдық ырыс қашырады

Әрине, қазақ үшін де той – үлкен қуаныш, зор мақтаныш, туған-туысының басын ақ дастарқанда қосып, ақжарма тілектерді қабыл алып, игі жақсылардың батасын алу. “Осы ұлымды үйлендіріп, қызығын көрсем арманым жоқ”, “Қызымды құтты жеріне абыроймен ұзатамын” дейтін қазақ үшін той жасай алмау ардың ісі десек, артық айтқандық емес. Ендеше, бұл намысты істің қанша шығынға батыратынын шамамен жобалап көрелік.

Той әбігері мейрамхана таңдаудан басталады. Баға әр қалада әртүрлі. Петропавлдағы қарапайым мейрамханаларға хабарласып, олардың адам басына есептегенде ең төменгі бағасы 5-8 мың теңге шамасында екенін анықтадық. Бірақ мұндай бағаға көңіліңіз қалағандай қызмет көрсететін орынды табу үшін біраз табаныңыздан таусылуға тура келеді. Қалтаңыз көтерсе, адам басына 10-15 мың теңге төлейтін тойханалар да баршылық. Тойхана мәселесі шешілген соң қыз жақ ұзатуға, жігіт жақ үйлену тойының қамына кіріседі. Қызды ұзатудың өзі – үлкен той. Ұзату тойына жұмсалатын шығын үйлену тойынан асып кетпесе, кем түспейтініне де көзіміз жетті. Егер кем дегенде 100 адам шақырсаңыз, мейрамханадағы орынға ғана 10 мың теңгеден 1 миллион теңге кетті дей беріңіз. Қыз жасауына, жаңа құдаларға алтын тағып, кит кигізуге, тойбастары мен асабасына жұмсалатын қаржы да қалтаға салмақ түсіреді. Ұзатылатын бойжеткеннің сұлулық салонына жұмсайтын шығыны бөлек әңгіме.

Ұзатылатын қыздың сәнін келтіретін – көйлегі. Өмiрiнде бiр-ақ рет болатын айтулы күнде әрбiр қыздың әдемi көрiнгiсi келетiнi, айтпаса да белгілі. Қымбат көйлек кимесем болмайды деп жер тепсiнiп отыратын келіндерді де көз көрiп жүр. Той көйлегiн жалға беретін дүкендерде әркімнің талғамы мен қалтасына қарай көйлектің алуан түрі бар. Оларды жалға алу құны 50-200 мың теңгенiң айналасында. Сатып алса, одан да қымбат.

Бүгінде қыздар ұзатылмас бұрын құрбыларының басын қосуды да дәстүрге енгізіп алды. Оның дайындығына да біраз ақша жұмсалатыны белгілі. Қыз беріп отырып осыншама шығындалудың өзі әбестік сияқты көрінеді. Не десек те, қызын тұрмысқа беру де, шығындалып той жасау да ата-анаға салмақ.

Енді негізгі шара – үйлену тойына келсек, мейрамхана таңдаудан бастап, тойдың соңғы нүктесі қойылғанға дейін ата-ананың мазасы қашады. Ұзатуда қызға кеткен шығын болашақ келінге де жұмсалады. Қалыңдық көйлегі, бетін әрлеуі сияқты жас келінді тойға қамдауға жұмсалатын қыруар қаржыға күйеу жігіттің костюм-шалбарына, неке жүзігіне, гүлге, лента секілді ұсақ-түйекке кететін қаражатты қосыңыз. Қысқасы, тойға жас жұбайлардың сақадай-сай болуына ғана шамамен 300 мың теңгеге шығынданасыз.

Тойға бет алған жастар қауымы той серуенін асыға күтеді. Қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын аралап, суретке түсіп, тойханаға бет алғанда жол-жөнекей қыдыратын бұл үрдістің де шығыны шаш етектен. Аяғыңызды жерге тигізбей алып жүретін лимузин, артынан ілескен он шақты қымбат көлігі бар той керуенін бес-алты сағатқа жалдау құны 100 мыңға жетіп жығылатынын көлікті жалға берушілерден білдік. Жастар серуенін суретке және бейнетаспаға түсірушілерді де жалға аласыз. Ертеден қара кешке дейін жас жұбайлардың соңында жүретін фото-видео операторлардың қызметіне жұмсалатын қаржы орта есеппен 100-200 мың теңге аралығында.

Жаңашылдыққа жақын халықпыз ғой. Бүгінде тойхананы той иелерінің қалауына қарай белгілі бір түспен біркелкі етіп безендіру сәнге айналды. Қонақтар естелікке суретке түсуі үшін кіреберіске баннер қою да осы күні бұлжытпай орындалатын қағида. Облыс орталығындағы “Gera” авторлық салонының қызметкерлерінен білгеніміз, жас жұбайлардың есімдері жазылып, суреттері бейнеленетін түсқағазды тақтаның бағасы 20 мыңнан басталса, шары мен гүлі, баннері мен баулары бар безендірулер де қалтаңызға салмақ салады. Осымен тойхананың сән-салтанаты келісті делік. Әрі қарайғы шаруа – асабаның қолында. Той жүргізетін асабалардың қызмет ақысы 60 мың теңгеден басталып, бір мың долларға дейін барады екен. Асабаның атағы мен даңқы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретінін біле тұра бүгінгі тойшыл қауым шамасы келсін-келмесін тойына танымал асабаларды шақыруға құмар болатынын қайтерсің?! Қысқасы, есебіміз еселеніп, той жасауға жұмсалатын шығын 2-3 миллион теңгеден асып жығылды.

Өкініштісі сол, араға жыл салмай ажырасып, ата-ананың қуанышын су сепкендей басып жатқандар аз емес. Біркүндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендердің қарасы да қалың. Қатарынан қалмау үшін қарызға батып, өмір бойы банктің үстеме пайызын төлеп жүргендердің санына кім жеткен?! Бұл әрекетімізді “Тапқанымыз тойға шашылсын” деп астамшылықты ақтап алатынымызды айтсаңызшы?! Сот орындаушылары бүгінде 5 миллионнан астам қазақстандықтың банкте қарызы барын алға тартады. Елімізде әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір төртінші адамның мойнында несие тұр. Статистиканың бұлтартпас шындығы осы.

Облыс орталығында тұратын отбасылардың бірі баласының тойын дүбірлетіп жасау үшін кепілге қойған пәтердің жақында электронды саудада сатылғанын да сот орындаушыларынан естідік. Намысқа тырысудың нәтижесі – кейбір отбасылар үшін бірнеше жыл бойы несие жабуға әкеп соқтыратынына көзіміз жетті. Ендеше, бізге де ойланатын уақыт жеткен сияқты.

Оқырман ойы

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ, зейнеткер:

– Сөздің шыны керек, бүгінгі тойлардың тәрбиелік мәні жоғалып барады. Жарыс сөздер мен бiрiн-бiрi қайталаулар көп. Тойға келген көпшiлiк тегiс сөйлеп болғанша тiк тұратын жас жұбайларды да аяу керек қой. Сондай-ақ, тойға шақырылған қонақ той иесіне кешігетінін алдын ала айтып, хабарласуы керек. Құдайға шүкiр, қазiр ішімдік iшу саябырлады. Той дастарқанына қымыз, шұбат араласа бастады. Ендi топтастырып құдаларға, нағашыларға, бiрге оқығандарға бөлек сөз берiп, әр топтан өздерi ақылдасып, бiр кiсi ғана сөйлеп, қалғандары ән салып, күй тартып, би билеп дегендей өнер көрсетсе, нұр үстiне нұр емес пе? Қай елдiң әдет-ғұрпы екенi белгiсiз, шырақпен нұрландырылған мұнаралы торт келедi. Оны жас жұбайлардың ата-енелерiне қасықтап беруі, ұзатылатын қыздың әкесімен, қайын атасымен билеуі де меніңше ерсі. Ал тойханаға лимузинмен кіру – қонақтарды сыйламаудың айқын көрінісі. Тойларды жөн-жосықсыз жаһандата бергеннен гөрі ұлттық үлгiге жақындату қажет. Осы заманға дәстүрлiк негiзде лайықталған жаңаша түрiн қалыптастыратын уақыт жетті.

Дина САҒЫНДЫҚОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушысы:

– Тойға жас шаңырақ құрғандарға бақыт, денсаулық тілеп, тілеулес болып, бата беруге барады. “Барғанша қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады” дейді емес пе?! Қоғам қарапайым дастарқан жайып, шектеулі қонақ шақырып, той ырымын жасаған адамды сөккенді доғарса екен. Бастысы, халқымыздың әдет-ғұрпы сақталып, той көңілді, тағылымды өтсін. Жақында құрбым інісін үйлендірмекші болды. Қыздың жағы әкесіне тон, анасына құндыз ішік, 5 алтын жүзік, 500 мың теңге ақша, кілем, тойшылардың әрқайсысына көрпе-жастық сұратқан екен. Кемітіп беруге келіспеген соң күйеу жігіт үйленуден бас тартқан. Туған қыздарын “сатып” байығысы келген отбасының жоспары осылайша іске аспады. Той – қуаныштың белгісі, бірақ тойды саудаға, шоуға айналдыруға немесе ысырапшылдыққа, дарақылыққа салынуға болмайды. Бұл қазіргі кезде өте маңызды. Ақшаны босқа шығындағанша, оны пайдалы іске, баланың білім алуына жұмсасақ әлдеқайда тиімді болар еді.

Дәурен НҰРҒОЖИН,

“Ақ тілек” мейрамханасының директоры:

– Біз той иелерінің кез келген мейрамын үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Бірақ қандай той болмасын оның думанды, сәнді де мәнді өтуі той иесінің ғана емес, сол тойға келген үлкен-кішінің әрқайсысына тікелей қатысты екенін ұмытып кететін, ескере бермейтін жайымыз бар. Арзан күлкі, арсыз ойындарды қойып, әсем ән, әдемі дәстүрдің көріністерін әлі де болса көбейту керек. Ол үшін асабалар кәсіби біліктіліктерін арттырып, адал қызмет көрсеткендері дұрыс.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp