Қазақ даласының қиыр шетін алып жатқан Есіл-Көкше өңірі – қазақтың ән өнерінің қайнар бұлағы. Өзіндік әншілік мектебі қалыптасқан қасиетті мекен туралы айтқанда, ең алдымен, сал-серілер поэзиясы ойға оралатыны тегін болмаса керекті.
Сал-серілік дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Сегіз сері, Дәстем сал, Нияз серілерден бастау алатын қасиетті өнер Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар тұсында шырқау шыңына жетті десек артық айтпаймыз. Ал Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған менің ұлы атам Әміре Сұлтанмұратұлы серілік өнердің жалғастырушысы болған.
Әміре Сұлтанмұратұлы – күміс көмей, жезтаңдай əншілері мен жырымен ел ішін өрнектеген ақындарға бай Қызылжар өлкесінің тумасы. Жаратылысынан əн мен жырдың бесігі болған Айыртаудың сұлу табиғатынан нəр алып өскен Əміре Сұлтанмұратұлы тағдырдың талай тартыс, қиындығына қарамастан, өмірде өзіндік із қалдырған азаматтардың бірі болғанын мақтаныш етемін.
Əрі əнші, əрі суырыпсалма ақын Əміре 1870 жылы Қамысақты бойын жайлаған Сапақ ауылында (кезінде Ұялы, кейіннен Бірлестік ауылы атанған) дүниеге келген. Еліне өнерімен аты мəлім болған Сұлтанмұрат ақынның тәрбиесін көріп өсті. Əкеге қарап бой түзеген Əміре жастайынан əн мен жырға құмар болды. От ауызды, орақ тілді ақын отбасында ержеткен ол өзінің сөз қаруын қарапайым халықты қанаған ақ патша мен қазақтың би-болыстарының озбырлығына, елге тырнақ батырған есерсоқтарға қарсы қолдана білді. Шындықты ту еткен Əміре көпшілікке халықтың жанашыры ретінде танылды.
Белгілі əдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайловтың 1959 жылы шыққан “Ақындар” атты еңбегінде: “Əміре Сұлтанмұратов жастайынан ел ішінде ақын ретінде танылған. 1916 жылы патша өкіметіне қарсы өлең шығарғаны үшін жер аударылып, Атбасарда болды. Октябрь революциясынан кейін социалистік жаңа өмір жəне В.И.Ленин туралы көптеген өлең жазды. “Амангелді батыр” (1924) дастанын шығарды. Оның бірсыпыра өлеңдері “Ленин деп халық жырлайды” (1969), “Песня степей” (1940), тағы да басқа жинақтарға енді, республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. Кеңестік республикалардың ақындар слеті (1937) мен ақындар айтысының жүлдегері (1943). Қолжазбалары Қазақ КСР-нің Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы” деген мəліметтер бар.
Әміренің əкесі Сұлтанмұрат Құдасұлы қартайған шағына дейін серілікпен ел аралап, көпшілікті өнерімен тамсандырып өтіпті. Ол Ақан серінің жолдасы болса керек. Ал оның тамаша дауысы жөнінде біраз әңгімелер қалған. Бірлестік ауылы қарияларының айтуынша, сол кездегі Кененбай, Жанболат, Алтынбай, Үлкен Сапақ деп аталатын ескі ауылдардың арасы бес-алты шақырым екен. Сұлтанмұраттың желсіз тынық кеште өз шаңырағында отырып шырқай салған əнін көрші ауылдардың адамдары өз үйлерінің іргесінде отырып-ақ тыңдай береді екен. “Алты қырдың астынан естілетін асқақ дауыс” деген сөз осындайда айтылса керек.
Сəкен Жүнісовтің “Ақан сері” романында да Сұлтанмұрат Құдасұлы туралы деректер келтірілген. Шығармада серінің жақын жолдасы, шоқтығы биік өнерпаз деп суреттеледі. Сұлтанмұрат Зеренді өлкесіндегі Жыланды тауының баурайындағы Ащылы Жекебояқ көлінің жағасында отырып Ақанның “Маңмаңгерін” шырқағанда, әншінің дауысына риза болған Ақан сері: “Шіркін-ай, əніңді тыңдай берер ме еді”, – деп тамсанған екен.
Қазақ даласына келген өзгерістер Әміре ақынның өміріне де салқынын тигізді. Байлар мен ел қанаған жауларына өлеңін қару етіп, қарсы жұмсаған ақынды ақ патшаға тіл тигізді деген жаламен Атбасар жаққа қудалайды. Николай патшаны тақтан құлатқан большевиктердің жеңісінен кейін 1919 жылы еліне қайтады. Ақын Əміре бұдан кейін жаңа заман талабына сай жаңаша өмір көріністері мен халық тұрмысын жырлауға бет бұрады. Қостанай аймағын аралаған кезінде ел арасында жүріп көптеген толғаулар мен өлеңдер жазады. Сол кезде қазақ даласына аты мәлім ұлт-азаттық көтерілістің батыры Амангелді Имановпен кездесіп, біраз күн жолдас болады. Кейін қиын күндерде қол ұшын берген халық батырына, ел деп туған асыл азаматқа арнаған “Амангелді” дастаны туады. Дастанда Тоғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Əміре ақын батырмен қандай жағдайда кездескенін баяндайды.
Жас жігіт Амангелді салды күшін,
Таныс емес, көрген емен бұрын түсін.
Қыпшақта Амангелді артық ер деп,
Бұрыннан естіседі оның ісін, – деп жырлайды.
Патшаның тақтан таюы, қазан төңкерісі, жаңа өмірдегі мəдени-рухани өзгерістер замана талабына сай шығармашылығы да жаңарып, түлеп отырған ақынның шабытына шабыт қосады. Ақын жанын ауыртқан ащы шындықты жасырып қала алмайды. Жаңадан құрылған жас өкіметтің саясатын халыққа жеткізуде, елді басқару ісінде көптеген қателіктер мен бұрмалаушылықтар болды, осындай кемшіліктерге көз жұма алмаған ақын кейбір тəкаппар, менменшіл басшылардан тайсалмай, жыр қаруын тағы да безенді.
Жаныңда кекейгенде тұра алмадық,
Алдыңда қия басып жүре алмадық.
Үкімет сөйлеу, жүру ерік дейді,
Осының қалай екен деп сыр алмадық.
Бұрынғы Николайдың мінезіндей,
Отырған үйіне де кіре алмадық, – деп сол кездің өзінде-ақ ақын мінезін танытады. Көптеген қиындықтар көрген ұлы атам тек өз өнерімен ғана емес, ісімен де жаңа өкіметке көп қызмет етті. 1929-1931 жылдар аралығында шағын ауылдарды біріктіріп, ұйымдастыру ісіне белсене араласады. Соның нəтижесінде 1929 жылы қазіргі Бірлестік ауылының іргесі қаланғаны белгілі. Ал 1931-1932 жылдардағы қиын-қыстауда да ел іргесінің сөгілмеуіне көп атсалысады. Кезінде Əміре ақынды көзі көрген көнекөз қариялардың айтуынша, ұжымдастыру, одан кейінгі ашаршылық кезінде ел азаматтарының басын біріктіріп, осындағы тас құдықты қаласуға қатысқан. Бірлестік ауылында ол құдық бүгінге дейін бар.
Ақындық жігері мен қайраты мұқалмаған Əміре Сұлтанмұратұлы отызыншы жылдары халық арасында ұйымдастырылатын мəдени шараларға белсене араласып, 1934 жылы Қазақстан ақын-жазушыларының І съезіне қатысады. 1939 жылы Айыртау ауданында құрылған озат еңбекшілердің делегациясы құрамында Мəскеуге де барып қайтады. Кейін облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Мәселен, 1943 жылы Қостанайдағы ақындар айтысында бағы жанады. Ал 1946 жылы Жамбыл Жабаевтың жүз жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Көкшетау жеріндегі аламан айтыста да топқа түседі. Арықбалық ауданынан Шəкен Отызбаев, ал Айыртау ауданы атынан Əміре ақын шығып, ел-жұртының намысын қорғаған екен.
Ақынның алғашқы алған жары Ұрқия қайтыс болғаннан кейін қалың малы беріліп, беделді адамның баласына айттырылып қойған Бəдиша атты қызбен көңіл қосып, екеуі Қостанай өлкесіне қарай қашады. Қуғыншылардан бой тасалап, Тобыл өзеніне қойып кетеді. Күзгі қара суық өңменінен өтіп, сөйтіп, ақын табиғаттың берген үлкен сыйы – әдемі дауысынан айырылады.
Жалпы ұлы атамнан қалған ұрпақ жайлы айтар болсам, одан жеті ұл мен үш қыз болған. Алайда, бесеуі жас кезінде шетінеп кеткен екен. Ақынның үлкен ұлы, менің атам Қайыржан ел ісіне араласқан білімді, білікті азамат əрі талантты əнші адам болғанын білемін. Халық ауыз əдебиетіндегі қисса-дастандарды жатқа айтатын. Бүгіндері Әміре Сұлтанмұратұлының ұрпақтары ұлы атадан қалған асыл мұраны, отбасылық құндылықтарды жоғалтпай, өскелең ұрпаққа ғибрат қылып қалдыруды мақсат тұтады.
Мұхтар ҚАЙЫРЖАНОВ,
Бірлестік ауылының тұрғыны. Айыртау ауданы.