«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАРДЫҢ КӨҢІЛІ ТОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде күзгі орақ науқаны аяқталуға жақындады. Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында журналистер Қызылжар ауданының Бескөл және Новоникольск ауылдарында орналасқан егін алқаптарында болды. Мамлют ауданындағы орақ барысы да тілшілер назарынан тыс қалған жоқ.

“Сервис-Жарыс” серіктестігінің директоры Жомарт Омаровтың айтуынша, үстіміздегі жылы шаруашылық 8 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірген. Ал 1800 гектарға арпа, 1900 гектарға жасымық, бір мың гектарға зығыр және екі мың гектарға рапс еккен.

– Қазір шаруашылық жұмысшылары соңғы 120 гектардағы астықты жинауда. Дәнді дақылдардың өнімділігі әр гектардан 28 центнерді құрап отыр. Ең жоғары көрсеткіш – 52 центнер. Майлы дақылдардың ішінен зығыр гектарынан 12 центнер, ал рапс 20 центнерден өнім беруде, – дейді Жомарт Жақсылықұлы.

“Сервис-Жарыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығын цифрландыру қолға алынған. Аталмыш серіктестік Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен “ақылды технологияларды” қолдану бойынша меморандумға қол қойған.

– Біз 500 гектар алқаптың топырағына сараптама жұмыстарын жүргізіп, егістік алқаптарының электронды картасын жасадық. Бұдан соң бағдарламаның ақпаратына сүйене отырып, дала жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстардың нәтижесінде әр гектардың өнімділігі 44 центнерге дейін жетті. Менің ойымша, бұл – дұрыс бастама. Өйткені, жұмыс барысында топырақтың жағдайы туралы алдын ала біліп отыру мүмкіндігіне ие болдық. Жобаның аясында тыңайтқыштар қажет алқапқа ғана себіледі, – деді серіктестіктің директоры.

Қызылжар ауданы әкімінің экономика және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Өмірбай Омаровтың айтуынша, аудандағы егістіктің көлемі биыл 196 мың гектарды құраса, дәнді дақылдар 14700 гектарға себілген. Бүгінде аудан диқандары оның 96 пайызын жинады. Орташа өнімділік 25-28 центнерден айналуда. Ал 44,4 мың гектарға сіңірілген майлы дақылдың 71,1 пайызы қырман басына жеткізілді.

* * *

Күзгі жиын-терім жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтаған агроқұрылымдардың бірі – Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі. Өңірімізге танымал шаруашылық үстіміздегі жылы 15 мың гектар алқапқа дәнді дақыл, 3,5 мың гектарға зығыр және 900 гектарға рапс сіңірген. Агроқұрылым диқандары ала жаздай баптаған астықты тамыз айының соңында жинауды бастаған болатын. Серіктестіктің бас агрономы Александр Шкловскийдің айтуынша, күнара жауған жауын жауапты науқанды ойдағыдай еңсеруге күш салған 60 жұмысшы мен замануи 34 комбайнға еш кедергі келтіре алмаған.

– Биылғы астықтың сапасы көңілден шығып отыр. Бұл жолы танаптарға суперэлита, элита және үшінші сыныпты бидай тұқымдары себілді. Негізінен табиғатымызға төзімді қазақстандық және ресейлік сұрыптарға басымдық бердік. “Астана”, “Астана-2” және “Новосібір-31” сұрыптарынан егін бітік шықты. Бұл сұрыптан шыққан бидайдағы балауыз мөлшері 25-26 пайызды құрауда. Біз жаңа астықты ішкі нарықта саудалайтын боламыз, – дейді Александр Шкловский.

Әр гектардан орта есеппен 26,5 центнерден өнім алынса, кейбір алқаптардың шығымдылығы 47 центнерге дейін жетті. Шаруашылықтың құрыш қолды диқандары майлы дақылдарды бастыру жұмыстарын бір адамдай атқарды. Екі ауысымда жұмыс істеген механизаторлар жауапты науқанның соңғы нүктесін қойды. Майлы дақылдардың гектар берекелігі 15 центнерден айналды.

* * *

Мамлют ауданында да астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайреттен Боранбаевтың айтуынша, аудандағы егіс алқаптары 105, 7 мың гектарды құрайды.

– Қазіргі уақытта 95 881 гектар алқапқа шалғы түсіп, 152 249 тонна астық бастырылды. Бұл – бар жұмыстың 90,7 пайызы. Гектардың орташа өнімділігі 16 центнерді құрап отыр. Майлы дақылдарға тиесілі 49 600 гектар алқаптың 33 мың гектары бастырылып, 29 804 тонна өнім жиналды. Гектар берекелігі – 9 центрнерден айналуда, – дейді Қайреттен Тілегенұлы.

Жиналған астық негізінен Мамлют ұн үгу комбинатына жеткізіледі. Тәулік бойы жүзге жуық жүк көлігі майлы және дәнді дақылдарды шашау шығармай алып келеді. Серіктестікте 230 адам жұмыс істейді. Элеватордың қуаттылығы 100-150 мың тоннаны құрайды. Күн сайын шамамен үш мың тонна астық әкелінеді. Дақылдардың дені – үшінші сұрыптағы бидай.

Қазіргі уақытта көктемгі егіске қажетті тұқым қоры даярлануда. Мамлют ауданында 18400 тонна тұқым дайындау жоспарланса, бүгіндері оның 18 мың тоннасы қамбаға құйылды.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

Қанат АТАМАНОВ,

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Сервис-Жарыс” ЖШС-нің механизаторы Е.Жұмабаев.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp