Солтүстік Қазақстан облысында салық төлеуден жалтаруға көмектескен, яғни жалған шот-фактура жазып берумен шұғылданған екі қылмыстық топ әшкереленді. Олардың кесірінен мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам шығын келген.
Облыс прокуратурасы қадағалау жұмысының басым бағыттарының бірі – қоғамдық мүддені қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуы, яғни көлеңкелі экономикамен күрес. Прокурорлық тексерістер мен сараптамалардың нәтижесінде салықтан жалтарудың жолы анықталып, тиісті қаржыны қазынаға беруде сараңдық танытып жүрген салықтөлеушілер белгілі болған.
Қадағалаушы органның бастамашылық етуімен жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі бірдей қылмыстық топ анықталды. Олар салықтың төленгендігі туралы жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан екен. Бір қылмыстық топтың 18 кәсіпорынды салық төлеуден жалтартқаны белгілі болды. Ал екіншісі экстремизмді қаржыландыруы мүмкін деген болжам бар.
Прокурорлардың жедел әрекет етуінің нәтижесінде қылмыстық топтардың жолы кесілді, екі мүшесі тұтқындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратура аппаратының бас маманы.