Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мамандары Тайынша, Ақжар, Уәлиханов аудандарында болып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде қор қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесіндегі реформаларға қатысты тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген уақытта болатын өзгерістерге қызығушылық танытты.
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңартылған пакеті 2020 жылдың бірінші қаңтарында іске қосылады. Тұрғындардың барлық санаты бойынша бұрынғыдай емханаларда учаскелік терапевтің, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, педиаторлардың қабылдауы тегін жүргізілмек, негізгі зертханалық және диагностикалық сараптама, сондай-ақ, акушерлік көмек, “Жедел жәрдем” және санитарлық авиация қызметі де қолжетімді болмақ. Шұғыл жағдайда науқастар стационарлық немесе стационарды алмастыратын көмекті алады. Кепілдендірілген тегін көмек пакетіне паллиативтік көмек, медбикелік күтім және туберкулез бойынша оңалту шаралары кіреді, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бас сарапшысы Қарлығаш Ілиясова.
Сонымен қатар тегін көмек шеңберінде стационарды алмастыратын көмек тізбесі әлеуметтік мәні бар туберкулез, АИТВ инфекциясы, психикалық бұзылыстар мен мінез-құлықтың бұзылуы, қатерлі ісік пен негізгі созылмалы ауруларды емдеуге бағытталған. Оның аясында тұрғындар амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, күндізгі және тәуліктік стационарда жоспарлы ем қабылдауға мүмкіндік алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар қымбат зертханалық және диагностикалық көмек алып, кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия салалары бойынша медициналық оңалтудан өтеді. Кепілдік берілген тегін көмекке кірмейтін қосымша қызметтер сақтандыру жүйесі арқылы көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу барлығына міндетті. 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер еңбекақы қорынан жалдамалы жұмыскерлер үшін жарна аударуда. Жиында өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың бірыңғай жиынтық төлем есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алатындары айтылды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.