Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы ұсынысын көпшілік зор ықыласпен қабыл алғаны есімізде.
Бүгіндері қазақ әліпбиін біртіндеп латыншаға көшіру бойынша білім саласында ауқымды іс-шаралар қолға алынып келеді. Латын әліпбиін рухани жаңғырудың өзегі деп білеміз. Бұл қазіргі заман технологиясының, коммуникациясының, сондай-ақ, ХХІ ғасырдың ғылым және білім беру үдерісінің талаптарынан туындап отыр. Мектептерде латынша оқыта бастау үшін мұғалімдер арнайы дайындықтан өтіп, алдымен өздері жаңа қаріпке үйренетін болады. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өңірлік филиалдары мамандарына арнап “Латын әліпбиіне көшу: мәселе, жағдай, ұсыныс” атты вебинарлар өткізе бастады. Жуырда мұндай онлайн режімдегі курстарға “Өрлеу” БАҰО” АҚ-ның Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалдарының мамандары да қатысты. Оған латын әліпбиін зерттеп жүрген тіл мамандары да шақырылды. Осы вебинар қорытындысы бойынша біздің институт жаттықтырушылары мектеп ұстаздарына арналған курстық бағдарламалар жасауы тиіс. Бұл жұмысқа әзірге кірісе қойған жоқпыз. Өйткені, латыншаға үйрету үшін емле ережелерінің бекітілгенін күтуіміз керек. Бүгінде бұл мәселемен еліміздің ғалымдары айналысуда. Кейбір дыбыстарды таңбамен белгілеуге қатысты әлі де ұсыныстар легі жалғасып жатыр. Мәселен, “ш” мен “ч”-ны екі әріптің қосарлануы арқылы немесе бір таңбамен ғана белгілеу мәселесі қаралуда. Вебинар барысында орталық мамандары осындай мәселелерге көңіл аудартып, талдау жүргізді.
Латын графикасына негізделген қазақ алфавитін үйрету мақсатында біздің институт пәндік-тілдік арнайы біліктілік арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан баршамыздың алдымызда үлкен міндет тұр.
Балғаным ОСПАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы өңірлік филиалы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.