«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРДЫҢ АЛДЫ – ЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызметшілердің басы пәлеге қалып, істі болып жататын кездері аз емес. Бұл жолы Петропавл қалалық әкімдігінің бұрынғы үш бірдей қызметкері сот алдында жауап беруде. Олар не бүлдіріп қойды?

Петропавл қаласының “Жас өркен” шағынауданындағы жер үйлердің 2014-2017 жылдары сүрілетінін жақсы білген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі құқықтық жұмыс секторының меңгерушісі Балдырған Өмірсейітова, осы сектордың инспекторы Жанар Есетова, коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді бөлу, есепке алу жөніндегі инспектор Қобылан Өмірсейітов өз қызметтерін асыра пайдаланып, арам пиғылдарын жүзеге асырып отырған. Олармен ауыз жаласқан күдіктінің бірі – Медет Сағди. Бірақ ол мемлекеттік қызметші емес. Олардың бұл әрекетін Ұлттық бюроның облыстық департаментінің тергеушілері әшкере етті. Күдіктілерге мемлекет қазынасына 314 642 621 теңге шығын келтірді, қызметтерін асыра пайдаланып, алаяқтық жасады деген айып тағылуда.

Ауыз жаласқан үшеу “Жас өркен” шағынауданындағы ескі үйлерді арзан бағаға сатып алумен айналысқан. Ал олардың бұрынғы иелеріне дұрыс мәлімет бермей, адастырып отырған. Мысалы, жәбірленушінің бірі үйі өртенгеннен кейін қалалық әкімдікке барып, көмек сұрайды. Бірақ Балдырған Өмірсейітова бұл мақсатқа әкімдікте не қаржы, не үй қарастырылмағанын айтып, шығарып салады. Кейін 2014 жылдың қазан айында оған өзі хабарласып, өртке оранған үйін ескі үлгідегі 2 бөлмелі пәтерге айырбастауға ұсыныс жасайды. Сотта жауап берген әйел алдымен мемлекеттік қызметшінің жанашырлығына күмәнданғанымен, “арамдық ойламаймын, қиындыққа душар болған саған көмек бергім келеді” деген сөзіне сеніп қалғанын айтуда. Кейін екеуі нотариалды түрде сату-сатып алу келісімшартын жасайды. Бірақ сауда айырбас түрінде болғандықтан, қаржылай шаралар жүзеге аспаған.

Екі бөлмелі пәтерге қолы жеткен жәбірленушінің қуанышы ұзаққа созылмапты. Жөндеу жасалмаған әрі суық үйді көп ұзамай сатып жіберуіне тура келген. Жәбірленушінің реніші орынды. Балдырған Өмірсейітова оның өртенген үйі үшін жаңа пәтердің кілтін алған. Күдіктілер іздерін жасыру үшін сатып алған ескі үйлерді өздерінің туған-туыстарына ресімдеп отырған.

Прокурор Балдырған Өмірсейітоваға – сегіз, ал басқаларына алты жарым жылдан жаза кесуді сұрады. Сондай-ақ, олардың қылмыстық жолмен иелік еткен мүліктерін де тәркілеуді талап етуде. Бірақ күдіктілер сүттен ақ, судан тазамыз деп отыр. Қорғаушыларының ойынша, мемлекетке жер, ал тұрғындарға ақша ұсынған оларды алаяқтық жасады, мемлекетке шығын келтірді деп айыптау дұрыс емес. Сатып алынған үйлердің бәрі де заңды түрде ресімделіп отырған. “Бұл шағын аудандағы үйлердің сүрілетіні жайлы әкімдіктің бұрынғы қызметкерлері ғана емес, жалпы барша жұрт хабардар болды”, – дейді олар.

Абыройдан ақшаны биік қойған бұрынғы әкімдік қызметкерлерінің ісіне нүкте қойылатын күн де алыс емес. Соңғы шешімді судья айтады. Ендеше, күтейік.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp