Облыс орталығында Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайсар Тәштитовқа мемориалдық тақта орнатылды. Мемориалдық тақта “ЦУМ” сауда үйі ғимаратының қабырғасына ілінді.
1904 жылы дүниеге келген Қайсар Тәштитов Петропавлдағы орыс-қазақ және губерниялық кеңестік-партия мектептерінде білім алған. Одан кейін Свердлов атындағы Мәскеу коммунистік университетін тамамдаған. Кейін Қазақстан Комсомолының бірінші хатшысының орынбасары, бірінші хатшысы болып қызмет істеген. Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ жастарының сауаттылығы мен болашағы үшін күресті.
Ел басына қара бұлт үйірілген жантүршігерлік заманның зардабын тартып, алаш арыстары нақақтан-нақақ ату жазасына кесілген шақта Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитов те 1937 жылы қазан айында “халық жауы” ретінде тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды. Оның зайыбы Сағадат Тәштитованың да көрген азабы аз емес. Ол “АЛЖИР” естеліктер жинағында былай деп жазыпты: “Қайсарды бірнеше рет іздеп бардым. Ең соңғы рет байқағаным: оңбай жүдепті. Оңдырмай соққыға жыққаны білініп тұр. Маған айтқаны: “мен тазамын, қайта ораламын. Сен разверсткаға бар,” – дейді. Мен бұл сөзіне түсінбедім. Сол күні Ғабит Мүсіреповке келіп, “разверсткасы несі?” деп сұрасам, “тезірек елге кет, сені де ұстайды” дегені, расында мұнда көп тұрма”, – деді Ғабит”.
– Қайсар Тәштитов комсомол қозғалысына үлкен үлес қосты. Оның жары Сағадат Құдабайқызымен Алматыда оқып жүргенде таныстым. Ол туысқанымыз Софья Берденованың үйіне жиі келетін. Өйткені, олар “АЛЖИР” азабын 8 жыл бірге көрді, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова.
Мемориалдық тақтаны орнатуға “Одақ” бірлестігінің өкілдері мұрындық болғанын атап өткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.