«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРПАЗДАР ОТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өнер мектебі – дарынды балалардың басын біріктіріп, өнерін ұштап, үлкен өмірге қанат қақтыртып отырған іргелі ұйым. Мектептің бүгінгі тынысына қарап, осыдан бірнеше жыл бұрын жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны туралы айтуға ауыз бармайды.

Гүлмира Қоңқашова 1995 жылы Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық училищесін фортепьяно сыныбы бойынша аяқтап, аудан орталығындағы беделді білім ордасы – Куйбышев музыка мектебіне жұмысқа орналасады. Сол тұста мекемеге бөлінетін бюджеттік қаржы қысқартылып, мектеп өз күнін өзі көруге тиіс болады. Ақылы үйірмелерге келушілер де біртіндеп азаяды. Ұстаздар ұйымның жабылып қалмауына барынша күш салады. Ата-аналар төлейтін ақшаға жөндеу жүргізу де, материалдық базаны нығайту да мүмкін болмағаны анық. Сондықтан ауылдың қолы ашық азаматтарының ақша жинап, балаларды қуантқаны Гүлмира Сыздыққызының әлі күнге есінде. Осындай қиыншылық мектептегі тәрбиеленушілер санын 30-35-тен асыруға мүмкіндік бермеген. Ал елді мекенде музыкаға қызығушылық танытушы жастар әлде-қайда көп еді.

– 2009 жылы музыка мектебі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өнер мектебі деген атаумен жұмысын қайтадан жандандырды. Бұл кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ауылды жерлерде спорт, өнер салаларын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіле бастаған болатын. Алайда, бұған дейін мен басқа салаға кетуге мәжбүр болған едім. Көп ұзамай бұрынғы әріптестерім хабарласып, жұмысқа шақырды. Сөйтіп, қалаулы ісіме зор ықыласпен қайта кірістім, – дейді Гүлмира Сыздыққызы.

Құрамында Алексей Восковец, Евгений Фоменко сынды ауданның беткеұстар өнерпаздары бар ұжым Тахтоброт, Рузаевка, Чистополье ауылдарынан өнер мектебінің бөлімшелерін ашты. Осы кездері Гүлмира Сыздыққызы музыкалық білімін әрі қарай жетілдіруді ұйғарып, Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетке түседі. 2014 жылы ол мектеп директоры қызметіне ауысты. Содан бері өнер ордасының шығармашылық шыңнан көрінуіне де, қаржылық жағдайына да Гүлмира Сыздыққызы жауапты. Ол ұйымшыл ұжыммен бірлесе отырып, мектептің жаңа белестерге шығуына қол жеткізді.

Қазіргі уақытта бұл мектепте 1321 оқушы тәлім алуда. Аудан орталығындағы өнер ордасына 300-ден астам бала келсе, қалғандары ауылдардағы бөлімшелерде оқиды. Домбыра, аккордеон, баян, фортепьяно сыныптары бар. Ауылға Оңтүстік Қазақстан облысынан қобызшы маман көшіп келген соң қобыз сыныбы да ашылған. Мектеп екі жаңа ұлттық аспапты сатып алып, үйірмеге балаларды жинады.

Жастар арасында би үйірмесіне деген қызығушылықтың зор екені ауылдағы мектептен де байқалып отыр: мұнда небары бір мұғалім 100 балаға осы өнер түрінен дәріс береді. Мектепте соңғы жылдары ашылған сурет салу, ағаш ою, декоративті-қолданбалы өнер үйірмелеріне де қатысушылар қатары қалыңдап келеді.

– “Жас техник” үйірмесінде балалар көлік модельдерін жасай отырып, ойлау қабілетін шыңдайды, қол икемділігін арттырады. Бұдан бөлек робототехника үйірмесін ашсақ деген ойымыз бар. Сонымен қатар бүгінгі жастардың сұранысына сай болу үшін фотосуретші, бейнеоператор, режиссерлік шеберлік бойынша да сынып сағаттарын ұйымдастырмақпыз, – дейді Гүлмира Сыздыққызы.

Расында, қазіргі техника заманында мұның бәрі қажет-ақ. Алайда, шығармашылық тұлға ретінде ұжым басшысы ата-ана балаларының эстетикалық тәрбие алып, рухани баюына көбірек мән берсе деген тілегін де жасырмады. Мұнымен қоса, ата-аналардың балаларын өнер мектебіне бір-екі сағат отыра тұрсын деген пиғылмен әкеліп тастауына да қарсы.

– Кейбір алты жастағы балаларды қабылдап алғанымызда ата-анасының онымен мүлдем айналыспағанын байқаймыз. Қарапайым түстерді ажырата алмайтындар кездеседі. Бала ерте жастан оң-солын танып, дами бастауы керек емес пе? Өзге елдерде, мәселен, 5-6 жастағы бала күрделі музыкалық композицияларды орындап, әлемге танылып жатады. Бұл осы жастағы кез келген баланың жан-жақты дамып, жетілуіне болады деген сөз. Оның үстіне заман талабы да солай болып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында жас ұрпақты ерте жастан бастап оқытып, жан-жақты дамуын қолға алуымыз қажеттігін айтып өтті. Бұл сөзден ой түйіп, іске кірісуіміз керек. Ата-аналар да дарынды ұрпақ тәрбиелеп өсіруге барынша күш салуы қажет, – дейді ол.

Новоишимкалық өнерлі жастар облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, лайықты нәтиже көрсетіп жүр. Ал аудандық байқауларды көбінесе өздері ұйымдастырады. Республикалық сахналардың төрінде жүрген әншілері, Астана балет академиясына түскен бишілері бар. Өнер колледжінде білімдерін жалғастырып жүргендері қаншама?! Түлектер арасында мектепке маман ретінде оралып жатқандары да баршылық. “Жастарымыздың таңдаған жолынан таймай, өнер тұңғиығына бойлауы – біздің мықты педагогтеріміздің арқа сы”, – дейді мекеме басшысы. Расында, мұнда Болат Кущанов, Наталья Матюшко, Манат Айтқожин, Мұхтар Қасымов сынды үйретуден жалықпайтын, нағыз өнер иелері еңбек етіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысып жүр.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp