«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙБЫНДЫ БАТЫРҒА — АСҚАҚ ЕСКЕРТКІШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің іргесін бекемдеп, ентелеген жаумен күресте ерен ерлік көрсеткен батыр бабаларымыздың есімі ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді. Облыс орталығында даңқты қолбасшы, абыз жырау, көрнекті мемлекет қайраткері Қожаберген Толыбайұлына еңселі ескерткіш ашылды.

Қалаға кіреберістегі айналма жолдың қақ ортасына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қызылжарлықтар көптеп жиналды. Қалың қауым бір-бірін құттықтап, баһадүрдің айбарлы тұлғасына сүйсініп, “бәрекелді!” десті. Расымен де, биіктігі 12 метр болатын ескерткіш алыстан “мен мұндалайды”. Тұлпарға мініп, бір қолына домбырасын, екінші қолына өзі жазған “Жеті жарғы” заңдар жинағын ұстаған бабамыздың қола ескерткішін белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалдин жасады. Салмағы 5,5 тонна ескерткіштің тұғыры граниттен соғылыпты.

Салтанатқа жиналған қауым алдында “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, елімізде тарихи тұлғаларды ұлықтау, өткенімізді ұмытпау мақсатында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап айтты.

– Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын. Содан бері еліміздің барлық өңірлерінде төл құндылықтарды дәріптеуге, ұлттық кодымызды қастерлеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бағдарламасы Қазақстанның рухани дамуына үлкен серпіліс бергені сөзсіз. Бүгінгі ашылған еңселі ескерткіш те осы бағдарламаның бір жемісі.

Ел басына күн туғанда атқа қонған арқалы батырдың ескерткішінің туған топырағында ашылуы үлкен оқиға, – деген Мәулен Сағатханұлы ерлерді еске алудың жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы зор екенін атап көрсетті.

Бұдан соң сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов еліне қорған болған батыр ескерткіші тұтастығымыздың, бірлігіміздің дәлелі екенін айтты.

– Биыл өңірімізде Сегіз сері Шақшақовтың, Ақан сері Қорамсаұлының, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мерейтойлары аталып өтті. Бүгін, міне, Қожаберген батырдың рухына тағзым етуге жиналып отырмыз. Абылай және Тәуке хандардың кеңесшісі болып, “Жеті жарғы” заңдар жинағының жарық көруіне елеулі үлес қосқан бабамыздың есімін ұмытпауымыз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

Салтанат барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов абыз жыраудың өміріне шолу жасап, үш жүздің сарбаздарының басын біріктірген қолбасының ерлігі әрқашан ұлықталуы тиіс деген ойын жеткізді. Ал “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев батырға ескерткіш ашу мәселесі 2013 жылы Астана қаласында өткен халықаралық конференцияда қозғалғанын, араға бес жыл салып, осы мәселенің шешілуіне көмек берген Құмар Іргебайұлына ризашылығын білдіріп, оған жырау шығармаларының жинағын табыстады.

Жиында сөз алған еңбек ардагері Александр Липовой мен “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов шараның маңызына тоқталды. “Біз атақ-даңқы бүкіл әлемге тараған “Мәңгілік Ел” боламыз десек, ең алдымен, тарихымызға құрметпен қарап, ұлттың азаттығы, бүгінгі және келер ұрпақтың бақытты болашағы үшін күрескен ұлыларымызды еске алып, оларды әрдайым ұлықтай білуіміз керек”, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы игі істерге жұдырықтай жұмылып үлесін қосып жүрген ел азаматтарына алғысын айтты.

Бұдан соң жұрт абыз жыраудың рухына тағзым етіп, ескерткішті гүл шоқтарымен көмкерді.

 Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp