“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылады. Бұл алқалы жиынға кеңес мүшелерімен қатар партия белсенділері, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.
– Елбасымыз өзінің жаңа Жолдауы арқылы еліміздің алдағы жылдардағы бағыт-бағдары мен асқаралы міндеттерін айқындап берді. Бұл Жолдаудың ең басты ерекшелігі халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауға әбден болады. Шын мәнінде, Жолдауда айтылған барлық басымдықтар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың бәсекеге қабілеттіліктерін көтеретін тиімді тетіктер. Ал бұл – әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылуды көздейтін біз үшін басты талаптардың бірі. Президент Жолдауда бүгінде жаһандық және жергілікті мәселелердің шиеленісе түскенін, мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы адамның дамуы екенін айтты, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева. Қоғамдық кеңес жиналысында “Дүниежүзілік қазақтар кауымдастығы” облыстық филиалының төрағасы Сағындық Салмұрзин мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерге тоқталды.
Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап дамудың дара жолымен жүріп келеді. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге жеттік. Түрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік қоғамдастықтың сенімін абыроймен ақтадық. Сол арқылы дүниежүзіне бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық. Қазір әлемнің үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатқаны да белгілі.
Жолдауда айтылған алты бағытта халықты алаңдатқан ең өзекті және күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашып берді. Соның ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына сай мемлекеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалға берілген нақты жауап болды. Әсіресе, Елбасының білім беру, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді баспана, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру сияқты халықтың күнделікті өміріндегі салаларға ерекше мән беруі, ешбір әсірелеусіз, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін игі қадам. Сол себепті де бұл басымдықтарды халық бірден қолдап, олардың нәтижелі жүзеге асырылуына “Нұр Отан” партиясының мүшелері белсенді қатысуы тиіс. Әрине, бұл басымдықтар бойынша осыған дейін де елімізде көптеген бағдарламалар қабылданып, саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғырулар қолға алынғаны белгілі.
“Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауды Мемлекет басшысының бүгінге дейінгі барлық бастамаларының лайықты жалғасы деуге толық негіз бар. Елбасының сенімді тірегі, елмен етене жұмыс істейтін партия ретінде “Нұр Отан” Жолдаудың мәні мен маңызын әрбір қазақстандыққа түсіндіріп, оның табысты орындалуына өз үлесін қосатын болады деген ортақ шешімге келді “Мирас” қоғамдық кеңесінің мүшелері.
Мирас НАЗАРОВ,
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінің хатшысы.