Азаматтарға өмір сүру үшін қолайлы орта қалыптастыру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгілеген басым бағыттардың бірі. Тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруі үшін аулалар мен үйлердің маңындағы аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары соңғы уақыттарда белсенді жүргізілуде.
Аталмыш мәселені шешудегі маңызды қадам – бейнебақылау жүйесін қолдану аясы да кеңейіп келеді. Учаскелік полиция пункттеріне жалғанған бейнекамералардың орнатылуы тәртіп сақшыларына да үлкен көмек болды. Мәселен, Петропавл қаласының жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция майоры Асан Смағұловтың айтуынша, жыл басынан бері мұндай камералардың көмегімен үш мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде ұрлық, денсаулыққа зиян келтіру сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар да бар.
– Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, сыртқы бақылау жүйесін қолдану көшелердегі қылмыстарды, тіпті, пәтер ұрлықтарын да тез арада ашуға көмектеседі. Бұдан бөлек бейнекамералар тіркеген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар толтыру барысында ешбір дау туындамайды. Бұл да полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді, – деді облыстық ішкі істер департаментінің жедел жоспарлау басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бақытжан Әлібеков.
Қазіргі уақытта облыс орталығы мен аудандарындағы бейнебақылау жүйесінде бір мыңнан астам камера орнатылған. Петропавлда бейнебақылау жүйесімен 608 үйдің кіреберісі жарақталған. Мұндай камералар саны да мыңнан асады. Жыл соңына дейін бұл жүйеге бір жүзден астам үй кіреберістерін қосу жоспарланып отыр.
Өткен тоғыз айдың ішінде жедел басқару орталығы бейнекамераларының көмегімен барлығы 13 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық пен 115 қылмыс анықталды. Ал бейнебақылау материалдарын қолдану арқылы 500 қылмыс ашылды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.