«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРҚАТАР КЕДЕРГІЛЕР БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын өңір жұртшылығына түсіндіру мақсатында Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы облысымызға жұмыс сапарымен келді.

Меймандар алдымен облыстық әділет департаментінде жергілікті басқарушы органдардың өкілдерімен кездесті. Іс-шара барысында нормативтік-құқықтық актілерді интернет-портал арқылы мемлекеттік тіркеу жайы талқыланды.

– Биылғы жылдың тоғыз айында департаментке 567 нормативтік-құқықтық акт түсіп, соның 456-сы тіркелді. Қосымша құқықтық мониторинг жүргізу барысында 124 акт пен 38 ақпараттық хатта заң бұзушылық орын алғаны анықталып, оларды жою туралы 101 ұсыным әзірленді. Сонымен қатар есепті кезеңде жергілікті мемлекеттік органдардың 18 субъектісі тексеріліп, нәтижесі бойынша төрт әкімшілік іс қозғалды, – деді облыстық әділет департаментінің басшысы Мақсат Сатыбалдин.

Биылғы жылдың маусым айында нормативтік-құқықтық актілерді тіркеуді электронды форматқа ауыстыру мақсатында Үкіметтің “Нормативтік-құқықтық актілерді ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы” қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл үрдістің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін үстіміздегі жылдың шілде айынан еліміздегі барлық мемлекеттік органдар актілерді электронды түрде жүргізуге көшуде. Ал келесі жылдың басында бұл жүйеге ауылдық округтер де қосылмақ.

Мақсат Сатыбалдиннің айтуынша, бүгінде электронды форматқа көшу үшін бірқатар техникалық мәселелерді шешу қажет. Мәселен, жүйеде бірлескен актілерді құрастыруға және мәслихатта қабылданған актілерді тіркеуге арналған қызметтер қарастырылмаған. Интернет-порталға қосылмаған мемлекеттік органдардың актілерін қабылдау барысында да бірқатар кемшін тұстар бар екен.

Бұдан кейін жұмыс тобы Шал ақын және Есіл аудандарында болып, бюджеттік және басқа да сала өкілдерімен кездесті. Эльвира Әбілқасымқызы Елбасы Жолдауындағы денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру сияқты бірқатар бағыт бойынша жүктелген міндеттерге тоқталды. Аудан тұрғындары, негізінен, ауылды дамыту, медицина саласы, еңбекақыны көбейту және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы жайлы толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp