«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІК ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері барлық өңірлер Елбасының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға жұмылған. Біздің облыста да бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келді.

Сапар барысында ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарда болды. Сондай-ақ, партия мүшелерімен және жастармен кездесіп, Жолдаудың мәні мен маңызын талқылады.

Партия өкілдері алдымен облыс орталығындағы “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамына ат басын бұрды. Бұл кәсіпорынның тоқсан жылдық тарихы бар. Бүгіндері зауыт еліміз бойынша 3D-принтерлерді шығаратын бірден-бір кәсіпорын болып саналады. Сондай-ақ, мұнда дәлдігі жағынан бесінші дәрежелі баспа платалары, мұнай-газ, теміржол, цифрлы телевизия және ұялы байланыс кешендеріне арналған өнімдер өндіріледі.

Зауыттың жұмысымен танысқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарының бірі дәл осы экономиканың инновациялық және қызмет көрсету секторын дамытуға арналғанына назар аударды. Өндіріс ошағы даму жолымен алға басып келеді деуге толық негіз бар. Инновациялық белсенділік деңгейі жағынан петропавлдық зауыт еліміз бойынша үшінші орында тұр. Мұның өзі оның жұмысының тиімділігін көрсетеді.

Сонымен қатар Қызылжар өңірі мемлекеттің бизнесті қолдауға арналған шараларын жүзеге асыру тарапынан да алдыңғы орындарда екенін ерекше атап өткен жөн. Сондай кәсіпорындардың бірі – “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорынға “Нұр Отан” партиясының өкілдері арнайы барып, мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асырылған жұмыстардың барысымен танысты. “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын 2 млрд. теңгеден астам демеуқаржы алған. Соның нәтижесінде кәсіпкер Дмитрий Шарапаев кәсібін дөңгелетіп, 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазір Петропавл қаласында азық-түлік өнімдерін, халық жиі тұтынатын пластиктен жасалған тауарларды, сондай-ақ, әртүрлі темір-бетон бұйымдарын өндіру ісі жүйелі жолға қойылған. Мұнда қазір құрғақ таңғы ас, жүгері таяқшалары, тез дайындалатын кеспе, пластик ыдыс-аяқ, шелек, күрек сияқты барлығы 500-ден астам тауар түрі өндіріледі. Ал бұрын мұның бәрі Ресей мен Қытайдан импортталатын. Енді өндіріс орны тек ішкі сұранысты ғана қамтамасыз етіп қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығаруға да мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтуді көздейтін Дмитрий Шарапаев жалпы құны 10 млрд. теңге болатын төрт бірдей жобаны жүзеге асырмақ. Соның нәтижесінде тағы 400 адамды жұмыспен қамтуға жол ашылмақ.

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске үнемі қолдау көрсетіп, оны дамытуға зор маңыз беріп отырғанын атап өтті. Биылғы Жолдауда да Елбасы өзінің тиімділігін көрсеткен “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, сол үшін жыл сайын қосымша 30 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Президенттің осы бастамасының арқасында 3 жыл ішінде қосымша 22 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 224 млрд. теңге салық түсіруге және 3 трлн. теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік тумақ.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде кездесу ұйымдастырылып, оған жоғары және орта оқу орындарының, соның ішінде “Серпін – 2050” бағдарламасымен оқып жүрген студенттер қатысты. Кездесуде Елбасының Жолдауда жас буынға үлкен көңіл бөлгені, білімге жасалған қолдау жастарға беріліп отырған зор мүмкіндік екені жан-жақты айтылды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының келесі жылды “Жастар жылы” деп жариялауының мәнін, жоғары оқу орындарына арналған қосымша гранттар мен жатақхана құрылысына қатысты Президенттің әлеуметтік бастамаларының маңызын кеңінен сөз етті. Өз кезегінде жастар әлеуметтік сипатқа ие жаңа Жолдауды қолдайтындарын жеткізіп, өздерінің пікірлерін білдірді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp