«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРКІНЕ КӨЗ ТОЯДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың қараша айында Петропавл қаласында Қазақстан – Ресей елдерінің XV ынтымақтастық форумы өтеді. Ішкі туризмді дамыту мәселесі талқыланатын жиын барысында еліміздің солтүстік қақпасы саналатын қаламызға жүздеген мейман ат басын тірейді. Осы елеулі оқиғаға даярлық жұмыстары былтырдан бері қызу жүргізілуде. Форум аясында атқарылып жатқан істер жайлы облыс тұрғындарының ойларын сұрап білдік.

Зейнеп САЙРАНҚЫЗЫ,зейнеткер:

– Бұл форумның қарсаңында қолға алынып жатқан жұмыстардың қаламыздың көркеюіне тигізіп жатқан әсері айқын көрінеді. Меймандардың облыс орталығына оңтүстік жақ кіреберістен келетіні ескеріліп, мұндағы көпір жөнделді. Жаңа көпірдің ұлттық нақыштағы өрнекті қоршаулары, диодты жарық шамдары көздің жауын алады. “Жас өркен” шағынауданы да адам танымастай өзгеретін болады. Бұл ауданда жүздеген жер үй сүріліп, олардың орындарында заманауи ғимараттар тұрғызылуда. Күні кеше шағынауданда әмбебап теннис орталығының пайдалануға берілуі де спортсүйер қауымды ерекше қуантты.

 Дархан ЖҰМАҒАЗИН, кәсіпкер:

– Ең алдымен, петропавлдықтар үшін Оқушылар сарайының ашылатындығы жақсы жаңалық болды. Осы форум сарайдың конференцзалында өтеді деп жоспарланыпты. Жалпы облысымыздың ІТ-орталығына айналатын бұл нысан жастардың сүйікті орнына айналады.

Қалада ескі аялдамалардың жаңасына ауыстырылып жатқаны да жақсы бастама. Өйткені, олар да қала көркіне ерекше сән қосады. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының алдындағы аялдама қандай әдемі!

Қаламызда әбден то­зығы жеткен ескі үйлер бар шағынаудандар көп қой. Олар абаттандырылып, жаңадан мектеп, балабақша, саябақ ашылып жатса, бізге одан артық қандай қамқорлық керек?!

Ерболат ҚАБЫШ, студент:

– Күнделікті оқудан немесе жұмыстан шаршайтын қала тұрғындары кешкісін саябақтарда бой жазып, демалып қайтқанды жөн көреді. Осыны ескерген облыс басшылығы биыл тұрғындар үшін демалыс орындарының санын көбейтті.

Соңғы жылдары қаламызда оқитын студенттердің қатары артуда. Облыс орталығында түрлі саябақтардың пайда болуы, әсіресе, солардың көңілінен шығуда. Ярослав Гашек, Жәлел Қизатов, Жамбыл көшелерінің бойында салынған шағын демалыс орындарына жастар жиі барады. Қаланың аз уақытта жаңа кейіпке енуі қуантады.

Дайындаған Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp