М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қожаберген жырау – Тәуелсіздіктің, Қазақ мемлекеттілігінің және халық бірлігінің символы” атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Қызылжардың киелі топырағында дүниеге келген даңқты қолбасшы, абыз жырау Қожаберген бабамыздың 355 жылдығына арналған айтулы шарада қоғам қайраткерлері, белгілі тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер ойларын ортаға салды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысып, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
Тарихи тұлғаны ұлықтаған елдің қуанышына ортақтасу үшін жер-жерден келген қонақтардың қарасы қалың. Абыз жырау, айбынды батырдың рухына тағзым еткен қауым алдымен Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен шығармашылығы қамтылған кітап көрмесін тамашалады.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында өңірімізде ауқымды шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Оның ішінде тарихи тұлғаның бірі әрі бірегейі Қожаберген бабамыздың 355 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференцияны ерекше атап өткен жөн. Даңқты қолбасшыны халық әрқашан мақтан етеді. Баһадүр бабамыздың “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” заманында шығарылған “Елім-ай” дастаны – халыққа аманаттаған асыл мұра, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы ақын, мемлекет қайраткері Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге қосқан зор үлесі үшін Хангелді Әбжанов, Талас Омарбеков, Бекет Тұрғараұлы, Аманжол Күзембайұлы, Баянғали Әлімжанов, Сабыр Қасымов, Қазыбек Сатыбалдин сияқты қазақ руханиятының жанашырларына облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы республикалық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков “Қожаберген Толыбайұлы: жазба және ауызша деректер не дейді?” атты баяндамасында:
– Қожаберген бабамыз тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған біздің көптеген қайраткерлеріміз сияқты тарих сахнасында ескерусіз қалды. Батырды біліп, тану үшін оның шығармаларын оқу керек. Қожабергенге күмән келтірушілер оның шығармасымен танысқаны жөн. Зерттеушілердің біразы жыраудың Тәуке ханның заманында қабылданған “Жеті жарғы” заңы авторларының бірі болғанына орынсыз күдіктенеді. Екінші мәселе, қазақ халқының тағдыр талқысын, мұңзарын бейнелеген “Елім-ай” әні мен жырының авторы болып табылатынына күмән келтіретіндер де бар. Күні бүгінге дейін Абылай заманында есімі мұрағат құжаттарында жиі аталатын Қожаберген Жәнібекұлы мен әз Тәуке заманындағы Қожаберген Толыбайұлымен шатастырып, олардың ара-жігін ажырата алмайтын зерттеушілер де жоқ емес, – деді. Осыдан кейін Талас Омарбекұлы абыз жыраудың шығармаларына тоқталды. Сондай-ақ, ол батырды мемлекет қайраткері, данышпан қолбасшы, қазақтың рухани тұлғасы ретінде құрметтеп, тарих оқулықтарында оның есімі кеңінен аталуы тиіс екенін айтты. Әсіресе, оқушылар Қожабергеннің рухымен тәрбиеленуі тиіс, – деді.
“Мемлекет тарихы” институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяғанның “Ел тұтастығы үшін күрескен қаһарман тұл ға – Қожаберген жырау” атты баяндамасын да қатысушылар ұйып тыңдады. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжардың киелі топырағында дүниеге келген марғасқа ұлдың мұқым елдің мақтанышына айналғанын тілге тиек еткен баяндамашы айтулы шараның мәртебесі асқақ екенін жеткізді. Араб, парсы тілдерін жетік меңгерген дауылпаз бабаның өміріне, оның ақындық қырына тоқталды. Елшілік қызмет атқарып, ордабасы, қолбасшы болған батырдың жоңғар соғысындағы ерліктері де тарихтан аян. Осындай баһадүр бабамызды жастарға үлгі еткен ол айбынды батыр жайлы тың деректер келтірсе, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы тұлғатану мәселелерін сөз етті. Батыр тұлғасы жайлы сыр шерткен ғалым жыраудың мұраларына текстологиялық зерттеу жүргізу керектігін жеткізді.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің “Рухани жаңғыру” гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ербол Абайділдинов, Ұлттық ұлан әскери институтының әскери педагогика және психология кафедрасының бастығы, подполковник Мұрат Шапашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Қаһарман” қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымовтың да баяндамалары мазмұнды болды. Алты алаштың айбары, руханиятымыздың төлқұжаты Қожаберген жырау туралы толымды пікір білдірген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов қазақ елінің ру, тайпалық құрылымына тоқталып, батырдың нағашы жұрты кім екенін де жіпке тізгендей айтып берді.
“Қожаберген жыраудың анасы – Ақбілек. Баянауылдық. Сүйегі – Сүйіндік. Ақбілек деген өзен болған. Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романы соған айғақ. Аты ұмытылмасын деген ниетпен қойған”, – деді Серік Негимұлы.
“Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерзаңгері Бекет Тұрғараұлы қайтпас қайсар батыр, қаһарман қолбасшының, елдестірген елшінің тарихтағы рөліне баса тоқталды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов Қожабергеннің жыраулық өнері жайында толғады. Қаланың кіреберісіне қойылған Қожабергеннің ескерткіші жай ғана тас мүсін емес, топырақтан, тарихтан нәр алып тұрған рухани символикалық бейне екенін жеткізді.
Қазақтың көрнекті тұлғасын ардақтаған ақынның бірауыз өлеңі көптің рухын асқақтатып, Қызылжардай текті елдің тұғырын биікке көтерді. Конференцияда ұлттық рухты жоғары ұстап, қазақ халқының біртуар дарындарын ұмытпай, есімін тірілтуге үлес қосқан бір топ азаматтың еңбегі еленіп, оларға универститет ректоры Серік Өмірбаев Манаш Қозыбаев атындағы медаль табыс етті.
“Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын!”, – деп жырлаған дауылпаз ақынның ұрпаққа ұран болған аманаты бүгінде “Мәңгілік Елдің” мәртебесін айғақтап тұрғандай. Тарихи ізденіс пен тағылымға толы конференциядан осындай ой түйдік.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.