«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің үстіміздегі жылғы соңғы отырысында 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасының өңірімізде орындалуы және “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының жұмысы қаралды.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары, атқарушы органдардың басшылары, партия белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Партияның сайлауалды бағдарламасының “Денсаулық сақтау” бағыты бойынша комиссиясының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Белоног пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасады. Комиссияның жоспарына сәйкес екі жыл ішінде оның он бір отырысында, республикалық жеті селекторлық кеңесте денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері талқыланған. Бұл отырыстарға медицина ұйымдарының басшыларымен қатар жергілікті билік өкілдері де шақырылып, мәселені шешудің тиімді жолдары қарастырылған. Онда қабылданған шешімдер облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберілген. Соңғы жылдары бұл салада оң көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Өңіріміздегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарып келеді. Алайда, өңірімізде екі жүзден астам дәрігер жетіспейді. Облыс орталығында 700 кереуеттік көпбейінді аурухана және оның жанынан 100 пәтерлік дәрігерлерге арналған көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Облысымыздың 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында денсаулық сақтау мәселесіне көп көңіл бөлінген.

– Бүгінгі таңда өңірімізде “Жас Отан” жастар қанатының он мыңнан астам мүшесі бар. Партияның бірде-бір жобасы жасотандықтардың назарынан тыс қалған емес. Үстіміздегі жылы қабылданған “English for jastar” қанатқақты жобасы бойынша шетелден келген еріктілермен бірге біздің жасотандықтар алты ауданда 500-ден аса мектеп оқушыларының ағылшынша сөйлеу шеберліктерін жетілдірді. Жастар арасындағы үздік IT-жобалар мен ақпараттық технологияларды қолдауға бағытталған партияның “NURINTECH” жобасы жастарға үлкен мүмкіндік, – деді “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысында қаралған мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылданды. “Үздік бастауыш партия ұйымы” және “Үздік қоғамдық қабылдау” республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісі мен Құрмет грамотасы табыс етілді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp