«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚҚА АШЫҚ ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдыңғы буынның толысқан тәжірибесін кейінгі толқыны жалын-жігерімен жалғай білсе, бұл қоғамның қашанда мерейі үстем болмақ. Әсіресе, ғылыми-техникалық даму заманында, бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған уақытта жастардың белсенділігі аса қажет. Ол үшін, әрине, осы буынға деген қамқорлықтың күшейтілгені маңызды.

Келер жыл жастар үшін айрықша мәнді болмақ. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Соған орай жастар мәселелері ел саясатының барлық бағытында елеулі түрде ескеріліп, жас қазақстандықтарды қолдау жүйесі жетілдіріле түседі, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін шараларға арналған қаржы ұлғайып, өңірлердегі инфрақұрылымның сапасы жоғарылайды. Осы мүмкіндіктерді асыға күткен жастарымыздың өзі де текке қарап отырмаса абзал. Елімізде бұрыннан жастар үшін қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлініп келеді, дегенмен, олардың нәтижелілігі жастардың өзіне де байланысты.

Мен оқитын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің белсенді жастары білім мекемесі ішіндегі ғана емес, өңірлік, республикалық деңгейдегі қоғамдық маңызды іс-шараларға қатысып, ел азаматы және жастар өкілі ретіндегі ұстанымдарын таныта білуде. Білім мен өнер, спорттық сайыстарда үздік атанып жүргендер қаншама? Жанарында от, жүрегінде жалыны бар жастар қашан да қолдауға лайық. Университет студенттері арасында президент, облыс әкімі, ректор шәкіртақысының ондаған иегері бар. Жыл сайын жиырма шақты студент пен магистрант шетелдерде білім алып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Мұның бәрі жастарымыздың білім сапасын арттыру, білікті кадрларды даярлау мәселесіне оң әсерін тигізуде.

Биылғы жыл студенттер мен мектепті тамамдаған жастар үшін көп игілігін әкелді. Еліміздегі жоғары оқу орындары сияқты СҚМУ-ге де грант есебінен оқуға түскен талапкерлердің саны артты. Жатақхана жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табар уақыт алыс емес. Мұның бәрі Президенттің биыл жариялаған бес әлеуметтік бастамасының арқасында іске асып келеді.

Мен болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік бере алатын елдің азаматы болғаныма қуанамын. Бар арман-тілегімнің орындалуы, Отанымның көркеюіне сүбелі үлес қосуым үшін терең білім алып, аянбай еңбек етуге бел будым. Осы мақсатым университет бойынша “Жыл студенті” атануыма жол ашты. Мен үшін биылғы жылдың басты жемісі осы болды.

Мөлдір АЛТАЙ, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp