«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАННДЫ БАҒЫНДЫРҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Франция төрінде 71-ші мәрте ұйымдастырылған Канн кинофестивалі еліміз үшін табысты болғаны сөзсіз. Режиссер Сергей Дворцевойдың “Айка” фильмінде басты рөлді сомдаған қазақтың талантты қызы Самал Есләмова топ жарып, “Үздік әйел рөлі” аталымында жүлдегер атанғанын естігенде, қуанбаған қазақ кемде-кем шығар. Төрткүл дүниені талантымен табындырған жерлесімізбен “Soltústіk Qazaqstan” газетінің ұжымы да емен-жарқын әңгімелесіп, сыр-сұхбат алған болатынбыз.

– Самал Ілиясқызы, адам баласы үшін дүние есігін ашқан елі мен жері қымбат. Барлығы да осы бір табиғат аясында, ата-ана бауырында бүр жарып, қанат жаятыны анық. Өнерге құштарлығыңыз да алтын бесік – ауылыңызда оянған шығар?

– Балалық шағым кіндік қаным тамған Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында өтті. Ата-анам – өнерге жақын жандар. Әйтсе де, менің бала кездегі арманым – журналист болу еді. Осылайша, 11 сыныпты аяқтаған соң арман жетегінде Петропавлға келіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына құжат тапсырған болатынмын. Алайда, тест сұрақтарын алмастырып алып, мемлекеттік грант алуға ұпайым жетпей қалды. Сол уақытта белгілі режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жанынан біржылдық актерлік курс ашты. Бір жыл сонда оқып, келесі жылы тағы да журналистика мамандығына түсетін болып шештім. Бұйырған кетпес, қуған жетпес деген. Актерлік мамандықты ұнатып, білімімді осы салада жалғастыруды ұйғардым. Осылайша, келесі жылы өнер колледжіне оқуға қабылданып, кейін білімімді Мәскеудің Ресей театр өнері институтында жалғастырдым. Бала кездегі арманым орындалғанда, бәлкім, өздеріңіздей бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етер ме едім?!

– Франциядағы өнер додасында мәртебелі марапатқа ие болуыңыз – алты жылғы қажырлы еңбектің, асқан жауапкершіліктің, өз ісіңізге деген адалдықтың жемісі деп білеміз. Киноға түсу барысында есіңізде ерекше сақталған сәттерге тоқтала кетсеңіз.

– Киноның қызығы мен қиындығы қатар жүрді. Әрі әрқайсымыздан үлкен ізденісті талап етті. Режиссер екі сағат, өзгеміз төрт сағат қана көз шырымын алған кездер болды. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқ­тан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болд­ы. Осы қиындықтарды еңсеру жолында барлығымыз да бір адамдай тер төктік. Бірақ соның нәти­жесінде кино өнеріне байыпты көзқараспен, жауапкершілікпен қарап үйрендім.

“Айка” кинотуындысына баласын өмірге әкеле салып, одан бас тартқан жас келіншектің тағдыры арқау болған. Психологиялық тұрғыда көп із­дену керек болды. Оның үстіне отбасын құрып, әлі ана атанып үлгермеген мен үшін баласын өмірге әкеле салып, тұр­мыс тауқыметінің салдарынан одан бас тартуға мәжбүр болған қырғыз қы­зы­ның шарасыз, трагедиялы күйін шегіне жеткізе ойнауым керек. Ал менің барлық қимыл-қозғалысым тым жеңіл болатын. Жарық дүниеге перзент әкелгенде болатын қиналыстың табы да жоқ. Камерадан ештеңені де жасыра алмайсың. Мен үшін ең ауыры осы болды. Өзімді шаршаңқы сезіну үшін таң ата салысымен жүгіремін. Қатты шаршауға да болмайды. Ондайда рөлді алып шығу қиынға түседі.

Тіл үйренуде де бірқатар қиыншылықтар болды. Қырғыз тілін үйрену мақсатында Қырғызстанға бардым. Қазақ тіліне ұқсағанымен, қырғыз тілі мүлдем басқа. Эмоционалды сахналық қойылымдарды ойнап жатқан кезде қырғызша бес сөз айтсам, оның бесіншісі қазақ тілінде шығып жатты. Қайда жүрсең де қазақ тілі жадыңнан кетпейді, санаңнан өшпейді екен.

– Барлық қиындықты артқа тастап, Канн фестивалінде жеңіске жеткен кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Есімім аталған уақытта қобалжу болған жоқ. Ұлттық ерекшеліктеріміздің айғағы – оюлы көйлек киіп, алғысымды қазақша жеткізуді жөн деп санадым. Марапаттау рәсімінен кейін толассыз түскен құттықтау­лар көңілімді ерекше қуаныш­қа бөледі. Туған еліңнің ықыла­сын сезінуден асқан бақыт жоқ екенін түсіндім. Әр­дайым қолдап, жеңісіңе шын қуана білетін туып-өскен өлкем, ел-жұртыма зор риза­шылығымды білдіремін.

– Сіздің талантыңызға сенім артып, шығармашылық бағыңызды ашқан режиссер Сергей Дворцевой туралы айта кетсеңіз. Екі киносында да басты рөлді берген режиссердің таңдауы неліктен сізге түсті?

– Бұл сұрақты режиссерге қойған дұрыс болар. Алғашқы киносы “Қызғалдақтың” басты кейіпкерін сомдауда 19 жастағы қаршадай қазақ қызының мүмкіндігіне сенім артқан Сергей Дворцевойға алғысым шексіз. “Айка” фильміне түсуге ұсыныс жасаған кезде режиссер кино сценарийі бар құндылықтардың ұшар биігінде тұратын ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы екенін айтқанда, мен көп ойланбай келістім. Алғашқы фильммен салыстырғанда бұл кинотуындының тақырыптық және әлеуметтік сал­мағы ауырлау деуге болады.

– Канн фестивалінен кейін көп ұзамай “Айка” Германия, Жапония мемлекеттерінде өткен халықаралық фестивальдерде де Гран-приге ие болды. Өзіңіз де Түркияның халықаралық өнер додасында “Үздік актриса” атандыңыз. Енді міне, жақында “Айка” “Оскар” жүлдесіне үміткерлердің тізіміне енгені жайында естіп жатырмыз.

– Иә, кино “Үздік шетелдік фильм” аталымы бойынша “Оскар” жүлдесінің шортпарақшасына кірді. “Бұл аталымға бастапқыда 87 фильм қатысқан болатын. АҚШ киноакадемиясының шешімімен 9 фильм аталған аталым бойынша келесі кезеңге өтті. Әрине, бұл біз үшін зор қуаныш. Біз Каннға киноның қолжазбалық нұсқасын тапсырған едік. Содан соң жаз бойы оны жетілдірдік. “Оскарға” да кешіңкіреп тапсырдық. Ол енді киносыншылардың сараптамасынан өтеді. Фильм “Оскар” жүлдесін алып жатса, халқымыз үшін үлкен жетістік болар еді .

– Елімізден және шетелден қандай да бір ұсыныстар түсіп жатыр ма? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Өнерде шекара жоқ. Негізінен Ресейден ұсыныстар түсуде. Жобаның бірі ақпан айында басталады. Әйтсе де, Қазақстанмен тығыз байланыстамын. Туған жердің құдіреті мықты ғой. Менің де кіндігім туған жеріме байланған. Қазақстанға үш айда бір келмесем, тым сағынып кетемін.

Сәтін салса, отандық туындыларда да ойнайтын боламын. Өткен жылы “Қазақ батырлары” атты сериалда Қарасай батырдың анасының рөлін сомдадым. Бұл картинада Қарасай батырдың өмірі, ұлан-ғайыр өлкемізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырларымыздың ерлігі, ел басына күн туған заманда көрсеткен қайсарлығы, мемлекет тұтастығының маңызы көрсетіледі. Аталмыш фильм алдағы уақытта көрерменге жол тартады деп ойлаймын.

– Мәскеуде театрда жұмыс істейсіз бе, әлде еркін шығармашылықпен айналысасыз ба?

– Ресей театр өнері институтындағы режиссерлік факультетті тамамдаған соң театрға жұмысқа орналастым. “Айка” фильміне түсу туралы шешім қабылдағанымда театрда спектакльдерде ойнап жүрген болатынмын. Кино негізінен қар жауып тұрған кезде түсірілетін. Спектакль ойнайтын күні қалың қар жауып, киноны жалғастыру қажет болды. Ұжымды ыңғайсыз жағдайда қалдырмас үшін, театрмен қош айтысуға тура келді.

– Түсірілімнен тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?

– Түсірілім барлық негізгі уақытымды алатындықтан, бос уақытта демаламын. Термелер тыңдап, қазақ тіліндегі кітаптарды жиі оқуға тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp