“Тоқсанға келген жасым бар” деп жыр жампозы Жамбыл Жабаев жырлағандай, біз де кемел жастың төріне көтеріліп отырмыз. Ғасырға жуық ғұмырымның елу жылдан астамында өңір баспасөзінің қарашаңырағы саналатын облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетін үзбей оқып келемін.
Газеттің әр нөмірін ашып, парақтарына үңілген сайын ұлттық мәселелерді тереңнен қаузаған түйдек-түйдек мақалаларға, танымдық дүниелерге, қызықты сұхбаттарға көзіміз түсіп, оны дереу оқып шығуға ден қоятынымыз анық. Басылымның алғашқысынан бастап соңғы бетіне дейін зейін қойып оқып, көңілге түйгенімді немерелеріме айтып беруді әдетке айналдырғаныма да біраз уақыт болыпты.
Небір ұлы тұлғалар қызмет еткен газетке жазылу сылбыр жүріп жатқанын естіп, біліп отырмыз. Газет оқудың, оған қамқор болудың маңызы айтылған көлемді мақалалар мен басылым жанашырларының пайымды пікірлерін оқып, шынымды айтсам, жаным ауырады, жүрегім сыздайды. Қол қусырып қарап отыра алмадым. Ағайын-туысқа, құда-жекжатқа хабарласып, олардың “Soltústіk Qazaqstan”-ға жазылуларын қадағалағанымды да айта кеткім келеді.
Көп жасап, көпті көрдік қой. Кейде, осынша жасқа жетіп, ұрпақтарыма ақыл айтатын ақсақал атанғаныма да газеттің ықпалы тигенін жасырып қала алмаймын. Ондағы тағылымды мақалалардан ой түйдік. Енді соны жас ұрпаққа жеткізу міндет. Газет сол үшін қымбат!
Әнуарбек ЖАҚЫПОВ, еңбек ардагері. Қызылжар ауданы.