«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ЖІГІТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарлық Мұхаметжан ақсақал биылғы ақпанның 20-сын өзінің екінші туған күні деп есептейді. Себебі, сол күні ол алапат өрттен аман қалып, тоғыз күн бойы аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Өзін қызыл жалыннан кім құтқарғанын кейін журналистерден естіді. Содан бері облыстық полиция департаментінің қызметкері, аға сержант Сұлтан Қуанышевтің есімін аузынан тастамай, үнемі тілеуін тілеп отырады.

Мұхаметжан қарт жасы ұлғайып, жүріс-тұрысы ауырлай бастаған соң, отанасымен бірге қала шетіндегі жер үйін тастап, жайлы пәтерге көшкен еді. Ескі үйі сатыла қоймағандықтан, күнде өзі келіп, пешін жағып отыратын. Сол күні де от жағуға келіп, ауруханадан бірақ шығам деп ойламаса керек. Қанша жылдан бері тұтатып жүрген пеші дұрыс жана қоймай, қартты біраз әлекке салады. Ақыры қара түтін үйдің ішіне жайылып, ақсақалға иіс тиген.

Қалтарыс-бұлтарысы көп Былғары зауыты аумағында үйге кіретін жолды тауып алудың өзі қиын. Сондықтан “Жедел жәрдем” мен өртсөндірушілер жете алмай әрі-бері ойқастаған. Сұлтан Қуанышев сол күні әріптесі Руслан Мәкеновпен бірге кезекшілік атқарып жүрген болатын. Терезеден қара түтін шығып жатқан үйге бірнеше минуттың ішінде жетеді. Өзі қара түтін арасынан үй иесін іздеуге кірісіп, әріптесін дәрігерлер мен өртсөндірушілерге жол көрсетуге жұмсайды. Үйге кірсе, түтін қолқаны қауып, көз аштырмайды. Айқайлап дыбыс берген екен, ешкім жауап қатпапты. Өз өміріне қауіп төнгенін біле тұра, еңбектей жүріп пештің жанында есінен танып қалған үй иесін көтеріп далаға алып шыққан. Осы кезде “Жедел жәрдем” де келіп жеткен еді. Сұлтан зардап шеккен адамды көлікке отырғызуға көмектесіп, 3-ші қалалық ауруханаға дейін жеткізіп салыпты.

Полиция құрылымында ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау дәстүрі бар. Биыл мұндай жиын Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ұйымдастырылды. Сол күні жоғары марапатқа ие болған 15 әріптесінің арасында Сұлтанның омырауына “Қазіргі заман қаһарманы” медалі тағылды. Ішкі істер министрінің қолынан “Ерлігі үшін” және облыстық полиция департаменті бастығының қолынан “Қазақстан полициясына 25 жыл” медальдарын алған. Министрдің және облыстық полиция департаменті бастығының Құрмет грамоталары да бар. Жүзінен мейірім нұры төгілген ұяң жігіт, әріптестерінің айтуынша, қажет кезде қайсарлық танытып, өжет мінезімен даралана алады. Бескөл орта мектеп-гимназиясында, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы колледжде, кейін университетте оқыған ұлдарын ата-анасы Мұрат пен Ботагөз де мақтан тұтады. Жан жары Анаргүл арқа сүйер азаматының атын аузынан тастамайды. Өсіріп отырған 6 айлық ұлы Абылайхан есейе келе әкесіне ұқсап, атына заты сай нағыз ер атанар деген үміт бар.

– Сол сәтте мен қандай да бір ерлік жасадым деп ойламаған едім. Өзімнің қызметтік міндетіме сәйкес шақырту алған соң оқиға орнына барып, қиын жағдайға тап болған адамға көмектесу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Мен үшін ақсақалдың ақ батасының маңызы зор, ең басты марапат та осы, – дейді қаһарман жігіт.

Роза ШӘКЕНОВА, “Soltustik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp