Жаңа жыл мерекесі қарсаңында петропавлдық “ViZaVi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Қазақстанның үздік тауары” республикалық сайыс-көрмесінің “Үздік азық-түлік тауары” аталымында жеңіске жетті. Бұл облыс кәсіпорындары үшін үлкен табыс.
Өңіріміздің сауда нүктелерінде молынан кездесетін “Vizavi Company” ЖШС-і дайындаған тәттілер көпшілікке таныс. Осыдан он үш жыл бұрын ашылған кәсіпорын бүгінде облысымызда ғана емес, еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінің кондитерлік тағамдар нарығында танымалдыққа ие. Солтүстікқазақстандық брендке айналған кәсіпорынның тарихы “Сайдашева” жеке кәсіпкерлігінен басталды. Жыл санап өндіріс көлемін арттырған кәсіпкерлік кейін “Vizavi Company” болып атауын өзгертеді. Бүгінде серіктестік нарыққа сапалы өнім шығарудың нәтижесінде үлкен беделге ие болып отыр.
– Бастапқыда шағын кәсібімді ашқан уақытта әрбір өнімнің тұтынушымыздың көңілінен шығып, тағамның үй жағдайында дайындалғандай болуын көздеген едік. Сол дәстүр әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Қазіргі уақытта өнім түрі 150-ден, қызметкерлердің саны жүзден асты. Компаниямыздың бәлішіне, шығыс тәттілеріне, тоқашына, пахлавасы мен чак-чагына сүйсінетіндердің қатары қалың, – дейді кәсіпкер.
Серіктестіктің цехтарындағы өндіріс толық автоматтандырылған. Басшылық заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, жұмыс барысында тың технологияларды қолдану мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Атап айтқанда, өндіріс орнында бұған дейін атқарылған қол еңбегі ендігі кезекте халықаралық стандарттарға жауап беретін “80-LT” миксері, лазерлік кесу кешенінің көмегімен атқарылуда. Кәсіпорын пайдаланатын кондитерлік шикізаттардың басым бөлігі – қазақстандық өнімдер. Кейбір қоспалар ғана сырттан жеткізіледі.
Кәсіпкер дәмі тіл үйіретін тәттінің құпиясы классикалық рецептуралар мен дәстүрлі технологиялық үдерістерді қатаң сақтауда жатқанын атап айтты. Компания “Vizavi Company” атауымен шығаратын барлық кондитерлік өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді.
– Бүгінде “Vizavi Company” – сауда белгісі Қазақстандағы танымал брендтердің бірі. Біздің тағамдар табиғи заттардан өндірілетіндіктен, тұтынушының денсаулығына ешқандай зиян келтірмейтін сапалы өнім өндіру мәселесіне басымдық береміз. Қазіргі уақытта нарықта өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Алға қойған мақсаттарыма қол жеткізу үшін еңбекқор, білікті, жауапкершілігі мол ұжымыма арқа сүйеймін, – дейді Лейла Равильевна.
Компанияның өнімдері Астана, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған қалаларына дейін жеткізіледі. Сондай-ақ, ресейліктермен байланыс нығайып келеді. Омбы, Түмен, Қорған, Новосібір, Красноярск облыстарынан тапсырыс күннен-күнге көбеюде.
Серіктестік өндірісті кеңейту үшін банктің несие қаржысын, мемлекеттің демеуқаржылық көмегін тиімді пайдалануда. Былтыр “Бизнесті қолдаудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Борки кентінде қосымша цехты іске қосып, тағы қырық жұмыс орнын ашты. Цехтағы ескі құрылғылар “Сандоре” маркалы заманауи аппаратқа алмастырылған. Ендігі кезекте әрбір кондитер өнімінің құрамы, көлемі, салмағы компьютер көмегімен реттеледі.
Бүгінде кондитерлік цех мамандары дайындаған өнімдер облыс орталығындағы 635 сауда нүктесіне жол тартады.
– Біз бүгінгі нарық талаптарын ескереміз. Ол үшін өндірісті жаңғыртып отырудың жөні бөлек. Соның жемісін көріп те отырмыз. Республикалық “Қазақстанның үздік тауары” көрмесінің “Үздік азық-түлік тауары” аталымында жеңіске жетуіміздің өзі бізге алдағы уақытта зор міндеттер жүктейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – дейді Лейла Сайдашева.
Биылғы жылды табыспен аяқтаған серіктестіктің алдағы уақытта да зор белестерді бағындыруына тілектеспіз!
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.