«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осы аптада Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров Айсары, Алқатерек, Май және Ұялы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Аудандық мәслихат депутаттары, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары, жеке кәсіпкерлер, еңбек ардагерлері мен жастар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулерде әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына талдау жасап, алдағы іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

Есепті кезеңде өндірістік, әлеуметтік сала нысандары салынып, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар ағымдағы жөндеуден өткен, елді мекендерге су құбырлары тартылған. Алайда, бірқатар кемшіліктер де орын алған. Аудандағы егістік алқаптың бір гектарына салықтық жүктеме 500 теңге ғана болып отыр. Бұл орташа облыстық деңгейден әлдеқайда төмен көрсеткіш. Сонымен қатар ауыл еңбеккерлерінің айлық жалақысы да басқа аудандармен салыстырғанда едәуір төмен.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаға қатысу белсенділігі бәсең екенін атап айтты. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысқысы келген жеке тұлға жеңілдетілген несие ала алады. Қара мал, құс, басқа да түлік ұстауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ауылда тұратындар арасында көкөніс өсірушілер көп емес. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жұмыс баяу жүруде. Бүгіндері бизнес өкілдері ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуде бойкүйездік танытуда.

Есептік кездесу барысында ауылдық округ тұрғындары тарапынан мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жер телімін алу, сапалы ауызсумен жабдықтау, жолдарды, білім нысандарын жөндеу сияқты бірқатар өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.

Зейнеткер Марат Жетепов Алқатерек ауылынан 14 шақырым жерде орналасқан ұңғымадан су тарту мәселесін көтерді. Бүгіндері 2019-2021 жылдарға арналған елді мекендерді ауызсумен жабдықтау бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынған. Яғни, Алқатерек, Восход, Новосельское, Горьковское, Май, Ұялы, Ақсары ауылдарын ауызсумен жабдықтау жақсармақ. Алқатерек ауылына “Көкжайлау Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы көктемгі егіс жұмыстары барысында инвестиция құймақ. Май ауылының тұрғыны Айсұлу Жүсіпова “Қыпшақ” шаруа қожалығы үшін мал жаюға және шабындыққа жер бөлу туралы өтінішін білдірді. Зейнеткер Қайыркөш Жұматаев жол жөндеу мәселесін көтерді. Үстіміздегі жылы облыстық мақсаттағы Казгородок-Горьковское жолының үш шақырымы жөнделеді.

Кездесу барысында аудан әкімі Ербатыр Мадияров қойылған барлық сұрақтардың шешу жолдары мен орындалатын уақыты жайында толық түсініктеме берді. “Шешілмейтін мәселе жоқ, тек бірлесіп орындаған жағдайда ғана біз көздеген мұратымызға қол жеткіземіз”, – деді Ербатыр Қайыргелдіұлы.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp