«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СЫБАҒАНЫҢ” СЫЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда елімізде мал ша­руашылығын дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Фермерлер үшін ірі қара сатып алуға “Сыбаға” бағдарламасының көмегі мол. Жақында Тайынша ауданындағы Донецкое ауылына аталған бағдарламамен Чехиядан 61 бас асылтұқымды қара мал әкелінді.

Екі шаруашылықтың бірігуінен пайда болған “Донецкое – Нұрлы жол” серіктестігі егіншілікпен және мал өсірумен айналысады. Бұған дейін қорасында сүтті бағыттағы 450 бас малы болған. Кәсіпкер олардың қатарын симменталь тұқымды сиырлармен толтырып отыр. Сатып алынған малдан алдағы көктемде бірінші төл күтілуде.

– Мал шаруашылығын дамыту үшін жасалып жатқан мемлекеттік кө­мекке ризамыз. Биыл “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы мал сатып алу үшін несиелік қар­жы алдық. Алпыс миллион теңге бізге үлкен көмегін тигізді. Асылтұқымды малды бағу әлдеқайда пайдалы, себебі, ол жылдам жетіліп, тез семіреді, – дейді серіктестіктің директоры Сәкен Нұрғалиев.

Жеті күнде төрт елдің шекарасын асып жеткен қара малдарды бағу үшін қосымша екі малшы жұмысқа қабылданған. Қазіргі күні әке­лінген асылтұқымды мал арнайы карантиннен өткізіліп, қораға бөтен адамның кіруіне шектеу қойылған. Кәсіпкер симменталь тұқымды мал өсіру арқылы пайдаға кенелуге болатынын жақсы біледі. Бұзаулар күніне 1 килограмм салмақ қосатын болса, бір жарым жастағылардың салмағы 400 килограмға дейін жетеді.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары Айдар Төлеевтің айтуынша, асылтұқымды етті мал шаруашылығы сала­сында еңбек ететін фермерлерге қаржылық қолдау бар. Мәселен, бір фермер 82 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Мерзімі 15 жылға дейін. Оның үстіне фермерлер алғашқы екі жылда несие төлеуден босатылады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық жүзеге асыру керектігін, соның ішінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту қажеттігін айтқан болатын. Былтыр біздің филиал “Сыбаға” бағдарламасының аясында 3,4 млрд. теңгенің 747 жобасын қаржыландырды. Бұл қаражаттың 530,9 млн. теңгесі бір мың бас асылтұқымды қара мал сатып алуға жұмсалды. Ал биыл әзірше 150 бас мал сатып алу туралы 2 өтініш түсті. Алдағы уақытта қорасын малға толтыруды көздейтіндердің қатары қалыңдайтынына сенімдіміз, – дейді Айдар Маратұлы.

Сала мамандарының айтуынша, өткен жылдың соңында “Сыбаға” бағдарламасының шарттарына өзгеріс енгізілген. Ендігі кезекте шаруалар асылтұқымдымен қатар, тауарлық (асылтұқымды емес) малды да кепілдік ретінде қою мүмкіндігіне ие болып отыр.

Самат САПАРАЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp