Облыстық полиция және әділет департаменттері, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы алдағы уақытта борышкерлермен бірлесіп күресетін болды. Бұл туралы үш тарап өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Меморандум аясында сот шешімі мен үкімдерін орындамай жүрген азаматтарға қатысты шаралар қабылдау кезінде бірлескен іс-қимылдар жүргізілмек. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов сот шешімдерінің негізінде берілетін атқару құжаттарының міндетті түрде әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуде үш жақ та маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов айыппұлдары бар тұрғындармен жүргізілетін жұмыстарға шолу жасады.
Айыппұл салу туралы қаулыларды ерікті түрде орындау мерзімі өткен соң мәжбүрлеп өндіріп алу жөніндегі құжаттар өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына жіберіледі. Өткен жылы онда жалпы сомасы 91 миллион теңгені құрайтын 7,5 мыңнан астам қаулы жөнелтілген. Борышкерлерге қаулыны орындау туралы хабарламалар және тіркелген заң бұзушылықтар бойынша айыппұлды төлеу туралы ескертулер “Қазақтелеком”, “Қазпошта” АҚ-лары арқылы жіберіледі. SMS хабарламалар арқылы ақпараттандыру рәсімі де жүйелі пайдаланылуда. Бұлардан басқа “Борышкер” жедел-алдын алу акциясы өткізіледі. Бұл іс-шаралар құқық бұзушылардан айыппұлды, ата-аналардан алиментті, отбасы мүшелерінен еңбек ету қабілеті жоқ ата-аналарға күнкөріс үшін қажетті қаражатты өндіріп алуға көп көмегін тигізуде.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Мақсат Сатыбалдин ортақ іс-қимылдар бойынша қабылданатын құжат ресми сипатқа ие болмайтынын, керек жағдайда оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.