Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өткен кезекті жиында жастар арасындағы этносаралық достық тақырыбы сөз болды. Студенттерге арналған семинарды облыстық білім басқармасы және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы бірлесіп ұйымдастырды.
Бүгінде елімізде 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Жиында өскелең ұрпақ өзге этностардың ұлттық құндылықтарымен танысты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар студенттерді жастар арасында өтетін жобалардан хабардар етіп, белсене қатысуға шақырды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы ақпан айында жастар арасында жобалар байқауын ұйымдастырмақ. Оған өңір жастары да қатысып, әртүрлі салалар бойынша өз еңбектерін ұсына алады. Биылғы Жастар жылында осындай іс-шараларды өткізудің маңызы зор деп ойлаймын. Себебі, байқауға қатысушылар болашақта өз жобаларын қорғап, қоғамға өз үлестерін қоса алады, – дейді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Тең жол” автомектебінің директоры Сәлімхан Сәбитов.
Алдағы уақытта мұндай кездесулерді қаладағы басқа да оқу орындарында өткізу жоспарланып отыр.
“Қызылжар-Ақпарат”.