Қазіргі уақытта Мельбурнде “Australian Open” ашық біріншілігі өтуде. Бұл бәсекеге ерлер мен әйелдер арасында әлемнің ең үздік 270 теннисшісі қатысып, өзара сынға түсуде. Бәсекелі сайыста қазақстандық Зарина Диас пен Юлия Путинцева жұбы алғашқы айналымнан сүрінбей өтті.
Өздерінің тұсаукесер кездесуінде жерлестеріміз Ресей мен Словения елдерінің өкілдері – Ирина Хромачева және Далила Якуповичпен шеберлік байқасты. Бұл бәсеке 6:3, 6:3 есебімен біздің қыздардың пайдасына шешілді. Енді Зарина мен Юлия чехиялық жұп Маркета Вондроушова және Барбора Стрыцовамен күш сынасады. Олар өз кезегінде Канада мен Қытай спортшылары Габриэла Дорбравска және Сюй Ифаньді 6:3, 3:6, 6:3 есебімен сан соқтырған болатын.
Жүлде қоры 42,8 млн. АҚШ долларын құрайтын біріншілік 10 қаңтарда басталған болатын. Жеке сайыста Қазақстан теннисшілері сәтсіз өнер көрсетті. Егер Зарина Диас пен Михаил Кукушкин алғашқы айналымда сүрінсе, Юлия Путинцева екінші кезеңде ұтылды.
Жарыс 26 қаңтарда өз мәресіне жетеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltustik Qazaqstan”.