«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСШЫЛАР РИЗА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын өсіруде. Осылайша, кәсіпорын басшылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында айтылған 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру бастамасын жүзеге асыруда.

Алғашқылардың бірі болып аталмыш бастаманы қолдаған “Блок” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары өз қызметкерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту үшін олардың еңбекақысын көтеру туралы шешім қабылдаған. Нарықта ризолин өнімімен танымал кәсіпорында қазіргі таңда жүзден астам адам жұмыс істейді. Ширек ғасырлық тарихы бар кәсіпорын елімізде жоғары сұранысқа ие электр оқшаулағыш материалдарын шығару өндірісін қолға алып, ісін ілгерілетуде. Жеткен жетістіктерінің нәтижесінде соңғы үш жылда жұмысшыларының жалақысын 30 пайызға арттырған. Серіктестіктің коммерциялық директоры Евгений Высочиннің айтуынша, кәсіпорынды әрі қарай дамыту қызметкерлердің еңбекқорлығына тікелей байланысты.

– Білікті мамандарымызды сақтау – басты мақсаттарымыздың бірі. Қызметкерлердің көбі серіктестік құрылған жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Тапсырыс көбейіп, жоспар орындалса, жұмысшының да табысы молаяды. Жыл сайын 800-900 миллион теңгенің өнімін шығарамыз. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазіргі таңда қызметкерлеріміздің орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта тағы да 10-15 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді серіктестіктің коммерциялық директоры.

Ұжымда жауапкершілігі мол, іскерлігімен және біліктілігімен көзге түсіп жүрген жұмысшылар аз емес. Солардың бірі – формалау цехының бақылаушысы Светлана Слюнько. Нәзік жанның кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл. Өз ісінің білгірі шығарып жатқан дайын материалдың сапасына жауап береді. “Болашағы зор серіктестікте еңбек еткеніме қуаныштымын. Барлық жағдай жасалған. Жалақымыз да уақытында беріліп тұрады. Сыйақылар да көбейді. Елбасының тапсырмасын қолдаған басшыларымызға айтар алғысым шексіз”, – деді ол.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp