«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЮҒА НИЕТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, әріптестік құру ниетімен келген қытайлық инвесторлармен кездесті.

2009 жылы құрылған “Shaanxi Coal and Chemical Industry group Co., LTD” корпорациясы – Орта Азия елдерінде инвестициялық жобаларымен танылған құрылыс компаниялардың бірі. Жалпы 130 мың қызметкері бар 60 кәсіпорынның басын біріктірген алып корпорация бүгіндері минералды тыңайтқыш өндірісімен, жол мен көпір, коммерциялық тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың құрылысымен айналысады.

Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының өкілімен болған кездесу барысында облыс әкімі өңірімізде бизнес жүргізу үшін көмектер қарастырылғанын айтты.

– Ел қамбасына құйылатын алтын дәннің үштен бірін өсіретін Қызылжар өңірінің кез келген инвесторға есігі ашық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инновация, сауда салалары бойынша тиімді байланысты нығайтуға болады. Былтыр Тайынша ауданында инвесторлардың көмегімен майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылса, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бидайды терең өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа біз италиялық, финляндиялық, германиялық және ресейлік компаниялармен бірге жұмыс істейміз. Шетелдік инвесторлар үшін әртүрлі жеңілдіктер бар. Инвестициялық жобаларға мемлекеттің есебінен инфрақұрылым тартылады. Алдағы уақытта Шэньси провинциясымен де ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деп үміттенемін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Сөз алған Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов “Жас өркен” шағынауданында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы қалада 17-18 қабатты тұрғын үй кешендері салынады. Сондай-ақ, жанында дәрігерлерге арналған екі көпқабатты тұрғын үйі бар көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілмек. Осы орайда Марат Иманбайұлы шетелдік инвесторды аталмыш жобаларға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде корпорацияның президенті Джан Гоу Чин Солтүстік Қазақстан облысымен іскерлік қатынас орнатып, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды салуға, жол магистралі сияқты үлкен құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті екендіктерін жеткізді.

– Біз бүгінгі таңда әлемдегі ең үздік 500 компанияның біріміз. 2013 жылдан бері әлемнің 45 елінде 31 филиалымызды аштық. Соңғы екі-үш жылдың ішінде Орта Азия елдері арасында Қырғызстан мен Өзбекстанда, сондай-ақ, Аргентина, АҚШ және Австралия елдерінде мұнай өңдеу және минералды тыңайтқыштар шығару зауыттарының құрылыстарын жүргіздік. Қызылжар өңірінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет танытып отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысы – қаржы салуға, бизнеспен шұғылдануға тиімді өңірлердің бірі. Біз 2019 жылы бірнеше инвестициялық жобаға қатысып, қаржы құюға дайынбыз. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды да қолға аламыз деген ойдамын, – деді Джан Гоу мырза.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp