Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақ ұйымдарын қоғамдағы ықпалды күшке айналдыруға, жұмысын жетілдіруге әрдайым көңіл бөліп келеді. “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында: “Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз”, – деген болатын Елбасы. Тарихи құжатта ел дамуының, қазақстандықтардың əл-ауқатын, тұрмыс жағдайын одан əрі жақсартудың қарышты қадамдары мен стратегиялық бағыттары белгіленген, оларды жұмыла жүзеге асырудың бел ортасында кəсіподақ ұйымдары да бар.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының ХХV съезіне құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы кəсіподақ ұйымдарының түрлі құрылымдарға белсене қатысуының маңыздылығын атап көрсетіп, тиісті билік органдарына əлеуметтік əріптестік жəне əлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу салалары бойынша комиссиялардың жұмысын бірлесе жандандыру міндеттерін жүктеген болатын. Бүгіндері бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек дауларын шешу, еңбекшілердің құқықтарын қорғау, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еңбек қауіпсіздігін жақсарту және қазақстандықтардың әлеуметтік бейімделуі мәселелерінде жұмыс беруші мен еңбекшілер арасында басты медиаторға айналып отыр. Бұл жағдайда кәсіподақтар қызметінің “Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел” басты қағидаты қабылданған болатын. Біздің облыстық кәсіподақтар орталығы өз жұмысын осындай жаңа бағытта құрып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, жерлестеріміздің өмір сүру деңгейін арттыру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелерін шешуге өзінің үлесін қосуда.
Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің кәсіподақтар федерациясының ұсынысымен экономиканың әр саласындағы үздік қызметкерлер марапатталды. Олардың ішінде “Жолдасбай-Агро” агроқұрылымының қызметкері Рауан Бірәлин үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” орденінің иегері атанды. Ол, сондай-ақ, “2018 жылғы кәсіподақтың жаңа тұлғасы” байқауының лауреаты болды. Бұл кәсіпорында 140-тан астам адам еңбек етеді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Былтыр шаруашылық пен кәсіподақ ұйымының қаржысы есебінен 40 кәсіподақ мүшесі Қостанай облысындағы “Сосновый бор” шипажайында денсаулықтарын түзеп келді.
Қазір алпыс мыңға жуық адамның ерік-жігері мен күш-қайратын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мүддеге жұмылдырып отырған облыстық кəсіподақтар орталығында 980 бастауыш кəсіподақ ұйымы тұрақты түрде жұмыс істейді. Былтыр құрамында 6364 мүшесі бар жаңадан 37 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мəдениет жəне спорт, байланыс жəне пошта жүйесі, машина жасау саласы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен еңбеккерлері өз жұмыстарын заң нормалары, еңбек кодексі, екі тараптық келісімдер аясында жүргізе отырып, мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асырылуына, еңбек заңнамаларының сақталуына, толыққанды еңбек ортасының қалыптасуына, материалдық-əлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етуді басты мұрат санайды. Соңғы кездері қоғамдық-əлеуметтік қарым-қатынас бағыттарында қоғамдық бақылау күшейтіліп, түрлі ұсыныс, бастамалар қолдау тауып келеді. Мəселен, жұмыс топтары мен комиссиялар отырыстарында жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс берушілермен еңбек келісімдерін жасау сияқты өзекті мəселелер жан-жақты талқыланып, қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауға алынды.
Өңірімізде әлеуметтік әріптестік жақсы дамып келеді. Соның нәтижесінде облыстық әкімдік, кәсіподақ орталығы мен кәсіпкерлер палатасы арасында 2018-2020 жылдарға арналған келісімшарт жасалды. Келісімшартты дайындау барысында кәсіподақ ұйымдары он үш түзету енгізді және олар қабылданды. Бұл түзетулердің ішінде өндірістік сала кәсіпорындарында жалақыға міндетті түрде индекстеу жүргізу, орташа айлық еңбекақы деңгейін көтеретін сыйлық беру жүйесін енгізу, өндірісте бекітілген еңбек режімінде ауытқу болғанда жалақы төлеу, еңбекшілердің мүддесін қорғау және т.б. болды. Біздің орталық өңіріміздегі салалық кәсіподақ кеңестерімен тығыз байланыс орнатқан. Орталықтың өкілдері олардың есеп беру-сайлау конференцияларына қатысады, бастауыш ұйымдарында болады, “Еңбек келісімшартын” жасайық” республикалық акциясын бірлесіп өткізеді. Облыстық кәсіподақ орталығының мамандары ұжымдық келісімшартты дайындауға жүйелі түрде көмек көрсетеді.
Кəсіподақ ұйымдарының өндірістік кеңестер құру, сол арқылы жұмыс учаскелерінде еңбек тəртібі мен қауіпсіздігін реттеу, қамтамасыз ету ұсынысы қолдау тауып, тұрақты қоғамдық бақылауды 923 техникалық инспектор мен 768 өндірістік кеңес жүзеге асырады. Бұдан басқа “Еңбек қауіпсіздігі” бағдарламасы қабылданып, практикалық шаралар ретінде көрініс тапты. Кəсіпорындарда жұмысшы-қызметкерлердің қалыпты еңбек етуіне мүмкіндік тудырып, өмірі мен денсаулығын көздің қарашығындай сақтау бұлжымас талаптардың бірі болып саналады. Осы себепті, меншік формасына жəне ұйымдық-құқықтық құрылымына қарамастан кез келген өндірістік нысандардағы жағдаймен танысу, рейдтер жасау, кемшіліктер орын алған кезде шұғыл түзету, оны алдағы кезеңде болдырмау, еңбек заңдарын түсіндіру шаралары жеміссіз емес. Еңбек күнінің орташа ұзақтығы, қосымша əлеуметтік пакеттер, сапалы демалыс кепілдігі, жұмыс берушінің есебінен еңбеккердің кəсіби шеберлігін жетілдіру, жұмыс күшінің ішкі нарығын қорғау секілді аса маңызды өлшемдер ұжымдық келісімшарттарға енгізіліп, өмір сапасы басты назарға алынған.
Өңірде аумақтық-салалық кəсіподақтармен əріптестік байланысты кеңінен өрістету тəжірибесі қалыптасқан. Олардың өкілдері қоғамдық қабылдау, “Ашық есік күндеріне” жүйелі түрде қатысады. Сөйтіп, орын алған түрлі еңбек дауларының ойдағыдай шешілуіне, өтініш-тілектердің орындалуына ұйытқы болып жүр. Кəсіподақ орталығы жұмысының тиімділігін арттырудың жолдары сан алуан. Солардың бірі – əлеуметтік əріптестік көкжиегін кеңейту. 2018 жылы өңірімізде 4581 ұжымдық келісімшарт жасалды, бұл барлық кәсіпорындардың 80,3 пайызы, олардың санының да, сапасының да артқаны байқалады. Кәсіподақ ұйымдары құрылған кәсіпорындардың барлығында ұжымдық келісімшарт жасалған. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық әкімдіктегі жиналыста кəсіподақ ұйымдары құрылған өндіріс орындарында бұл көрсеткішті жүз пайызға жеткізу міндетін, əсіресе, еңбекақыны көбейту мəселесін басты назарда ұстауды тапсырған болатын.
Қазақстан Республикасы кәсіподақ федерациясының бастамасымен бітімгершілік рәсімі шеңберінде еңбек даулары мен қақтығыстарын шешуді облыстық кәсіподақтар орталығы басты назарда ұстайды. Былтыр облыстық сот пен облыстық кәсіподақ орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл меморандумды жүзеге асыру арқылы сот және құқық қорғау органдарына арыз-шағым түсірместен даулы мәселелерді шешуге бағытталған жаңа көзқарас азаматтық қоғамды дамытуға айтарлықтай үлес болмақ. Осы меморандум аясында облыстық кәсіподақтар орталығында ашылған “Татуласу орталығы” кабинетінде алты жүзге жуық адам қатысқан 14 іс-шара ұйымдастырылды, келушілерге құқықтық ақыл-кеңес берілді. “Сотқа дейін және соттағы татуласу” тақырыбында өткен “дөңгелек үстел” барысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының өкілдері орталықтың жұмысына жоғары бағасын берді. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “С.М.Киров атындағы зауыт”, “СҚРЭК” акционерлік қоғамдары, Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесі және басқа да ірі кәсіпорындардың бастауыш кәсіподақ ұйымдары негізінде осындай татуластыру кеңселері жұмыс істейді. Олардың мақсаты – еңбек қатынастарына байланысты туындаған дау-дамайларды бейбіт жолмен, түсіністікпен бірлесіп шешу болып табылады. Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы және басқа да аудандарда өткен көшпелі мəжілістер оның өміршең дəстүр екенін көрсетіп берді.
Былтыр облыстық кәсіподақтар орталығында ақсақалдар кеңесі құрылды. Бұл қоғамдық құрылымға өмір тәжірибесі мол, басшы қызметтер атқарған адамдар мүше болып табылады. Ақсақалдар кеңесінде кәсіподақ қызметінің, сондай-ақ, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің қоғамдық-саяси мәселелері талқыланады.
Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында биыл “Жастар жылы” болып жарияланғаны айтылған. Бұл бағытта атқарылуы тиіс іс-шаралардың жоспары жасалған. Өңіріміздегі кәсіподақ ұйымдары жастар арасындағы жұмыстарды жандандыруы тиіс. Үстіміздегі жылы арнаулы орта білім мекемесі негізінде ауылдық жұмысшы жастар форумын өткізу ойымызда бар. Онда ауыл жастарының өзекті мәселелері кеңінен талқыланбақ.
Өңірге келген жұмыс сапарында Қазақстан кəсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Əбдірайым қордаланған əлеуметтік мəселелерді байыптылықпен шешудің бірқатар жолын ұсынып, экономика саласында жалақының төмендігін, кейбір кəсіпорындардың толық қуатында жұмыс істемейтінін, санаторий, демалыс базаларының жеткіліксіздігін атап көрсеткен еді. Қол жеткенге тоқмейілсу – солтүстікқазақстандық кəсіподақ мүшелеріне жат құбылыс. Елбасының Жолдауында ұсынған қоғамдық жаңғыртуларға үн қосып қана қоймай, нақты істер арқылы үлгі көрсету абзал борышымыз болып қала бермек.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.