Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті өткен жылы 75 заң бұзушылық фактісін әшкерелеген. Бұл 2017 жылғы көрсеткішке қарағанда екі есе көп. Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында ведомство басшысы Асхат Жұмағали лауазымды тұлғалардың қатысуымен орын алған қылмыстық оқиғаларға шолу жасады.
Мамлют, Тайынша аудандарының бұрынғы әкімдерінің, сондай-ақ, Петропавл қаласы мен облыс әкімдігінің бірқатар мемлекеттік қызметшілерінің былтыр әшкереленген пара алу және қаржылық алаяқтық әрекеттері билік органдарында сыбайлас жемқорлықтың әлі де орын алып отырғанын көрсетті.
– Өткен жылы 63 істі аяқтап, сотқа жібердік. Олардың арасында облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Абылаевқа қатысты іс бар. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында қылмыстық әрекеттерге барған шенеунік қалтасына мыңдаған доллар қаражат басып үлгерген. Оның көмегіне, тіпті, Астана, Ақтау, Шымкент қалаларының азаматтары да жүгінген, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали.
Қара басының қамын ойлап, абыройына кір келтірген Мұрат Абылаев сегіз жылға бас бостандығынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған 35 лауазымды тұлғаның 14-і әкімдік қызметшілері екен. Бірнеше жыл қатарынан әкімдіктегілер сыбайлас жемқорлыққа ең бейім мемлекеттік қызметшілер болып отыр.
Есесіне мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру ісінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненконың айтуынша, былтыр мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу көрсеткіші 80 пайыздан асқан. Облыс орталығында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламалары аясында цифрлық ХҚКО мен бірнеше жобалық кеңселер жұмысын бастап отыр. Есепті кезеңде департамент мамандары өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған бір мыңнан астам іс-шара өткізген.
Соңғы он бес жылда облысымызда еңбек ететін жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 25 пайызға артқан. Мемлекеттік қызметшілер арасында “Болашақ” бағдарламасы мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының отыз шақты түлегі бар. Жергілікті атқарушы органдардағы бос лауазымдардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 23 бірлікке азайып, мансабы өскен мемлекеттік қызметшілердің үлесі 79 пайызды құраған.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.