“Sensitive” ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық би байқауында бас жүлдеге және үш бірінші орынға ие болды.
Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Түркия, Италия, Ресей, Қырғызстан мен Қазақстанның өнерлі өрендері бақ сынасқан байқауға 400-ге жуық өнерпаз қатысты. Еуропалық жанрдағы заманауи хореография, латынамерикалық бағдарлама мен “Танго”, “Ча-ча-ча” билерін ұсынған жерлестеріміздің өнері қазылар алқасының көңілінен шыққан.
– Бұл додаға “Sensitive” би ұжымының ересектер тобы қатысты. Жеңіске жетуге ұмтылған балалардың қуанышында шек жоқ. Әлемнің әр елінен келген қатысушылар кіл мықтылар екен. Төрт жүзге жуық өнерпаздың арасынан суырылып шығу оңай болмады. Тіпті, жүлде бұйырғанын естігенде көзімізге еріксіз жас келді. Облысымыздың ғана емес, еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну үшін өнерпаздар барын салды. Бізге қолдау білдірген “Нұр Отан” партиясы мен жергілікті атқарушы билікке айтар алғысымыз шексіз, – деген топтың көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова ел сенімін ақтаған өрендер Дубай шаһарының әсем табиғаты мен көз тоймайтын көрікті жерлерін аралап, керемет әсерге бөленгенін айтты.
Барша әлемге танылған би ұжымы арнайы дипломмен марапатталып, Мальдив аралында демалуға жолдамаға ие болды. Топ жетекшісінің айтуынша, ансамбль енді көктемде Алматы қаласында өтетін би байқауына қатысуды жоспарлап отыр.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltustik Qazaqstan”.