«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ — ТАБЫС КІЛТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары мен сарапшылары солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен сала мамандары үшін аграрлық секторды цифрландыру бойынша білім жетілдіру семинарын өткізді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін талапқа сай игеру – табысты ұлғайтудың бірден-бір жолы. Былтыр еліміздің солтүстік өңірлерінің тоғыз шаруа қожалығы қанатқақты жоба ретінде ІТ-технологияларды қолдану арқылы дәлме-дәл егіншілік жүйесін енгізген. Осы шаруашылықтарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Қазақ агротехникалық университетінің мамандары серіктестіктердің бірінде аздаған уақыт ішінде жоғары сұрыпты бидай алқаптарының гектарынан 50 центнерге дейін өнім алынғанын айтты. Бұл бұрынғы көрсеткіштен төрт есе көп.

Елімізде дәлме-дәл егіншілік жайында осыдан он жыл бұрын айтыла бастады. Дегенмен, астық өсіруге жұмсалатын шығынды қысқарта отырып, түсімін арттыруға, сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы мамандардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін инновациялық жүйені енгізу қарқыны әлі де баяу.

Қазақстан бойынша агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылатын ҚазАТУ мамандары еліміздің солтүстігіндегі төрт астықты өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін цифрлық басқарудың қыр-сырын үйретуге арналған семинарлар өткізуді міндетіне алып отыр.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен алғашқы семинарға бір жүзден астам аграрлық сала маманы мен жоғары оқу орнының агротехникалық факультетінің студенттері, магистранттары қатысты. ҚазАТУ проректоры Қайрат Айтуғанов бастаған топ қатысушыларға фермерлік шаруашылықтың заманауи негіздері, геоақпараттық жүйе технологиясы, фитосанитариялық қауіпсіздік, агрохимиялық және топырақ карталарын жасау туралы мәліметтер берді.

– Біздің университет мамандары “Петерфельд-АГРО” және “Шағала-АГРО” агроқұрылымдарында дәлме-дәл егіншілік жүргізудің тиімділігін анықтау жұмыстарына қатысты. Биыл Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында да осындай ауқымды іске кіріспекпіз. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі қажетті қаражатты бөліп отыр. 2020 жылы біз он мың гектар жердің өнімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Кейін тәжірибе облыстың өзге шаруашылықтарына ұсынылатын болады, – деді ҚазАТУ проректоры.

Қайрат Айтуғанов егістік алқаптарының әрбір гектарын зерттеп, топырақ жағдайын білмейінше өнім көлемін арттыруға ұмтылу бос әуре екенін айтты.

– Еліміздегі егістік алқаптарының жағдайы мәз емес. Мұны біле тұра, шаруашылық иелері топырақты тыңайтуда, зиянкестермен күресте жыл сайын үйреншікті тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмектерді қолдана береді. Топырақ құрамында қай заттың жетіспейтінін, астық өнімдерінің қандай ауруларға бейім екенін есепке алушылар аз. Егіншілік саласында әр нәрсенің орынды қолданылғаны жөн. Дәлмедәл егіншілік жүйесі алдымен топырақ біркелкілігі мен өсімдіктер жағдайын, зиянкес шөптердің жайылуын қадағалап отыру үшін маңызды, – деді ол.

Бүгіндері Ауыл шаруашылығы министрлігінің геоақпараттық жүйесі алқаптарды жерсерік арқылы бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл химиялық тыңайтқыштар мен жанар-жағармайды үнемдейді. Сондай-ақ, еңбекке кететін шығынды қысқартады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp