“Ұрлық түбі – қорлық” екенін ескере бермейтіндер бар. Жүк көліктерінің аккумуляторларын ұрлауды кәсіп қылған облыс орталығының үш тұрғыны мұндай бассыздықтың соңы жақсылыққа әкелмейтінін ойламаған сыңайлы.
Тепсе темір үзетін жас жігіттердің жеңіл жолмен ақша табуға үйірсектік танытуы ақылға қонбайды. Олар Петропавл қаласындағы жекеменшік кәсіпорын ауласынан бірнеше көліктің аккумуляторын қолды қылған. Одан келген шығын көлемі 500 мың теңге.
Бұл қылмысты ашу Петропавл қалалық полиция басқармасының 1-ші бөлімінің қызметкерлеріне жүктелген екен. Қырағы сақшыларға бұған дейін де мүлік ұрлау қылмысы бойынша істі болған азаматтардың ізіне түсу қиындық тудырған жоқ. Бүгінгі күні ұрланған заттар иесіне қайтарылды.