«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жанындағыларды үнемі жақсылығымен, жайсаң мінезімен, жылы сөзімен жарылқап, шапағатына бөлеп жүретін адамдар болады. Олар ешкімді бөле-жармайды, алаламайды, жалғандыққа жаны қас, бір істің ақиқатына сөзі жетсе, сол үшін қасқайып күреседі. “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” дегендей, көпке жанашыр табиғаты тағы бар. Мен әңгіме еткелі отырған кейіпкер, міне, осындай азамат.

Саналы ғұмырын ұлағатты ұстаздыққа арнап, талай шәкірттің қияға қанат сермеуіне жол сілтеген Қасым Нұрғалиевті жерлестері, ең алдымен, өз мамандығының нағыз майталманы ғана емес, жүрегі даладай кең адам ретінде таниды, құрметтейді. Сондықтан да болар өзі дүниеге келіп, білімі мен тәжірибесін, өнері мен қабілетін сарқып беріп келе жатқан Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылының тұрғындары ол туралы: “Әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, айналада болып жатқан сан қилы құбылыстарды түсінуге себепкер болған, жан дүниеңе күн нұрындай шуақ түсіріп, биіктерге жетелеп, болашаққа бағыт көрсеткен жан. Қасекеңнің жан жылуын сезінбеген, мейірбан жүрегінің ізгілігіне бөленбеген адам кемде-кем”, – деп баға берулері бекер емес. Өйткені, Қасым Нұрғалиұлы – парасатпен өрілген өз өмір жолының сәулетшісіне айналған тұлға. Бала жанының бағбаны бола білген ұлағатты ұстаз бүгінде зейнет жасына толып отыр. Осы ретте оқырмандарға ол кісінің өнегелі өмір жолы туралы аз-кем ақпарат бере кетудің артықтығы болмас.

Қасым Нұрғалиұлы 1991 жылы Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетіне оқуға түсіп, сол жылы Дәуқара орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Өзінің педагогикалық жолын ауыл мектебінен бастаған ол осы жылдар бедерінде талай шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық біліктілік пен ізденімпаздықты аңғаруға болады. Қандай ортада болмасын терең білімімен, аңғал пейілімен адамды өзіне баурап алатын қасиеті бір төбе.

Қасекең – өзінің байсалды, сабырлы мінезімен, әсерлі жұмсақ үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзімен әрбір оқушысының жүрегіне жол таба білген ұстаз. 1993 жылдан бастап ол мектепте талапты өрендерді халқымыздың шешендік, ақындық өнеріне баулу мақсатында жас ақындар мектебін ашты.

“Ұстазына қарап, шәкіртін таны” дегендей, Қасым Нұрғалиұлының ұстаздық жолында алдынан талай шәкірт үлкен өмірге қанат қақты. Солардың біразы бүгінде өлең өлкесінде қалам тербеп жүрсе, енді біреулері өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет атқарып келеді. Руслан Дөкетбаев – мемлекеттік “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша қазіргі кезде аудан орталығындағы іргелі білім ордаларының бірі – Саумалкөл қазақ орта мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттерін ақындық өнерге баулуда. Есімі жырсүйер қауымға жақсы танылып келе жатқан айтыс ақыны Мұхаммед Қоңқаев та – талай аламанда орақ тілімен, өткір сөзімен алдына жан салмай, ешкімге дес бермей келе жатқан жастардың бірі. Ол бүгінде Көкен Шәкеев атындағы Ақмола облыстық ақындар мектебінің жетекшісі болып қызмет атқарып, болашақ ақындарды тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосып отыр. Ал Дәулет Құрмаш болса, ағаларының ізін басып, оқушылар арасында өткен ақындар айтысында жеңімпаз атанып, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің грантын иеленді. Қазіргі кезде аталмыш жоғары оқу орнының бірінші курс студенті. Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде “Жарқын болашақ” олимпиадасы мен “Мағжан оқулары” байқауының республикалық кезеңдерінде І орынға ие болды. Сәуле Мәжікеева, Гүлдәрия Сабырова, Ажар Ақжігітовалар да талай білім сайыстарында жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Заманбек Әлібеков те жоғарыда есімдері аталған аға-апаларының жолын қуып, мектеп абыройын асқақтатуда. Қасым Нұрғалиұлынан тәлім алған шәкірттер бұлармен шектелмейді. Еліміздің жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім грантына ие болғандары қаншама?

Қасекеңнің өзі де Қожаберген жырау, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов сынды асылдарымыздың мерейтойларына арнап өткізілген ақындар мүшәйраларына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Ол білім беру саласына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. 2012 жылы облыс мұғалімдерінің арасында өткен байқауда “Үздік педагог”, 2013 жылы облыстың “Ең үздік мұғалімі” атанды. Жас ұрпақ тәрбиелеудегі көп жылғы ерен еңбегі үшін 2014 жылы оның кеудесіне “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісі тағылды. Есімі Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясына және “Қазақстан Республикасының үздік мұғалімдері” кітабына енді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен әдістемелік кітаптары басылып, облыс ұстаздарына жол тартты. Аудандық және облыстық баспасөз беттерінде Қасым Нұрғалиұлының мақалалары мен өлең-жырлары үнемі жарияланып тұрады. Сонымен қатар оның қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің нағыз жанашыры екенін айта кеткен жөн.

Қасекең – адамның дарынын, бойындағы адами қасиеттерін атақ-даңқпен, мансаппен өлшемейтін жан. Әңгіме арасында адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз деп сұрағанымызда ол: “Шыншыл әрі адал жандарды құрметтеймін. Ондай адамдар, қиналғанда үнемі қасыңнан табылады, жаның жараланғанда қолтығыңнан демейді”, – деп жауап берді.

Бағлан ҚОЖАҚОВ. Айыртау ауданы.

Мағжанның монологы

Сыбыс жетті, “Кешікпей атады екен”,

Қош бол енді, ағайын, атамекен!

Халқын сүйген ұлтжанды азаматқа,

“Халық жауы” деген сөз батады екен.

 

Тұз сепкендей сыздайды жараларым,

Тыныштықты қайткенде таба аламын?

Тіршіліктің тозағын тәрк еттім,

Тез келсе екен қинамай “жан”аларым”.

 

Кім түсінсін, кім ұқсын ақын жанды,

Бәрі дұрыс оларға, бәрі заңды.

Барлық кінәм – жырламай кедей табын,

Мадақтаппын “күні өткен” батырларды.

Жыр толғамай партия, Кеңес жайлы,

Жақсы көрген жайым бар болыс, байды.

Сталиндей көсемді мақтан тұтпай,

Дәріптеппін “қанішер Абылайды”.

 

Және улаппын ұлтымның санасын көп,

“Данышпансың, ұлысың, дарасың” деп.

Есім кетіп, есіріп, егіліппін,

“Пайғамбарым, Құраным, Алашым” деп.

 

Жан екенмін жаны жат, басқа ұғымды,

Жаулық іске арнаппын жас ғұмырды.

Жаңа заман талабын көзге ілмей,

Аңсайды екем ескілік дәстүрімді.

Сол себепті айтуға кескен үкім,

Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін.

Көшін жолға қалдырған керуеншідей,

Қалай өлем ақтамай ел үмітін?

 

Сол Қорқытым – бүгінгі өзім бе еді?

Жеткізгендей осыған көзім мені.

Бастау алған тереңнен қайнар едім,

Сарқылтты ғой сары уайым, төзім мені.

 

Жабыққанда дем берер жанашыр кім?

Жолбарыстай тордағы аласұрдым.

Ассын мейлі, болмаса атсын мейлі,

Мен болайын құрбаны Алашымның!

Айыртау

Айыртау қасиетті мекен еді,

Қандай жер оған, сірә, жетер еді?!

Сері Ақан ғұмыр кешкен бұл өлкенің,

Әр тасы шежіре-сыр шертер еді.

 

Бұл өңір – жыр отына балқыған жер,

Қиял құс шабыт тілеп қалқыған жер.

Күй туып Құлагердің дүбірінен,

Ақанның асқақ әні шалқыған жер.

 

Бұл мекен – ән Тәңірі таңдаған жер,

Көкжендет көлбей ұшып самғаған жер.

Кеудесін сері Ақанның шаттық кернеп,

Әсем ән Ақтоқтыға арнаған жер.

 

Талай ән сері айтқан бізге жеткен,

Жүрекке махаббаттың нұрын сепкен.

Ғашық боп Жамал қызға енді бірде,

Білдірген іңкәрлігін «Сырымбетпен».

 

Бұл өңір – ғазиз жүрек тоқтаған жер,

Ай қалғып, жұлдыз жусап, соқпаған жел.

Айырылып серісінен қазақ жұрты,

Көз жасы көл-көсір боп жоқтаған жер.

 

Айыртау – жерұйық бір мекен еді,

Жанымды жас баладай жетеледі.

Ақтарсам жүрегімнен шежіре-сыр,

Бір емес, мың дастанға жетер еді.

Қасым Нұрғалиев

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp