Облыс орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде Өзбекстан республикасының бес азаматы заңсыз жолмен нәпақа тауып келген. Шетелдіктер жеке мақсаттарын желеу қылып, Қазақстан аумағына енген соң, көп ұзамай түпкі ойларын жүзеге асырған. Мигранттардың ел заңын өрескел бұзғанын көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері жедел-алдын алу шарасы кезінде анықтап, оларды әкімшілік қамауға алды.
“Мигрант” жедел-алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары құрылыс нысандарымен қатар, базарлар мен сапаржайларды тексерген болатын. Бес күндік рейд аясында көші-қон заңын бұзудың 259 фактісі анықталып, 16 шетелдік ел аумағынан шығарылды.
Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, өткен жылы ұйымдастырылған алдын алу шаралары кезінде 3 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың шешімімен 189 адам елден шығарылған. Былтырғы жылы мемлекеттік шекараны заңсыз жолмен кесу, ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамау және заңсыз көшіп-қону бойынша 44 қылмыстық іс қозғалды.
Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.