«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПТІ ДЕРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұрғындардың денсаулығын жақсарту, ауруларды ерте анықтау үшін елімізде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – скринингтік тексерулер. Дәстүрлі үрдіс биыл да жалғасын табуда.

Өңірімізде қаңтардың 21-інде бастау алған жатыр мойны обырының алдын алу апталығына орай облыстық онкологиялық диспансерде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

– Обыр дертінің алдын алу – өзекті мәселе. Әйелдерде кездесетін аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі мен жатыр мойны обыры екінші орында тұр. Кейбір нәзік жандар ауруханаға келіп, дәрігерге қаралуға уақыт таппай жатады. Ал оның нәтижесі қауіпті аурулардың таралуына әкеп соғады. Дер кезінде анықталмаған аурумен күресу қиын. Кеселді ерте кезеңде анықтау мақсатында ауқымды шаралар жүргізілуде, – деді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олег Дудяк.

Шараға қатысқан №3 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова тіркеу орны бойынша есепте тұрған адамдарды скринингтік тексерулерден өткізудің шартымен таныстырды. Тұрғындар арасында медициналық тексеру туралы хабарлама таратып, оларды емханаға шақыру міндеті әлеуметтік қызметкерлер мен учаскелік қызмет көрсету мамандарына жүктелген.

Әлия Жақсылыққызы обыр дертіне шалдыққан тұрғындарға медициналық көмек тегін көрсетілсе де, барлық шығын мемлекет есебінен өтелетінін айтып, әйелдерді өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Ол скринингтік тексерудің бір ғана сараптамалық қорытындысы үшін мемлекет тарапынан 3721 теңге бөлінетінін еске салып, бұл мәселеге атүсті қарамауға кеңес берді. Сондықтан төрт жылда бір рет өтетін медициналық бақылауға ерекше назар аударған жөн. Отырыста аталмыш емханада тіркеу орны бойынша есепте тұрған тұрғындарға мобильдік байланыс арқылы аурудың алдын алу үшін тексерудің уақыты мен күні белгіленген қосымша sms-хабарлама жіберу көзделіп отырғаны айтылды. Бұл орайда жұмыс күндері дәрігерге қаралуға мүмкіндігі болмаған әйелдер сенбі күндері де емханаларда кезекшілік атқаратын мамандардың көмегіне жүгіне алады.

Облыста 2018 жылы жатыр мойны ісігі бойынша 34913 әйел тексеруден өткен. Бұл 30-дан 70 жас аралығындағы нәзік жандардың жалпы санының 93 пайызын құрайды. Оның нәтижесінде 716 адамда ауру анықталып, 673-і диспансерлік есепке алынған. 15 адамда жатыр мойны ісігінің алғашқы кезеңі, екеуінде екінші кезең анықталған. Ал қауіпті дерттің соңғы сатылары тіркелмеген. Бұл жүргізілген скринингтердің оң нәтижесі деуге болады. Ал жатыр мойны обырының алдын алу апталығы аясында облыстық онкологиялық диспансерде 26 қаңтарда “Ашық есік күні” өтеді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp